Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » АХУАЛЫҢ ҚАЛАЙ, АУЫЛДАҒЫ АҒАЙЫН?

АХУАЛЫҢ ҚАЛАЙ, АУЫЛДАҒЫ АҒАЙЫН?


Әкім бол, халқыңа жақын бол! Ескіден қалған ұлағатта қаншама тәлім бар, тағылым бар. Әттең, билік тізгінің ұстағандар осы тәмсілден тәлім алса ғой, шіркін! Қазір озық отыздықтан ойып орын алып, ондыққа ұмтылып отырар ма едік?! Мемлекет басшысы халықшыл реформаларға пәрмен беруде-ақ, бірақ, әкім-қараның бәрі бастамаларды байыпты орындауда парасат-пайымы, ой-өрісі жете бермейтіні қолды тұсаулап тұр. Оның үстіне, жұрттың арасында «Үкімет өзегімді талдырмас» дейтін құлдық психологиядан арыла алмағандар баршылық.
Елбасы айтқандай, заманға сай серпіліп, уақыт сынында көш артында қалмау үшін ұлттық сананы һәм қасиеттерді жаңғыртып, бәсекеге қабілеттілікті арттыру қажет-ақ. Бұл – өркендейтін елдің жолы. Осы ұлы жолда халыққа қызмет етуге қабілетті азаматтың бірі – Ғалым Әміреев. Мұндай ой – жер бусанып, жылылықтың лебі есіп, адамдардың назары далаға ауған шақта ауданның шалғайында орналасқан Көктөбе, Қандөз ауылдық округіне барғанда келді. Аудан басшысы елді мекен тұрғындарымен ашық-жарқын пікір алмасып, қордаланған мәселелерді тыңдап, біріге шешудің жолын іздеуінен азаматтығын таныдық.
Алдымен әкім бастаған делегация Көктөбеге тоқтады. Аудан орталығынан 124 шақырым қашықтықта орналасқан ауылда 94 түтін түтейді. 607 адам жерден ризық теріп, малдан несібесін айырып отыр. Тұрғындарға бірнеше дүкен, монша, наубайхана және диірмен қызмет көрсетеді.
«Етікші етікке жарымайды» дегендей Көктөбеге дарияның дидары жақын болғанымен, Мұсаханов каналы осы тұста бастау алғанымен ауылда аяқ су мәселесі шешілмеген. Кезінде Қаракөл совхозының бөлімшесі ретінде құрылған елді мекенде егістік жер де жоқ. Бүгінде Жаңақорған орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесінің жерін келісім арқылы игеріп отыр.
Аудан әкімі тұрғындардың уәжін байыппен тыңдағаннан кейін, кәсіпкерлікпен айналысуға, егістіктің көлемін арттыруға шақырды.
– Біздің мақсат – көктем басында арнайы келіп, елдің жағдайын біліп, мәселесін шешуге ортақтасу. Халықпен байланысты арттырып, бәсекеге қабілетті еңбек етудің жолын қалыптастыру. Ал, бәсекеге қабілетті болудың бір жолы бар, ол – кәсіпкерлікпен айналысу. Биыл облыс әкімі Қырымбек Көшербаев «Кәсіпкерлік қолдау жылы» деп жариялады. Бизнеспен айналысам деушілерге жағдай жасауда. Арнайы жобаларыңыз болса несие рәсімдеуге қол ұшын беруге дайынбыз. Ал, егістік мәселесіне келсек. Орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекеме жердің көлемін ұлғайтуға дайын. Оған аяқ суды қамтамасыз ететін насосты тауып, 1 тонна дизель отынын алып береміз. Операторлармен жеңілдетілген жанар-жағар май беру жолын табуға болады. Енді тек жұмыс істеу керек, – деді аудан басшысы.
Әкім алдағы уақытта ауылда спорттың ашық алаң салынатынын жеткізді. Клуб үйіне жиылғандар басшының бастамаларына тілеулестігін жеткізіп, ісіне береке тіледі.
Одан кейін Ғалым Махмұтбайұлы «Алғыс айту» күнімен Базарбай Байбабаевтың шаңырағына бас сұқты. Сегіз балаға тәлім беріп отырған отағасы әкімнің әлеуметтік сыйлықтарына шаттанып, алғысын жаудырды. Сондай-ақ, Садық Құлмановтың да үйіне соғып, сыйлығын берді.
Келесі кезекте Қандөз ауылдық округіне тоқтады. Ауылдың клуб үйіне белсенді ақсақалдар мен жастар жиналыпты. Ауылдық округ әкімі Роза Исаева елді мекенде агро-индустриялық аймақ құрылатынын жеткізді. Арнайы аймаққа кәсіпкерліктің өркен жаюына, тұрғындардың әлеуметтік жағдайы артуына ықпал ететіні айтылды.
Расында, ауыл тұрғындары кәсіпкерліктен несібесін айыруға ниетті. Мырзабай Бекжігітов құс шаруашылығымен айналысуға, Абай Оңбірбаев көлік жөндейтін орталық ашуға мұратты. Сондай-ақ, 52 адам агро-индустриялық аймақта еңбектенуге кетпенін сайлап отыр екен.
Расында, аудан əкімінің қолдауымен Қаратөбе жəне Қандөз ауылына арнайы 120 гектардан астам жер белгіленіп, агро-индустриялық аймақ ашылады. Агроиндустриялық аймақта тұрғындар жер алып, бақша өнімдері мен тары дақылын егу жоспарлануда.
– Қажырлы еңбекті кәсіпкерлікпен ұштастыра білген ұтады. Бұл – аксиома. Сондықтан, кәсіпкерлік саласына жасалған мүмкіндікті мейлінше пайдаланып, отбасылық бизнесті қалыптастыру керек. Биыл бұған мүмкіндік мол. Соны ұтымды пайдалана біліңіздер, – деп жиылғандарды жігерлендірді аудан әкімі. Әрі басшы ай сайын шалғайдағы ауылға арнайы келіп, мәселелердің шешілуіне атсалысатынын сөз етті.
Одан кейін 64 немере, 24 шөбере, 8 немеренің әжесі Мария Тұрсынбаеваның және бес баланың анасы Ақбөпе Жаңабаеваның шаңырағына бас сұғып, «Алғыс айту» және Халықаралық әйелдер күнімен құттықтап, арнайы сый-сияпатын ұсынды.
Алдағы уақытта аудан әкімі Ғалым Әміреев ауылдық округтерге арнайы барып, тұрғындармен кездесуді жолға қоймақ. Ондағы мақсаты – ауыл халқының ахуалын біліп, әрбір елді мекеннің үлкен бір мәселесін шешіп, брендті даму жолын қалыптастыруды қолға алады. Әрине, бұл – дамуға бастайды. Тек ауылдық округтің әкімдері бастамаға дем беруге қауһары жетсе болғаны...

Нұр-Кенже,
Жаңақорған-Көктөбе-Қандөз-Жаңақорған.
07 наурыз 2018 ж. 1 431 0