№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Әлдігіңе сенбе, әділдігіңе сен

Әлдігіңе сенбе, әділдігіңе сен

Арыңды сатып тапқан мал – харам. Пайда ойлама, ар ойла. Иә, әділеттілік турасында хакім Абай осылайша тебіренді, парасатты пайымдады. Ал, қаны мен жаны әділеттіктің ақ туынан жаралған дана қазақ «Атаңның құлы айтса да, әділдікке бас и, «Әділсіз болса би оңбас, әйелсіз болса үй оңбас». «Өлімнен ұят күшті» деген сөзді жанға жалау етіп, өзгенің ала жібін аттамай өмір сүрді.


 
 Алапат аштықтың сойқаны сезіліп, аштан қырылуға таяса да, бағзы бабалар өз пайдасы үшін әділетсіздік жасап, ар-ожданнан аттамады. Адалдықтың құнын түсініп, парқын бағалады. Ары мен жаны таза қазақтың тектілігінің сыры сонда шығар, сірә!
Әттең-әттең! Бүгінгі қоғам да, бүгінгі пендешілік те бұрынғыдай болса, жемқорлық, таныс-тамырлық, руға бөлінушілік деген жексұрын қылықтар үш ұйықтасақ та түсімізге кірмеуші еді-ау...
   Жақында өз басым халық сенген, әділ деп бағалаған жандардың қарын аштырар тағы бір ісіне куә болдым. Көз алдымдағы көңіл қаяулатқан әділетсіздікке қолымнан келер шара болмағандықтан, амалсыздан тілімді тістеп қайтуға тура келді.
Әлқиссаны әріден бастасам... Қай бір күні бір мекеме үлкен көлемдегі маңызды шараға әділқазы мүшесі болу үшін шақырыпты. Жұрт көзіне әділ сыншы, тәтті өтіріктен, ащы шындықты артық қойған тілші деп таныстырғанын қайтейін, сол жерде қазылық еткеніме ұялып, өкініштен өзегім өртенді. Ар-ұят деген көкейде тулап, тыныштық бермеді. Себебі, нағыз жеңімпазды халық көріп, лайық бағасын берсе де, өзге сыншылардың алдын-ала келісіп алуымен, жеңіске мүлдем қақысы жоқ қатысушы ие болып шыға келді. «Жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпас» дегендей, менің берген бағам ештеңені өзгертуге шамасы жетпеді. Оның үстіне, өзге жұрт ақ жаулықты ана, көрегенді кейуана деп бағалаған үлкен бастыларға қарсы сөйлеп, жағаласа беру де қиындау болды. Амал нешік, осылайша әділетсіздіктің тағы біреуі орын алды.
Жә, бұл ең төменгі мысал. Ең сорақысы, адам тағдыры, өмір мен өлім мәселесі өршіп жатқанда да бетіміз бүлк етпестен, дұрысты бұрыс деп, бұрысты дұрыс деп шешім шығаратын болдық. Осындайда қолыңның қысқалығына да өкініп қалады екенсің. Әрине, жұртты түзеймін деген ой емес, менікі. Өзгені түзеймін деген адам ең алдымен, өзін дұрыстау керек. Тек, айтпағым ақ пен қара турасында Құдайдан қорқайық деген ой. Себебі, бұл пәнидегі қызметтің де, тіршіліктің де, абыройдың да соңында Алла алдындағы сұрақ тұр. Өкініштісі, ол жақта сұрақтан құтылып кетердей ешкімге да пара ұсынып, таныс таба алмаймыз. Бәрі де әділ болады.
Сондықтан, әділдікті сақтау – азаматтық парыз. Бұл турасында адамзаттың асылы Мұхаммед Мұстафа (с.а.с) өмір жолы біз үшін өнеге болуы тиіс. Қай кезде де шындық пен ақиқатты бағалап, жалғандық пен өтірік ұғымына шек қойған ақырет пайғамбары бұл турасында:
– Алла алдында және оның пенделерінің, достарыңның, жанұяның, айналаңдағылардың және де қол астыңдағылардың арасында әділдікті жоғалтпа, егерде әділдікті сақтамасаң, онда сенің залым болғаның» деген екен. Яғни, әрбір пенде әділетсіздік, сенімге сатқындық ұғымын өзіне қаламайтыны секілді өзгеге де жасамауы тиіс.
Иә, қорыта айтқанда, түсінген жанға әділдік – ана сүтіндей қасиетті ұғым. Олай болса, атамыздың құлы болса да, әділеттің жолында адал болайық...

Ханзада ДОШАН.
12 қараша 2018 ж. 801 0