№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ТАМЫЗ КЕҢЕСІ: ЖАҢАШЫЛДЫҚ – ХХІ ҒАСЫРДЫҢ ҚАЖЕТТІЛІГІ

ТАМЫЗ КЕҢЕСІ: ЖАҢАШЫЛДЫҚ – ХХІ ҒАСЫРДЫҢ ҚАЖЕТТІЛІГІ


Биылғы Тамыз кеңесінің мазмұны Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауымен мәндес, үндес өрбіді. Яғни, IT технологияны меңгеру, білім беру ісінде нәтижелі жұмыс жасау, педагог кадрлардың біліктілігін арттыру жайы талқыланды. Сондай-ақ, жекеменшік білім беру секторын қалыптастырып, ашық бәсеке алаңын құрудың маңыздылығы да айтылды.
Аудан әкімі Ғалым Әміреев бастаған топ №110 мектеп-лицейде құрылған ғылыми-әдістемелік көрмені көрді. №54, №209 білім ордасы жаңаша білім беру мазмұнына байланысты құрса, №247, №229 мектеп білім беруге цифрландыруды ендіру тақырыбында ізденіпті. Сондай-ақ, №110 мектеп-лицейі инновациялық оқыту түрін пайдалана отырып үштілде оқытуды ендірудің үлгісін ұсынды. Аудандық балалар орталығы мен №195 мектеп-лицейдің робототехника үйірмесі жасалған роботтарын тамашалады. №162 және №52 мектеп «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылған шараларын стенд арқылы көрсетсе, «Тау самалы» тынығу лагері мен Түгіскен балалар өнер мектебі оқушылардың шығармашылығын дамытуға қатысты ойларын ортаға салды. Балабақшалар ішінде: «Болашақ», «Құралай», «Аялы алақан», «Еркетай», «Тұмарым-ай» және Арнайы балабақшасы тәрбиенушілерін қатыстыра отырып, өздерінің оқыту методикасын баяндады.
Алқалы жиынды ашқан аудан әкімі Ғалым Әміреев: «Тамыз кеңесі – алдағы жоспарларды, атқаратын міндеттерді жүйелейміз. Әрі негізгі проблемаларды анықтап, оларды шешу жолдарын талқылауға мүмкіндік береді», – деп кеңестің маңызына тоқталды.
ХХІ ғасырда адам капиталы қозғаушы күшке ие. Ендеше, білім саласы үнемі жетіліп, жаңарып отыруы қажет-ақ. Расында, жаңа көзқарасты, жаңашылдықты талап ететін күрделі кезеңде тұрмыз. Бәсеке алаңында асығымыз алшысынан түсуде білімділік, біліктілік, креативті ойлау қабілет-қасиетіміз ғана жәрдемдесе алады. Тамыз кеңесінде осындай жаңашыл қадамдардың маңызы жан-жақты айтылды. Бұл жайында сәл кейінірек қозғасақ.
Алдымен аудандық білім бөлімі басшысының баяндамасына тоқталсақ.
– Білім саласын мемлекет тарапынан қаржыландыру көлемінің ұлғаюына байланысты соңғы жылдары орта және мектепке дейінгі білімді дамыту аясында республикалық және жергілікті бюджет есебінен білім беру ұйымдарының құрылысын қайта салу, олардың материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Атап айтқанда, 2000-2010 жылдар аралығында 10 мектеп, 2010-2018 жылдар аралығында ауданда 16 мектеп жаңадан пайдалануға берілді. Бүгінгі таңда 42 мектептің 95 пайызы, яғни 40 мектеп типтік ғимараттарда орналасқан, – деді Болат Ибрагимов.
Бас ұстаздың сөзінше, биылғы оқу жылын 17 мыңнан астам оқушы 42 жалпы білім беретін және 123 мектепке дейінгі ұйым, 4 мектептен тыс мекеме, 1 жалпы білім беретін кешкі мектепте ілім жинайды.
2017 жылы мектептерде 3 физика кабинеті жабдықталса, 2018 жылы сегіз физика және химия кабинеті, жеті биология кабинеті пайдалануға берілді. Сондай-ақ, оқушылар роботтарды компьютермен басқару жолдарын оқып үйренуге арналған 3 робототехника кабинеті жұмыс жасаса, биыл оған 12 кабинет қосылды.
Бүгінде мектептер 100 пайыз телефонмен қамтамасыз етілген. 2016 жылдың қазан айынан «Қазақстан Республикасы білім беру ұйымдарының оқушыларына арналған электрондық журналдар мен күнделіктердің бірыңғай ақпараттық жүйесі» пилоттық жобасы бойынша 12 мектеп тіркелсе, 2018 жылдың мамыр айынан бастап 28 мектеп қосылды. Қыркүйек айынан бастап қалған екі мектеп тіркеледі. Осылайша аудан мектептері электронды журнал, күнделік жүйесімен жұмыс жасайтын болады. Бұл жобаның тиімділігі ата-ана өзінің паролімен сайтқа кіру арқылы баласының үлгерімін және тәртібін кез-келген уақытта қадағалауға мүмкіндік алады. Электронды журналдың сапалы жүргізілуі үшін мектептерге 663 планшет пен 403 роутер (wi-fi) берілді.
Мектептердің нәтижелі жұмысы талап­керлердің арнаулы кәсіптік немесе жоғары мектепке түсуімен сараланып жатады.
Бұл тұрғадан келгенде Болат Мақсұтұлы: «2017 жылы мектеп бітіруші 852 түлектің 430-ы ЖОО, 363 колледждерге түсіп, 93 пайызды құрады. 2018 жылы 1005 талапкердің 849-ы оқуға түсіп, 85 пайызды көрсетті», – деді.
Жаңашылдық – ХХІ ғасырдың қажеттілігі. Тамыз кеңесінде осы мәселелер көтеріліп, Алматы, Қызылорда қаласынан келген арнайы мамандар ұтымды жобаларын ұсынды. Креативті жобаны ортаға салғанның бірі – «ЭДТЕК» халықаралық білім орталығының жоғарғы оқу орындарына дейінгі дайындық департаментінің директоры Ғалымжан Бейсембаев. Ол ҰБТ-ға оқушыны жүйелі дайыпдап, жоғары балл жинаудың жолын баяндады. (Бұл жөнінде алдағы нөмірлерде толығырақ береміз. авт.).
Бүгінгі балалар смартфон мен планшеттерді, компьютерді іштен біліп туғандай жетік меңгерген. Оған таңғалудың, таңданудың қажеттілігі жоқ. Осындай қабілетті одан ары шыңдап, жас ұрпаққа заманауи, сапалы білім берсек ұтатынымыз көп. Мәселен, IT технологияның қыр-сырын жастайынан үйреткен абзал. Осы мақсатты қолдайтын Наталья Мишукова IT технологиясын бағдарлау мектебін ашуды ұсынды.
Оның айтуынша, Санкт-Петербург қаласындағы IT мектеп үлгісін енгізуге болады. Яғни, мектеп жасына дейін-ақ баланың зейін-зердесіне IT мүмкіндіктерін түсіндіріп, оған заманауи технология тілін меңгертуге мүмкіндік туады. Сонда ІТ-саласы Қазақстанда негізгі драйверіне айнала алады.
Бүгінде аудан ұстаздары жаңа форматтағы үш деңгейлік курстардан өтуде. Осы жаңа форматтағы деңгейлік курстардың оқу процесінде қолданылуы және нәтижесі туралы Ж.Қыдыров атындағы №54 мектептің мұғалімі Әсемгүл Рзаева тоқталды.
№54 мектептің ұстазы таңдалып алынуы түсінікті-ақ. Себебі, мектептің білім беруде озық тәжірибесі қалыптасқан. Онда тәжірибелі ұстаздар ҰБТ-ға дайындау барысында 6-сыныптан бастап 11 сыныпқа дейін жүргізеді. Яғни, сыныптан сыныпқа өткізіп, сатылап білім береді. Оқу жылы басталғанда сыныптан 2-3 рет сынама тест алып, оқушылар жоғары, орта және төмен деңгейге топтастырылады. Сосын төменгі деңгейдегі оқушыны орта деңгейге, ортаны жоғары деңгейге жеткізуге жұмыс жасайды. Аудандағы үздік мектеп санатындағы білім ордасында 39 мұғалім жаңартылған білім мазмұны бойынша, екі ұстаз үштілділік ағылшын курсынан өткен.
«Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы адами капитал» атты тақырыпты арқау еткен кеңесті облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Бердәулетов қорытындылады.
Одан кейін білім беру саласында өзіндік өрнегі қалыптасқан, үздік ұстаздар марапатталды.
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ.
30 тамыз 2018 ж. 1 970 0