№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Өгей шеше (әңгіме)

1945 жылдың шілде айы. Шыжғырған аптаптың беті қайтып, көне қала Түркістанның жұмсақ топырағы кешқұрым соққан салқар самалға жонын төсеп, жайбарақат мүлгиді.
Есік алдындағы ағаш сәкіде тұтылған дәке масахана ағараңдап көрінеді. Әкесінің бүйірінде ұйықтаған боп өп-өтірік пысылдап жатқан балақанның іші әлем-жәлем.
Төтеннен келген сырқат айналасы екі-үш айдың ішінде Жансаяның анасын қайтпас сапарға алып кетті. Төрт жасқа енді толған Жансая үйдің кенжесі болғандықтан ба, үй ішіндегілердің назары өзінде. Әрқайсысы бір еркелетіп, көңілін аулап, қабағына қарап әлек.
Тұла бойына табиғат дарытқан қасиетімен талай жанды ауруынан айықтырған, жұрт жаппай «Жәке» атандырған әкелері ел ішінде сыйсыз емес-ті. Дегенмен мынадай бақытсыздыққа тап болуы өзіне оңай тимеді. Әсіресе қанаты қатпаған, ана сүті аузынан кеппеген сарыауыз балапанының қамын жеп, сәби жүрегі анасын іздеп, ішігіп, жел үзген жапырақтай солып түспесе екен деген уайым жанын жейді. Содан да түн ұйқысы төрт бөлініп, бүйірін томпитып жатқан бөбегінің қамын жеп, қайғы жұтады. Онысын ешкімге сездіргісі келмегенімен тұңғиық жанарын мұң торлап, еңсесі еңкіш тартыпты. Онсызда аз сөйлеп, көп үндемейтін, зәуіде  бір жымиғаны болмаса даусын шығарып күліп көрмеген тақуа жанның мұңға батуы мұнша ауыр бола ма, бірнәрсе деп көңілін аулап, қу тіршіліктің сөзін айтуға жүрек дауаламайтындай.
Бәрі еркелеткеннен соң ба, кенжесі тым шолжаң, құйтақандай болса да заты қыз бала деп тыйып ұстауға тырысқылары келген қыз апалары анда-санда ащы етінен мытып алғанда Жансая жанары жапалақтап, әпкелерінің бұл қысастығын әкесіне айтып бергісі келсе де райынан қайтып тілін тістеп қалады.
Жаздың шіліңгір шілдесінде көп уақыт қараңғылап қоятын үйдің ішінде Құран парақтаумен отыратын әкесінің жанынан елеусіз сыртқа шығып кететін Жансая есік алдындағы қалың жүгерілікке жалаңаяғымен сыбдырсыз сүңгіп кетіп арғы қапталына өтіп, ешкім көрмейді-ау, ешкім естімейді-ау деген тұсқа етпеттей құлап, елбе-делбесі шығып еңіреп, қашан өксігі басылғанша басын көтермей кеудесі көтеріліп-басылып бар дауысымен жылап алатын.. Ара-арасында «Апа-а-а-ау» деп ақырғанда ішін тырнап, удай ашытқан ащы запыран аузынан жалын боп шығып, көз жасына шомылған шыт көйлегі жапырақтай денесіне жабысып қалатын. Бірақ осыдан соң жеңілдегендей болады, сосын өз-өзіне келіп бет-аузын арық суына жуып, күн көзіне құрғатып, қайтуға бекінетін. Онда да жылаудан домбыққан жүзін әкесіне байқатпас үшін төрт аяқтап еңбектеген боп, басын төмен салып еркелеп әке қойнына қойып кететін қылық ойлап тапты. Оның бұл қулығынан бейхабар әкесі тентек қызының басынан сипап, жымиып қоюшы еді...
***
Шіліңгір жаз өтіп, қоңыр күз де, қылышын сүйреткен қыс та артта қалып, күлімдеп көктем туды.
Тірі жан тіршілігін жасайды. Қыз апасы Ұлжанның әкесімен арадағы болған әңгімесінің тақырыбы әйел алу жөнінде өрбігенін Жансая титтей жүрегімен сезді. Оған аса қатты таңқалуға болмайтындай. Қыз апасының өзі екі жеңін сыбанып,кіріскеніне қарағанда бұл маңызды. Бәрінен бұрын әкесіне жақсы болса игі. Ұлжан ойға алғанынан қайтпайтын өжеттігіне салып:
-Палахметтің қызын дұрыс көріп отырмыз, Жәке, сіз не айтасыз? – деді. Жәкесі ешнәрсе айтпады, есесіне «ел құлағы-елу» дегендей,   Палахметтің өзі келді осы үйге. Әңгіменің тоқетеріне көшіп: Жар етіп таңдауыңызға қызымды қолай көрмей отырмын. Мінезі тіктеу, сізге тура келмейді-ау,-деді, - Жолдың астында тұратын Қайрулланың Қорлан деген қызы бар, сол кісіге қолқа салғаныңыз дұрыс дер едім. Жақсы адам, - деп тоқтады.
Мұнан соңғысы Ұлжандардың араласуымен едел-жедел шешілді. Қорлан осы үйге аналарының орнына келді.
***
Қорлан бұл шаңыраққа құт болып келді. Онсызда үлкен үй атанған шаңырақтың дастарханы жиылмады. Қолы ашық, кең пейілді жан екен. Кісінің бетіне тік қарамайтын әдетімен сызыла басып, жұмсақ сөйлеп, баршаның көңілінен шыға білді.
Әкесінің қасынан ажырап көрмеген Жансая алғашқы күні қызғанып, қысастанса да өгей ананың өзіне деген өзгеше мейір-шапағаты еріксіз жүрегін елжіретті. Тіпті бірде-бір рет мұны өз есімімен атамауының өзінде үлкен ілтипат, тектілік тұнып тұрғандай еді. Бау-шарбағыңның бабын жасап, намысын қорғап, зәу-затыңның өсіп-өркендеуіне пейілімен берілген, адалдығынан танбаған жан сенің де жүрегіңнің бір бөлшегіне айналары қандай ғанибет.
***
Анасы кішкентай нәрестені жарық дүниеге әкелгенде ең қатты қуанған Жансая болды. Нәрестеге Бақбосын деп ат қойылды. Шақалақтың жанынан қарыс қадам ұзамай, күнұзақ байланып отыратын ойын баласын қарадай бесіктің жанына тұсаулап тастаған не құдырет десеңші.
Міне осы бауырлық сезім бұлар жан-жаққа қанат қағып ұшып, бір-бір отанның егесі болған шақта да бір мысқал кемімеді. Қайта тереңдей түсті. Әкеміз бір, анамыз бөлек деген сөзді ешқашан ешқайсысы айтып көрмепті. Мына өмірде бар болсаң, басың жоғары болса ғана бауырым деп желімдей жабылып жүретін, зәуіде басыңа күн туса теріс қарап, танығысы келмей анамыз бір болғанмен әкеміз бөлек немесе әкеміз бір болғанмен анамыз бөлек деп бөлініп шығатындарды көзіміз көріп те жүр ғой.
***
Жоғарғы оқу орнын қызыл дипломмен бітірген Жансая келін болып өзге үйдің босағасын аттады. Өз алдына отау болып шыққанда жасау-жабдығын үйіп-төгіп әкеп тастаған анасы саушылығы кеміп, үйден шыға алмай қалған кезге дейін жер шалғай деп жатпай мұның отбасына жиірек келіп тұратын. Келгенде жаны тынбай “осы қыз не ыстықаумет етіп жатыр, кішкентайында бетінен қақпай, еркелетіп, тым есіртіп жібердік пе, бұл да келешек бір үйдің егесі болады-ау деп талап жүктеп, міндет артпаппыз, бос боп болбырап өсті. Енді сонысынан таяқ жеп, тауы шағылып жүрген жоқ па екен» деп көңілі орнында тұрмайды. Қайта-қайта келгіштеп, тесік-жыртығын жамап,  жаманын жасырып, жақсысын асырсам деп жар құлағы жастыққа тимей жүретіні де содан.
***
Шағын ауылдағы мектепке мұғалім боп орналасқан Жансая екі-үш жылда сол мектепке директор болды. Жеті-сегіз қарапайым жұмысшының айлығына татитын жалақысы бар. Өзі коммунист, ауылдық кеңес депутаты. Қызмет деген де кісінің кемшілігін білдірмей жібереді ме, айдарынан жел есіп, кімсің, пәленшекеңе айнала боастапты. «Ырысқыға Құдай қарыздар»  деген осы шығар. Негізі, әке-балаға сыншы деген, ып-рас, әкесі Жансаяны көрер көзге көтермелеп “қолынан өнер келмесе де зерек. Әлі бұл бәріңнен де озады, көресіңдер” деп отыратын.
Жансаяның сол биікке қол артып, үмітінің ақталғанын қайратнәке көре алмай кетсе де өгей-анасы Қорлан көрді, ішінен тәуба деді.
Айналдырған ауру екінші аналарын да жер қойнына алды. Бүгінде қарашаңырақта отырған бауырлары Бақбосынның отбасы осы үйден ұшып шыққан қарлығаштардың анда-санда соғып, мауқын басып қайтатын қасиетті мекені.
Биыл жаз тоғыз бүлдіршінінің бірін қалдырмай шүпірлетіп ертіп келген Жансая әке үйінде аунап-қунап тоғыз күн жатты. Кірсе-шықса жүзіне жаутаңдап қарап жағдайын жасауға тырысқан інісі Бақбергеннің шығарда жаны жоқ. Соған қуанады соған масаттанады Жансая Осының барлығы бақытының жолында өзегін үзіп беруге дайын өгей аналарының өнегесінің жемісі ғой деп түсінеді өзі. Сондықтан да күндіз-түні дұғасында өз анасымен бірге өгей анасын бірдей жоқтап, жайлары жәннаттан болса екен деп перзенттік пейілмен тілек тілеуден жалықпайды.
Баян ҮСЕЙІНОВА.
01 қазан 2018 ж. 1 959 0