№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Мәңгілік сағыныштан сая тапқан

Мәңгілік сағыныштан сая тапқан


Жетпіс жасқа толған саналы ғұмырына ой жіберіп, саралап салмақтап қараса, сағым жылдардың барлығы сағыныш болып, жүректі әлдилеп, жарық дүниеге ғажайып құштарлықпен ынтықтыра түсерін таразылағандай болады. Ел басына күн туған, қиын-қыстау сәтте тірі қалудың қамымен Тәжікстан асып, мұсылман бауырларын паналаған қазақ отбасында дүниеге келген үлпіршек апыл-тапыл қадам басып, ала тақия киген тәжік-өзбек балаларымен араласып, балалық бал дәуренін өткізген құмды жотаны әлі ұмытпайды. Уылжыған шабдалы мен анары, таупістесі мен жаңғағының дәмі таңдайына келгендей тамсанып, бейкүнә шақтың қымбат естеліктері кейде түсіне де кіреді. Айнадай мөлдір әйнектің аржағында ап-анық елес берер пәк көңілдің қауырсын қанаттары ғажайып бір сағынышқа айналған. Елім, жерім деп еміреніп, арманы бір түгесілмей, ақыры ата-баба қонысына аяқ іліктіріп, көңіл демдеген тілегі қабыл ата-ананың құшағында ержетіп, атұстар азамат атанып, түтін түтетіп, бүкіл жастығын, жалынын халық қызметіне жұмсап, қоғамның адал жауынгері болған өткен күн парақтары, о дағы сырлы сағыныш, үздіктіріп үмітпен қауыштырған, бақыттың өзін әкеп табыстырған өмірінің жалғасы – перзентінің есімі де Сағыныш, ғұмыр бойы жазған төлтумаларын кітап етіп құрастырып, оқырман қолына ұсынған жинағының аты да – Сағыныш.
Ол – кім? Ол –туған жердің тұлғалы азаматы, әнші, термеші, ақын ағамыз Аманбай Өтебаев.
Аманбай Өтебаев 1948 жылы Тәжікстанда дүниеге келген. 1929-30 жылдардағы геноцидтің зобалаңынан бас сауғалаған ата-бабасы атамекенін аңсап, зарығып жүріп, туған жерге оралуға 1959 жылдары мүмкіндік алған екен. Аманбай 4 сыныпқа дейін бірде қазақ тілінде, бірде тәжік тілінде білім алып, 5-сыныптан бастап Екпіндідегі мектепте оқыды. Екпінді-нағашылардың мекені, нағашысы Қаныбеков Тазабек деген кісі нағыз шайыр, озық өресі өнерге суғарылған, суырып салма ақындығы да бар сауатты кісі еді. Ал бұлар болса әбден қазақы қайнардың суатына шөліркеген, тілін де, үнін де, әнін де, сәнін де, жырын да, мұңын да сағынып жеткен қамкөңіл жандар емес пе, өзге елде жүрсе де ана тілін арындай қорғап, аялаған, ұзақ түндер қоржын тамда шам жарығы сөнбей, қазақтың хисса-дастандары – «Мұңлық пен Зарлықты», «Көрұғлыны», «Қырық қызды», таңға дейін жырлаған алау шақтар Аманбайдың әлі есінде. Сол сәттердің әсері бала көңілдің түкпіріне ұялап, қаяулы жүрекке от берер, жалын берер қасиетті сөздің қадірін сәби санада зерделеп ержетті. Екпіндінің мектебінде оқып жүргенінде қабырға газетін шығаруға белсене атсалысты. Сегізжылдықтан кейін аудан орталығына келіп, №187 өндірістік-техникалық училищесінде кәсіптік білім алуға ден қойды. Одан әрі Түркістан индустриальды-педагогикалық техникумында білім алды. Бірақ өмір ағымы оны кәсіби мамандығынан бет бұрып, қанда бар қасиетке жеңдірді. Ол еңбек жолын Сунақата ауылдық клубында бастады. Мәдениет отауының енді еңсе түзеп келе жатқан тұсы болатын. Одан әрі Жетісайдағы мәдени-ағарту училищесін тәмамдап, Төменарық ауылындағы клубта жұмысын жалғастырды. 1975 жылдан бастап автоклуб меңгерушісі, кейін жеті жыл Төменарықтағы музыка мектебінде терме класына дәріс берді. Бір жылдары ауылдағы мектепте дене тәрбиесінен сабақ беріп, жанарында оты, қанында қайраты бар бірнеше ұланды қазақша күрестен республика деңгейіне спорт шебері атандырды. Ауылда спорт мектебін ашып, шешен, грек, түрік өкілдерінің өрендерінен өр кеуделі өспірімдердің талабын тасқа жанып, облыста «Романов жүлдесі» үшін сайыста Бас бәйгені жеңіп алды. Жүз қаралы мықты спортшыларды даярлады. Бұл Аманбаевтың екінші қыры. Жұдырық жеңісі мен өнердің өрісі, бұл екі түрлі ұғым ғой. Бексұлтан Байкенжеев ағамыз осыны еске салып, «Ал, Аманбай, сен енді бірыңғай өнерге түс, қазір ұлттық дәстүрге, ән-күйге қатты мән беріліп жатыр ғой, ауылыңа өнер мектебінің филиалын ашып берейін, соның жұмысын басқар»,-деп ақыл-кеңесін берді. Ол филиал кейіннен музыка мектебі болды. Соның жұмысын басқарды. Зейнетке шыққанға дейін Төменарық ауылдық клубы меңгерушісі қызметін атқарды.

Бақ-баққанға емес, маңдайға бітеді

Біз білетін Аманбай Өтебаев асып-таспайтын, бірақ табандылығы талабынан аңғарылып тұратын, жылтылы кем жайбарақат мінезді, кішіпейіл азамат. Бірақ өнер десе арқасы қозып, арындап, тау суындай таситын, тәмам жұртты тұнық өнердің құдыретіне тәнті етіп, өзі де табан асты құзар шыңға қалықтаған қырандай шалқитын қуаттың иесі.
Аманбай ағаны жерлестері - бізден де гөрі жетік білетін бір құрдасы бар. Құрдас болғанда да анау-мынау емес, баяғыда Кеңестер Одағының әскерінде тағдыр түйістіріп, шыңдалып, «Мой адрес не дом и не улица. Мой адрес – Советский Союз» деп жар салатын сан ұлттың сарбаздары қатарында бірге «служить» еткен «фронты», бүгінде қазақтың қадірлі жазушысы атанған Жұмабай Шаштайұлының лебізіне құлақ түрейікші.
Ол былай дейді: «Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының аяғына таман Аманбай екеуміз әскер қатарында бірге қызмет еткен едік. Бір адамды елу жылға таяу білу осал уақыт емес-ау. Көзге бірден ұратыны бойында жалт-жұлты жоқ Аманбай жастайынан көп еленбей жүре беретін. Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен шақырылғандардың арасынан кавказдықтар қойма жағына, өзбек ағайында асхана маңына бейім болып келеді, қазақ жігіттерінің мұның бірімен ісі болмай, оқшау қалатын. Бірақ ар-намысқа келгенде қарап тұра алмайтын қасиеттері бар. Тіпті шарқ-шұрқ төбелесе кетуден тайынбайтыны, сондай жұдырықтасудың бірінде Аманбай бас бармағын сындырып алған еді. Жаны қиналса да жақ ашпады. Есесіне әңгіме ән-өлеңге қарай ауса, жанып кететін. Өнерге деген мұншалықты құштарлықтың түпкі сыры оның жаратылысында жатыр-ау деп топшылайсың. Өнерді мұнша құлай сүйген адам өмірде өте сирек. Сондай ынтызар құштарлықты Аманбай жетпіс жасында да қолына алау етіп ұстап келеді. Бұл көп адамның бойынан табыла бермейтін қасиет. Міне, осы қасиетімен Аманбай қадірлі».

Ең үлкен атақ –
елдің бағасы

Аманбай аға бүгінге дейін алпыстан аса ән жазған, ауданнан бастап, облыстық, басқа да байқаулардың жүлдегері атанып жүрген композитор. Аманбай әндерінің бір ерекшелігі, оның өзгеге ұқсамайтындығы. Қоңыр әуезді, мұңлы мәнерімен жүрегіңді жұмсақ әлдилейді. Қазақы мейірімділігімен, назқоңыр нақышымен көңілге қонады. Оның «Көзіңнен айналайын» деген әні бар. Өлеңін де өзі жазған:
«Ешкімге еленбеген,
Тұңғиық тереңдермен.
Жанымды тербейтұғын,
Көзіңнен әлем көрем.
Қуанып жайраңдайын,
Жаным деп аймалайын
Айдындай мөлдіреген
Көзіңнен айналайын».
Қалың қазақ даласына қанат қағып кете барған оның «Гүлсара»әнінің орны өз алдына оқшау тұр. Сыр бойы мен Қаратау өңірін жайлаған малшылардың әнұранына айналып кеткен «Кеңқорық - жайлауым» жылда өтетін шопандар тойы Аманбайдың осы бір әнімен басталмаса жайлау сәні кірмейтіндей.
Аманбайдың «Анашым», «Аралым», «Сағынсам да», «Гүлнар қыз», «Аққу қыздар» атты әндері әуезді өрнегімен жанды баураса, «Азат елім-тірегім», «Замана болмысы», «Бейбіт күндегі ерлік», «Ардақтайық асылды», «Аралым-айдыным», «Киелі елім-Шиелім», «Ана даусы», «Сәби ғасыр», «Ұлт тұғыры», «Жәннат бағым-Жаңақорған» жырларында ата-ана, туған жер, өскен елге деген перзенттік махаббаттың тазалығы тұнып тұр. «Өзге емес өзім айтам өз жайымды» деп ақын Қасым Аманжолов айтқандай, Аманбай аға «Өзім жайлы» атты өлеңінде былай деп толғанады:
«Сыр шертсем егер өмірбаяным жайында,
Пендемін мен де ешкімнен жоқ айырмам.
Айғайды салып, келіппін жарық дүниеге,
Мың тоғыз жуз қырық сегіздің қаңтар айында.
Шыдамай халқым аштықтың соққан желіне,
Жан сауғалап жат жердің ауып еліне
Барғанда сонда дүниеге мен келіппін,
Кіндік қаным тамыпты Тәжік жерінде.
Шабдалы, анар, жаңғағы менен тау пісте,
Таңдарда тұрып тергенім менің әлі есте.
Фердауси, Сағди, Низами, Әлішер Науай,
Жырлары мені жетелеуші еді белеске
Батырлар жыры ашқан да шығар бағымды,
Бұлақтай мөлдір тербетуші ед жанымды
Ғажайып өлке, жадымда қалған мәңгілік,
Қалдырдым сонда балалық алтын шағымды,
...Балалық кезден сазды әуен жанды баураған.
Жанымды тербеп шежірелі Қаратау маған.
Айқара ашып, құшағын маған Сыр анам,
Жұмыр жер болып кеудемде жүрек аунаған
Жанарымнан жұмыр жер менің аунаған,
Аузымды ашсам жыр бұлақ болды саулаған,
Әруақты елім сыйлады шалқар шабытын,
Сұлу Сыр менен шежірелі Қаратау маған...»
Міне, осылайша жалғасқан ғұмыры, сыйлаған жырдың шырынын әз-аға ешқашан да армандамапты мансаптың биік тұғырын. Барға қанағат қып, талант жауһарын туған халқына тарту етуді ғана білген оның қаламынан аңсарлы көңілдің әппақ сәлеміндей болып арнаулар, достық әзілдер, құттықтау тілектер, мерейтойлық лебіздер жарық көріп, мерзімді баспасөзде жарияланып тұрды. Аудандық төл басылым - «Жаңақорған тынысының» 70 жылдық мерейтойында
«Жаңалық пен жақсылықтың жаршысы,
Жамандықтың тіліп түсер қамшысы,
«Ел айнасы- «Жаңақорған тынысым»
Оқырманның саған шексіз алғысы.
Ғұлмат шақта елмен бірге түн қаттың,
Жылағанның жасын сүртіп құрғаттың.
«Ауылдағы ұл-қызымен жарына
Қан майданнан сәлем жолдап тіл қаттың
Семсер тілмен араладың алапты,
Аямадың жеміс берер дарақты.
Отты жермен айтар ойын айшықтап,
Елімменен бір тараттың Манапты.
Газетім деп туған халқың елейтін
Жығылған мен сүрінгенді демейтін
Шындықты айтар шымыр болсын әр сөзің,
Қиянаттан қысылғанды жебейтін». –
деген шынайы тілекпен туған жер жарияланымына мәңгілік Ескерткіш орнатты.
Ауылда туып, ауылда ғұмыр кешіп, асқақ мұратты ұстанған ақынның осы деңгейден танылуына ата-ананың ықпалы да аз емес екен. Әкесі-Бердіәзім ел ішінде талай сөз сайысына қатысып, айтысып, қара сөзді қадір тұтқан кісі болса, анасы Сәрсенкүл де өнерден қаражаяу емес, өзі болыстың қызы болыпты. Бай, дәулетті жердің қызын өнері асып қаратқан әке бойындағы ақындық қасиет перзенттерінің ішінде Аманбайға келіп қонған тәрізді. Қалған балалары –Орынбасар, Жолдыбай, Бақтыбай, Базарбай, Тәжібай, Мырзабай, бәрі де бүгінде мәуелі бәйтеректей жапырақ жайып өсіп-өніп жатыр. Әкеден жалғыз болған Бердіәзімнен тараған ұрпақ «Бір ұлың бір қауым ел болсын» деген шынайы тілектің шамшырағы іспетті.
Аманбайдың нағашылары да өнерден кенде болмаған екен. Соғыста хабар-ошарсыз кеткен нағашысы Пазылбек туралы Адырбек Сопыбеков поэма да жазды. Сонда Пазылбектің ерекше өнерлілігі, сырнайдың, домбыраның құлағында ойнаған тума таланты жөнінде терең толғанған.
Аманбайдың тағы бір ерекшелігі, оның төкпе термешелігі мен әсем әншілігі, әрі ақындығы. Ол жұртшылыққа ең алдымен айтыс ақыны ретінде танылған-ды. Ауылдық айтыстан бастап аудандық, облыстық және республикалық ақындар айтысына қатысып, жүлделі орындарға талай рет ие болған. Ол кезінде Есіркеп Қоңқабаев, Ертай Кенжетаев, Әмір Мажитов, Нұрберген Тастаевтармен жыр додасына түсті.
Аманбайдың отбасына тоқталсақ, өмірлік жары Тәрбие апайымыз да өнер адамы. Музыка мектебінде дәріс берген. Қазірде зейнеттік демалыста. Ұлы Сағыныш әке жолын қуған даралығымен танылды. Баянда, домбырада, гитарада ойнайды. Оқушы кезінен байқауларға қатысып, топ жарып жүрді. Республикалық байқауда Бас жүлдені жеңіп «Дарын» сыйлығына ие болған жеткіншек қазірде Рауан, Саян, Махамбет атты үш ұлдың әкесі. Қазақ радиосында қызмет істейді.
Ақын ағаның жетістіктері, марапаттары жөнінде тоқталсақ. «Астананың 10 жылдық» мерекелік медалімен марапатталған. «Қазақстан Мәдениет қайраткері» атағына екі рет ұсынылғанымен орта жолда кері қайтты. Бірақ өзі бұған өкініп, аса қынжылған емес. Өйткені Аманбай ағамыз үшін ең үлкен атақ «Халық ақыны» екендігі. Одан қымбат, одан жоғары баға жоқ.
Әбекең кемелденген шағында Астана жаққа қарай қоныс аударды. Негізі, әу баста мұндай жоспары жоқ-ты. Зейнеткерлікке шыққан жылы бюрократияның пәрмені мұның нәзік болмысына кереғар көңіл-күйді туындатып, тағдырында толқын жүріп өткендей болды. Өнер адамының әлсіз тұсы да осы, әдейілеп сөйтейін демесе де сәл әдепсіздікке жан әлемі жараланып, беті қайтып, балаша жасып қалатыны. Көзге көрінбей жағаға жармасқан қиянатқа қылар қайраның да қалмайды екен. Бұдан әлсізді оң жаққа алып ұрып, таза жеңіске жететін баяғы қазақша күресінің тәсілі әлдеқайда әділ екен ғой.
Бірақ, бүгінде ойлап қараса, ел ордасы – Астанаға келгеннен кем түскен жері жоқ қайта өнер ордасына, әдеби, мәдени ортаға бір табан жақындай түсті. Астаналық ардагерлер ансамблінің белді мүшесі. Түрлі шаралармен, мәдени кештермен, концерттермен Астананың оқу орындарында шәкірттер мен студенттер ортасында зиялы қауым арасында жарқылдап жүргені жанына медет. Жарқын көңіл жаңа шабыт сыйлайды. Өткенде белді басылымнан замандасы Лена Әбдіхалықованың «Мен енді ән жазбаймын» деген мақаласын оқыды. Көзі оқып тұрса да көңілі сенбеді. Өйткені ақын-сазгер тұлғаның жүрегі соғып тұрғанда өлең жазбауы, ән тудырмауы мүмкін емес. Өмір дегеніміздің өзі – тұнып тұрған ән ғой. Біз де Аманбай ағамыздан әлі де тың туындылар, тамаша әндер күтеміз.

Баян ҮСЕЙІНОВА.
03 ақпан 2018 ж. 1 647 0