№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫ – ЖАСАМПАЗ ИДЕЯЛАР КЕШЕНІ

ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫ – ЖАСАМПАЗ ИДЕЯЛАР КЕШЕНІ




Астана қаласы. 2018 жыл. 15-қыркүйек. Сыр өңірінің журналистері Елорда төрінде әріптестермен тәжірибе алмасып, шаһардың көрікті нысандарын араладық. Әсіресе, бізді қызықтырғаны көздің қарашығына ұқсайтын ғимарат. Бұл – Елбасының кітапханасы. Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың ақпараттық-идеологиялық кешені. Бүгінде «Назарбаев орталығы» деп аталып кеткен еңселі ғимарат алыстан менмұндалап тұр. Биікке зер салған көз жанары пішіні іспеттес жобаның авторы – британдық сәулетші Норман Фостер. Озық технологияға негізделіп салынған Орталық; кітапхананың, архивтің, музейдің, талдау, мәдени-білім беру және ғылыми-зерттеу орталығының қызметін атқарады. Тұңғыш Президент күні қарсаңында «Назарбаев орталығынан» көрген құнды мәліметтерді тарқата айтсақ.

ЕЛБАСЫНЫҢ КІТАПХАНАСЫ

Шатыры шыныдан жасалған ғимаратқа енген бойда, керемет қайталанбас туын­дының келбеті Тәуелсіз Қазақстанның күш-қуатын сипаттап тұрғандай күй кеш­тік. Ә-дегеннен орталық экскурсоводы Ботагөз Аяпбергенова Прзеиденттің жеке кі­тапханасына бастап барды. Мұнда әр жылдары Н.Назарбаевқа сыйға берілген және Елбасының 1960 жылдан бастап жинақтаған жеке кітапханасы қорындағы кітаптар мен басылымдар бар екен. Оның өзі үш галереядан жасақталған. Әуел­ыгісінде, жаһан көшбасшылары мен әлемдік танымал тұлғалардың, қо­ғам қайраткерлерінің Президентке сый­ла­ған кітаптарын көрдік. Мәселен, кітапхана қорындағы ең сирек кездесетін, коллекциялық көне басылымдар арасында Мемлекет басшысына Миландағы Амбро­зиан кітапханасы тарту еткен Леонардо да Винчидің сызбалары бар альбом, қазақстандық ғарышкер Т.Мұсабаев сый­­лаған ғарыш айлағында болған Қа­сиетті Құран кітабы, Ресей императоры Александар ІІ-кітапханасында сақталған Ф.Шлоссердің «Всемирная история» кітабы бар.
Кітапхананың келесі галереясы «Тәуел­сіз Қазақстан» деп аталады екен. Бұл жерде ел тарихынан сыр шертетін дү­ние­лер, әлеуметтік-саяси тақырыптағы еңбектер мен Ұлт Көшбасшысының өзі жазған кітаптары тұр. Әрине, бізді де қызықтырғаны «Елбасы қай ақын жазушылардың кітаптарын оқиды екен?» деген сауал. Сөреге көз салып жүріп, Абай Құнанбаев, Мұхтар Әуезов, Әбіш Кекілбаевтың шығармаларын көрдік. Байқағаным, кейбір кітаптарды мұқият оқығаны соншалық, өзіне ұнаған тұстарын астын сызып, белгілеп қойыпты. Сары түсті маркермен ерекшеленіп сызылған қатарларды оқып отырып, салмақты ой, парасатты пікір пайымдадық. Айтқандай, қаз-қатар сөрелерді аралап жүріп, Сыр өңірінің тумасы, халық ақыны Тұрмағамбет Ізтілеуұлының 1936 жылғы қолжазбасын көзім шалды. Сыр шайыры бұл дастанды «Шахнаманың» ізімен жырлапты. Құнды қолжазбаны Президент кітапханасына Қызылорда облысының әкімдігі сыйға тартыпты. Одан әрі әлем әдебиетіне қатысты шығармалардың барлығы қордың үшінші бөліміне қойылыпты.


ПРЕЗИДЕНТТІҢ ЖЕКЕ АРХИВІ

Мұнда Елбасының мемлекеттік және қоғамдық қыз­метіне байланысты 130 мыңнан астам архив құжаттары, бірегей өмірбаяндық, шығармашылық материалдар сақ­талыпты. Мемлекет басшысының жеке сипаттағы құ­жаттары аса құндылығымен ерекшеленеді: үлгерім табелі, куәлік, құрмет грамотасы, мандаттары, депутаттық би­леттері, ата-аналарының құжаттары қойылған. Орталық экскурсоводы Ботагөз Аяпбергенова әрбір құжаттың тарихына тоқталып, тәптіштеп түсіндіріп берді. Бүгінге дейін сақ­талған оқу үлгерімі бойынша табельде Нұрсұлтан Назарбаевтың барлық сабақты бестік бағаға оқығанын байқадық. Тек бір ғана сабақтан төрттік баға алған екен.
Құнды құжаттарға үңіліп жүріп, Елбасының жазушы Әзілхан Нұршайықовқа арнаған бір беттік хатына көзім түсті. Ерінбей қойын дәптеріме түртіп алдым. Онда былай делініпті:
«Құрметті Әзеке! 1991 жылы Тұңғыш Президент сай­лауынан кейінгі кездесуде Х.Ерғалиевпен бірге маған баталарыңызды беріп, ақылдарыңызды айтып едіңіздер. Бәрі де есімде. Содан бері тәуелсіздікті нығайтып, Қазақстанды мемлекет ету жолындағы менің істеген еңбегімді әрдайым қолдап келесіз. Маған хат жазып ойыңызды ортаға салып, елдегі болып жатқан өзгерістерге оң пікіріңізді айтып жүресіз. Сондықтан да мен сізге әр кезде зор ризамын. 5/І болған кездесуде «Махаббат, қызық мол жылдарды», «Халиманы» сыйға тарттыңыз. Біріншісін бұрын оқыған едім, екіншісін қолыма алған бойдан бас көтермей оқып шықтым. Тәлім-тағылымы мол, керемет шығарма екен. Дәл қазіргі заманда жастар көбірек оқитын хикая. Сіздің шығармаларыңыз, ойларыңыз – ел қазынасы, өміріңіз – үлгі! Аман-сау болыңыз, Әз-аға!». Бұл хат 2003 жылы жазылыпты.

ОРТАЛЫҚТЫҢ ЭКСПОЗИЦИЯЛЫҚ-КӨРМЕЛІК ҚЫЗМЕТІ

Нағыз көз жауын аларлық қайталанбас коллекциялар осы жерде. Бірінші кезекте, «Шахматтар патшалығы» деп аталатын қатарға қадам бастық. Ә-дегеннен қазақы нақыштағы ұлттық киімдерді киген хан-билердің кейпінде жасалған шахмат тақтасына көз түсті. Астыңғы жағында шахматтан әлем чемпионы А.Карповтың қолтаңбасы қойылыпты. Бұл Елбасына 1995 жылы А.Карповтың атынан сыйға тартылған. Екінші «Сяньци» деп аталатын Қытай шахматы. Нефрит асыл тасынан, шыны мен ағаштан жасалған құнды шахмат тақтасы 2006 жылы сыйға берілген. Ал, «Стаунтон» шахматы нағыз қолөнер туындысы дерсің, Жаңғақ ағашы мен алтыннан жасалып, жадеит, кохолонг асыл тастарымен безендірілген. Мұны Армения президенті Серж Саргсян 2010 жылы Елбасына тарту етіпті.
Шыны керек, көрмеге 400-ден астам экспонат қойылған. Оның қатарына Президент өзі қолданған заттар, шетелге сапары барысында сыйланған бұйымдар, тарихи раритеттер кіреді. Әсіресе, Сауд Арабиясының королі Фахд бин Әбдел Әзиз әл-Саудтың Мемлекет басшысына берген тарту-таралғысы – көрмедегі құнды тарту-таралғының бірегейі. Қасиетті Қағба мен Әл-Харам мешітінің макетін Нұрсұлтан Әбішұлы 1994 жылы қыркүйекте Сауд Арабиясына жасаған алғашқы сапарынды қабыл алыпты. Осы тұста, Орталық экскурсоводы Марал Ахметова мынадай қызықты оқиғаны баяндады:
«Негізі Араб королімен кездесу жарты сағатқа ғана жоспарланған. Алайда әңгіменің әсерлі болғаны соншалық жарты сағаттық кездесу екі сағатқа созылып, Елбасы Қағбаның ішіне кіру құрметіне ие болған. Жалпы тарих беттерін парақтап қарасақ, тәуелсіздікке дейін қазақтардың арасынан қасиетті Қағбаға кіру бақыты ешкімге бұйырмапты. Мұндай мүмкіндік ел болып, егемендік алғаннан кейін еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа бұйырған. Оған қоса, Мәдина шаһарындағы Мұхаммед Пайғамбар жерленген мешітке кірген. Сол кезде қалада сирек кездесетін құбылыс орын алған. Мәдинаға үш ай бойы жаумаған жаңбыр, Елбасы сапарында жауған. Арабтар мұны ерекше жағдайға балап, айрықша құрмет көрсеткен».

«ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ОЛИМПИАДАЛЫҚ ҚОЗҒАЛЫС»

Бірінші қабатта орналасқан көрменің материалдары спорт саласындағы мемлекеттік саясаттың негіздері, Қазақстан Респбуликасы Ұлттық Олимпиада Комитетінің құрылу тарихы мен қызметіне арналған. Экспозицияда әр жылдардағы олимпиадалық чемпиондардың спорттық кубоктары мен жеке тұтынған заттары қойылған. Оның ішінде, Геннадий Головкиннің төрт бірдей чемпиондық белбеуі орын алған. Сондай-ақ қысқы Олимпиада ойын­дарының қола жүлдегері Денис Теннің, жазғы олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновтің, олимпиада чемпионы, велошабандоз Александр Винокуровтың сыйлаған жей­делері мен жеке заттары қойылған.
Иә, уақыт өткен сайын көрме қоры жаңа экспонаттармен толығып тұратыны сөзсіз. Біз тек, Елбасы кітапханасынан көрген дүниенің бір бөлігін ғана жаздық.
Түйіндей айтқанда, Президенттік кітапханада жинақ­талған зияткерлік капитал мемлекетті басқару ісі жөнінен елдің келешек басшылары мен саяси қайраткерлері үшін бағдарламалық өсиетке айналары айқын. Осы үздік тәжірибе – Елбасы кітапханасын жасақтаудың басты себебі деп білеміз.


Әбдісамат ӘБДІШ.
30 қараша 2018 ж. 1 723 0