Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Ұя


Ауданның орталығынан ең шалғайда түтін түтетіп отырған бұл шағын ғана ауыл кезінде Түркістан қаракөл қой шаруашылығы кеңшарының бөлімшесі ретінде қазығын тіктеген екен. Ел егемендігін алған тоқсаныншы жылдардан кейін Көктөбе өз алдына отау көтеріп, ауылдық округ болып қайта құрылымданды.
Арғы жағасы Балтакөл, бергі беткейі Қандөз бен Қалғансырдың ортасындағы ұядай жерде айрандай ұйып, қозысын жайып, көгенін жамыратып, өз қызығы өзінде өсіп-өніп жатқан алақандай ауыл сырт көзге Тіршілік атты ұлы жіңгір майданда ұзын арқау, кең тұсауға салынып, керуен-көштен кейін қалып қойғандай әсер қалдырғанымен, бұл жақтағы жұрттың жағасы жайлауда, ұпайы түгел тәрізді. Момақан мекен туған жер деп тұрақтап қалған азғантай елдің арқасында аман тұр.

Әркімнің тұрған жері – Мысыр шаһары
Бір қарағанда, оқтай тартылған үлкен жолдардың өн бойында өркениетке қадам басып, болмысы биік тұрмыс тіктей бастаған тірек ауылдардың қасында қысқа жіп күрмеуге келмей, заман ағымынан артта қалыңқырап келе жатқан бұл ауылдың тереңнен саралап сыр тартқанға өзіндік артықшылықтары көп.
Айнаның екі жағы бар. Замана ағысымен жарысып, жаһандану талабына ден қойғандағы тапқанымыз, жақынымыз да жат болып, адам санасын алапаттай жаулаған ақпараттың араны сезім-түйсігімізді басыбүтін бағындырып алғаны сондай, билігі жүріп, әл-аухалымыз құрып, жеті атамыздан бұрын желіні түгендеуге жұмылып, желігімізге желік қосыппыз. Ғылымның озық тетіктерін ілімге, білімге бағытталған игілімізге икемдеп, жеке тұлғалық индивидиумды арттырудан бұрын жаһандануға жұтылып, жалғыздыққа тұтылып, жақсы мен жаманды ажыратудан қалып, ақылдан адасып, қалжыраңқыраған тұста қайраңда қалтыраған жанымызды жылытып, жүйкемізді тыныштандыратын осындай шырағы маздаған, шыныдай мөлдір көңіл терезесіне қылау түспеген Көктөбе сынды ұядай ұжмақ мекендер алаңсыз аунап-қунап, баладай аңғал адамдарының шынайы қазақы қалпымен армансыз қауышып қайту үшін де қажет, бәлкім.
Бас-аяғы 90-100-дей шаңырақты құрайтын түтіні сыздықтап қана көкке көтерілген қарапайым ауыл тұрғындарының бір-біріне мейірімі ерек, ынтымағы бөлек. Бір үйде той, жиын, қызықшылық бола қалса барлығы жабылып, жапырылып, бірі қазанын қайнатып, бірі дастарханын жайнатып, бір кісінің баласындай бас құрар, басына қайғы түскенге де қарасып, шариғатпен санасып, имамның айтқанын қылып, бәтуаға тұрып, тақ тұрар қазағымның дәстүр салтына көлеңке түсірмей, қатаң сақтап келеді. Аталар үрдісі ұлықталған жерде азамат тәртіпке тастай, келін әдептен аспай, отбасы алтын арқауы бекем, шайтанның азғыруы ауыз сала алмай амалы құриды екен. Сондықтан да жас отбасылар арасында бірде-бір ажырасушылық жоқ. Тіл-аузымыз тасқа, ауылда қылмыспен есепте тұратын жасөспірім тіркелмеген. Мал ұрлығы дейтін басқа ауылды діңкелетіп тұрған жүгенсіздік бұл маңда жүзін де көрсетпепті. Осының өзі ұядай ауылдың тәртіпке бас иген қадір-қасиетін айқындап тұрғандай.
Инфрақұрылым кенжелеп, цифрлық технология тиімділігіне қолжетімділік төмен, маңдай тер, қол еңбегіне көп арқа сүйеген қарапайым ауылда қазақылықтың қаймағы бұзылмапты. Әзірге көңілге сол демеу.
Елден шыққан арда азаматтардың туған жерге тигізер шапағаты шаш-етектен. Осындай себеппен бір жылдары елді мекеннің үстінен өтер жол түгелдей тегістеліп, асфальттанып еді. Сырдария көпірі салынар тұста осы жолдармен арлы-берлі ауыр техника қатынап, жырымдалып, жарамсызданған жолдар жөндеусіз қалды да, онсызда қашық орталыққа қатынас одан әрі қиындады.
Ауыл халқы 120 шақырым келетін Жаңақорғанға емес, сүт пісірім уақытта жетіп барар Түркістан қаласына қатынап, қажетін өтеп, сауда жасауды қолай көреді екен. Бұл туған жер қазынасына құрметсіздіктен емес, күнкөрісте үнемшілдік амалы, қалтаның қамы, «Алыстан арбалағанша жақыннан дорбалағанның» кері.
2002-2005 жылдар өңірімізде «Ауыл жылдары» болып белгіленгені есте. Сол кезеңдері облыс басшысы Өрікбай Нұрғисаев тұрғын халық үшін «1000 үй» бағдарламасын ұсынды. Осы кезеңде ауданда 10 жаңа мектеп, 600-дей тұрғын үйлер, мемлекеттік нысандар пайдалануға берілсе, соның бір бөлігі Көктөбеде бой көтерді. Сол кездері асар әдісімен шағын ғана ауыл клубы, оған жалғас кітапхана, ауыл әкімдігінің кеңсесінің ғимараты салынды. Бір шатырдың астындағы қабырғасы қанаттас ұядай үш мекеменің елге қызметі қазір де ұшан-теңіз.
Көктөбеде 1963 жылдары алғаш бастауыш мектептің қазығы қадалды. Нұрекеев Сәрсенбек деген кісі меңгерушісі болған екен. 1972 жылдары сегіз жылдық мектепке айналды. Ұстаз Әлдибеков Жарқынбек мектеп директоры болды. 2002 жылдан бастап бүгінге дейін білім ордасына Талғат Байтілесов басшылық етіп келеді.

Мектеп – ауыл айнасы
Өйткені онда елдің ертеңі болар жеткіншектер өсіп келеді. Білім ордасының қақпасына енгеннен байқағанымыз, мектепке биыл барған балақайлар, одан үлкен сыныптардағы оқушылар қалт тұра қап, «Сәлеметсіз бе?» деп шетке шығып, жол беріп тұруы бұрынғы бала күніміздегі бұлжымас тәртіпті еске салды. Мыңнан аса шәкірті бар, білім ордаларына да талай бас сұғып жүрміз, оқушылары өз мұғалімдеріне осындай құрметтілік көрсететін шығар, сырттан келетін кісілерді, ата-ана ма, басқа ма, сәлемдеспек түгілі қаға-маға соғып өте шығатын еді. Ауыл жеткіншектерінің әдемі сәлемдесу әдебінің өзі көңілімізді елжіретті. Міне, тәрбие діңгегінің бұл да бір өлшемі.
Мектеп ауласында жағалай гүл газондары, биіктігі сонымен шамалас қана аула шамдары сән түзепті. Олары түн баласына самаладай жарқырап жанып тұрса нұр үстіне нұр
Білім ордасына түскі ауысым – сағат 1-мен 2-нің арасында табан тіреген едік, асықпай аралап көрдік.
Мектеп ғимараты Нәжмадин Мұсаба­евтың кезінде асар әдісімен салынған, 11 сынып комплектісі бар екен. Бір қабатты шағын ғимарат силикатпен қапталған, сүйегі мықтылығы көзге ұрып тұр. Таяу уақытта терезелері жаңартылғандықтан, әрі айнадай жуылған әйнектерінен күн шуағы молынан төгіліп аядай мектеп үйін жарқыратып тұр. Мұғалімдер ала жаз өз күштерімен ақтап, бояп жаңартып қойған білім ошағында арнайы пән кабинеттерін жабдықтауға мүмкіндік аз. Тек бастауыш сынып, биология, орыс тілі, өзін-өзі тану, информатика пәні кабинеті жасақталыпты. Мектепте екі интерактивті тақта жұмыс істеп тұр екен. Біз орыс тілі пәні мұғалімі Сарагүл Жангированың сабағына қатысып, ауыл балаларының үштілділікті меңгеру талпынысына да сараптама жасап көрдік.
Айтпақшы, бізді бір сүйсіндіргені, мектепте бірыңғай оқушы формасы жолға қойылыпты. Шәкірт тұрмақ, бұл жалпы қоғамға жауапкершілік артып тұрған тәрізді. Тәртіп бар жерде талап та ортақ.

Перспективалық жоспарлар көзі – қолдауда
Ауыл әкімі Боран Әбуов осылай дейді. Ауыларалық жолды жөндеу осы таяуда қолға алынатын болыпты. Қызылордадан УАД мекемесі кеше-бүгін келіп, адамдарын, құрал-саймандарын қоятын жайды сайлап енді іске кіріспек. Биыл жол мәселесі шешілсе, келер 2019 жылы ауыз су мәселесін шешудің алғышарттарын жеткізді. Алдағы уақытта ауыл әкімі кеңсе ғимаратын, жаңа клуб үйін салдыру үшін сметалық жобаға жергілікті бюджеттен қаржы сұрап отырғанын жеткізді.
– Ауылда 100 орындық мектеп үйі, онда 150-ге жуық бала білім алуда. 1 ФАП, клуб, кітапхана, 1 мемлекеттік балалар бақшасы, 1 шаруа қожалығы, 1 наубайхана, монша, диірмен цехы, сауда дүңгіршіктері жұмыс жасайды. 34 жеке кәсіпкер тіркелген, – дейді ол. Елді мекенге каналдан тарту арқылы аяқсу мәселесін шешуге талпыныс бар екен. Ауыл халқы әзірге канал сағасына барып, егін салып, өнімін сатуға шығарып отыр. Осы бірер күнде пісіп жетіліп тұрған тарыға орақ түскелі отыр. Жеке отбасылар бірігіп, бірді-екілі гектар жерден алған өнімін өздері жинап, саудаға шығарып, күнкөріс табысына негіз қаланады екен. Бұл бағытта әрбір үй кәсіпкерлікпен айналысады деуге болады.
Бұл өңірде тал-терек, ағаштың бәрі аудандық орман шаруашылығы қарауына енген. 7797 га жер қорықжайға қоршаланған. 8 құдық көзі бар. Аймақта өзге жақта кездеспейтін сәмбі талдар көп. Оны кезінде Қалғансырда ашылған арнайы цех мамандары пайдаланып, түрлі жиһаздар шығаратын еді. Көктөбеде осы кәсіпті жандандыратын азаматтар бар, тек бұған қаржылай қолдау көзқарас қажет-ақ. Елді мекенде 10 гектардай алма бауы бар екен, су жоқтықтан мәнісі кетіп, реңі қашып, жүдеп-жадап тұр.
Әкімнің айтуына қарағанда, елдегі ең үлкен мәселе – байланыс жүйесінің қызметі өте нашар. Бір ғана «Қазақстан-Билайн» ұялы байланыс операторының әлеуеті жеткіліксіз, интернет желісіне қосылғанымен жұмыс жүйелілігі де, жиілігі де төмен, телеарна каналдары толық іске қосылмай, цифрлық технология тиімділігінен де көп қағажу қалып жатқан жағдайлары бар екен.
Ел келешегіне бағытталған келелі жоспарлар түзіліп, ол ел ағаларынан құрылған қоғамдастық кеңесімен келісіліп, аудан басшылығы назарына ұсынылып келеді. Бұл бағытта ел ағалары, еңбек ардагерлері Ибрагимов Дайрабай, Полатбек Бекташев сынды зиялы қауым өкілдеріне арқа сүйейтінін де жасырмады. Кеңестің міндеті бұл ғана емес, күнделікті ел өмірінің тыныс-тіршілігін таразылап, телі мен тентекті дер кезінде тыйып, тәлімдік бағытта ауыл басшылығына көп тіреу болып келеді. «Күлтөбеде күнде жиын» деп, әшейін әркім тегін түгендеп тәжікелесіп, өнбес дау қуып жатса бола ма, жоқ, әрбірі алқабилер сынды ел тағдырына сын көзбен қарап, көз алдарында жас құрақтай жайқалып өсіп келе жатқан жеткіншектің жайын, мектеп бітірген жас түлектің қамын күйттеп, қатардан қалып, жолдан тайып кеткен бозөкпе жоқ па деп, қатаң қадағалап, ел ішінде берекесіздікке жол бермеуді мұрат-тұтады екен. Бұлай етудің жөні бар, бұлардың бәрі күні кеше ауыл болып қарсы алып, ақ батасын берген, беташарын жасап, тойын өткізген, шілдеханасын қызықтап, тұсау кесер шарасына ортақтасып, одан соң ат мінгізіп, азамат қылған өз балалары. Өз қолыңды өзің кеспеймін десең ұрпағыңа еге бол! Ауыл қарияларының басты қағидасы – осы.

Екі келі талқан, екі келі сөк
Мұндағы ағайын-досқа аңқылдап жететін, көңілі тап-таза көктөбеліктердің шынайы болмысы, сәлем-сауқаты осындай. Сонысымен біраз жұмыстарын да бітіріп жатады. Базарда толып тұрған талқан сөгі арқалауға да арзымайды ғой деп мұрын шүйірмей-ақ қойыңыз. Біздің базар сөрелерінде саудаға шығып жатқан Қостанайдан, Ақмоладан жеткізілетін комбайнның дәу тістері орып ойран-ботқасын шығарған тарының қауызынан қасиет қашып, цехтарда жентектелген талқанның да дәмі келісіп тұрған жоқ. Ал мынау қолмен себіліп, қолмен орылып, қазанға қайнатылып, отқа қуырылып, келіге түйілген сөкті тіспен қытырлатып рахат тауып, диірменге тартылған талқанын жесеңіз оразаның өзінде тоқ жүресіз, дәмінің татуы өзі алдына, бұрқыраған иісінен бойыңыз қуат алады. Өйткені бұл атадан қалған ас. Бабаларымыздың сүйген құнарлы асына ұрпақ қанында да құштарлық болады. Ұлтымыздың осы жеңсік тағамының қадір-қасиетіне қиянат келтірмей, қияметінен қашпай, бейнетке бел буып, аумақтай болса да талап қып тары егіп, талқан-сөк дайындап отырған көктөбелік ағайынға рахмет.

КӨКТӨБЕДЕГІ КЕЗДЕСУ
«Көктөбедегі кездесу» Бұл Қазақстанның халық жазушысы, драматург, аудармашы Қалтай Мұхамеджановтың ең шоқтығы биік шығармасы. Онда жаны таза ұлтымыздың болмыс-бітімін, әлпет-ажарын әдемі көрініс, көркем тілмен мөлдірете жеткізген. Биыл осы аяулы ағамыздың 90 жылдығына орай ел болып еске алып жатырмыз. Біздің ауданға жоспарланған «Қазақтың дара Қалтайы» деп аталатын монолог оқу шеберлерінің облыстық байқауын аудандық Мәдениет бөлімі басшылығының жол қатынасы қиын демей Көктөбеде өткізуді жоспарлауының мәнісі, бір қияндамыз деп қимылсыз жатпай, бұл жақтағы ағайын да рухани жаңғыруға қарай серпілсін, сала мамандары аяғынан тұрып, табанынан тозып алашалқын жұмыс жасасын, алыстан келген сайыскері бар, басқасы бар – қонақтарды күтіп, шығарып салудың машақатын көріп, мәдениетін арттырсын деген шынайы талаптан туған болатын. Ауыл клубы меңгерушісі Қожабек Түйтеев бастаған ел азаматтары намысқа тырысып, шараны өз деңгейінде өткізуге көп тер төккені байқалады.
Шараны аудандық ішкі саясат бөлімі басшысы Әбілғазы Төлегенов ашып, талапкерлерге сәт-сапар тіледі.
Байқауда жер-жерден 14 талапкер бақ сынады. Қатысушылардың көбі Қалтай Мұхамеджановтың «Көктөбедегі кездесу» пьесасынан бас­ты кейіпкер Анар апаның монологын таңдауымен таң қылды. Майданға сұранған жасы жетпеген шәкірттерінің қиылған көңілін қимай, мақұл деп рұхсат беріп алып, соңынан жанын жегідей жеп өкінген ұстаз ана – сол кездегі интернат мұғалімі не деп толғанады дейсіз ғой: «Сол аттанған шәкірттерімнің бірі – Барыс еді. Оның әкесі колхоздағы жалғыз тракторшы болатын. Оны сол үшін кулактар тракторымен қоса өртеп жеберген еді. Терезеге көзім түскенде осы Барыстың атасының есектен төңкеріңліп түсіп жатқанын көріп, жүрегім қан жылады. Қазір не деймін? Не бетіммен көрінемін? деп шарқ ұрдым. Қария қасыма келіп: Қарағым, кешір, балаларды шығарып сала алмадым» дегенде не деп айтарымды білмей аңырып отырып қалдым».
Монолог орындаушы тақырыпты алдымен өзі түсініп жүрегінен өткізгенде барып, ол көрерменнің көңіліне жетеді. Ұйықтап жатқан жүректі оятып, ар-ұятты түртіп, намысты қамшылайды. Осы үзіндінің өзі ақ қаншама көкірекке ой салды. Бүгінде жастар әскерге барудан жалтарады дейміз, жасық дейміз, оларды нағыз патриоттыққа тәрбиелейтін осындай өлмейтін туындылармен сусындату керек қой.
Бүгінгі өнер сынында жазушы – драматургтың мұнан өзге шығармалары – «Шыңдағы шынар», «Қуырдақ дайын», пьесаларынан Жақанның, Гүлжанның монологын шебер орындағандар да болды.
Нәтижеде Бас жүлдені Қармақшы ауданынан келген өнердің өз өкілі Шакарова Гүлфариза жеңіп алса, 1 орынды жаңақорғандық талапкер Айнұр Тұрабаева, ІІ орынды қазалылық Фариза Құлмырзаева және сырдариялық Ерғали Әділ, ал үшінші орынды шиелілік Айнұр Искакова иеленді.
Қатысушылардың барлығына да ауыл мәдениет үйі басшылығы тағайындаған бағалы сый-сияпат тарту етіліп, Диплом және ынталандыру Алғыс хаттарымен марапатталды.
Жиынды қорытындылаған шығарма­шылықты дамыту және облыстық продюсерлер орталығының бөлім меңгерушісі, әділ қазылар құрамы төрағасы Ғазиза Жұбанова шараның өз деңгейінде өтуіне еңбек жасаған барлық тұлғаларға өз атынан зор ризашылығын жеткізді.
Түйін: Жаратылысы бөлек, тау тұлға Қалтай ағаның жазбаларын ел жадында қайта жаңғыртып, өлмейтін туындыларының өмір жасын ұзартуға өз әлдерінше үлес қосқан Көктөбе жұртшылығының есінде бұл күн ерекше сақталары анық. Ал алда әлі талай өрлеу, өзгеріс, өркенді істер күтіп тұр.

Баян ҮСЕЙІНОВА.
08 қыркүйек 2018 ж. 826 0