Өнегелі отбасы – ұрпаққа үлгі

Отбасы – адам өміріндегі ең қастерлі ұғымның бірі. Бала ең алғашқы тәрбиені отбасынан алады, өмірдің мәнін, үлкенді сыйлауды, кішіге қамқор болуды, еңбекке жауапкершілікпен қарауды да әуелі ата-анасынан үйренеді. Берекелі шаңырақтың тәрбиесі – тұтас қоғамның тәрбиесі. Қыркүйектің екінші жексенбісі «Отбасы күніне» орай Жаңақорған аудандық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен «Өнегелі отбасы – ұрпаққа үлгі» деп аталатын тағылымды шара өтті. Кездесуге аудандағы жас әрі үлгілі отбасы – ұстаз Жандарбек Бектемір мен жары, кәсіпкер Айнұр Бердікеева ұл-қыздарымен арнайы қонақ болып қатысты.
Кездесудің негізгі мақсаты – жастарға отбасы құндылығының маңызын түсіндіру, ата-анаға деген құрметті арттыру, шаңырақтағы сыйластық пен жауапкершіліктің қадірін насихаттау. Тағылымды шараға аудандық №169 орта мектептің оқушылары мен аудандық өнер мектебінің шәкірттері қатысып, қонақтардың өмір жолы мен отбасылық ұстанымдарына қанықты.
Кездесуді аудандық тарихи өлкетану музейінің әдіскері Құралай Дәрмен жүргізді. Әңгіме еркін форматта өрбіп, балалар көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, қонақтармен ашық пікір алмасты.
Кеш қонағы Жандарбек Бектемір:
– Отбасы дегеніміз – бір шаңырақтың астында бірге тұру ғана емес. Отбасы – бір-біріңді түсіну, қолдау, қуанышты бірге бөлісу, қиындықта бір-біріңе сүйеу болу. Баланың тәрбиесіне ата-ананың сөзі ғана емес, күнделікті ісі де әсер етеді. Сондықтан біз балаларымызға ақыл айтудан бұрын, өзіміз үлгі болуға тырысамыз. Үйдегі сыйластық пен жылылық баланың мінезіне, болашағына үлкен ықпал етеді, – дейді.
Ал оның жары Айнұрдың айтуынша, отбасы мен кәсіпті қатар алып жүрудің өзіндік жауапкершілігі үлкен. Бала тәрбиесінде бәрінен де маңыздысы – уақыт.
– Қазір уақыт өте жылдам өтіп жатыр. Балаларымыздың есейіп, өз алдына тұлға болып қалыптасқанын байқамай да қаламыз. Сондықтан ата-ана үшін ең маңыздысы – баласына уақыт бөлу. Оның әңгімесін тыңдау, қуанышын бөлісу, қажет кезінде ақылын айту – үлкен тәрбие. Үйде ата-ана бір-бірін құрметтесе, бала да сол сыйластықты бойына сіңіреді. Біз үшін отбасының бақыты – балаларымыздың амандығы мен тәрбиесі, – деді Айнұр.
Кездесудің ең әсерлі тұстарының бірі – қонақтардың балаларының да әңгімеге араласуы болды. Әке-шешесімен бірге келген ұл-қыздары өздерінің отбасы туралы ойларымен бөлісіп, ата-аналарынан үйренген жақсы қасиеттерін айтып берді. Бұл көрініс балалар үшін отбасы тәрбиесінің құр сөз емес, күнделікті өмірден көрінетін нақты үлгі екенін аңғартты.
Шара барысында оқушылар да белсенділік танытып, отбасы, ата-ана, бала тәрбиесі, мамандық таңдау және өмірлік мақсат туралы сауалдарын қойды. Оқушылардың сауалдарына қонақтар өз өмірлік тәжірибелері арқылы жауап берді. Әңгіме барысында жасөспірімдер үшін отбасы құндылығының мәні ашылып, ата-ананың бала өміріндегі орны кеңінен сөз болды.
Кездесудің көркін аудандық өнер мектебінің оқушылары да аша түсті. Өнерлі өрендер отбасы тақырыбындағы әндерін орындап, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Балалардың өнері мен қонақтардың өнегелі әңгімесі өзара үйлесіп, мазмұнды кештің әсерін арттыра түсті.
Жиын соңында Құралай Дәрмен отбасы құндылығының ешқашан ескірмейтінін айтып, жастарға ақ тілегін білдірді.
Шын мәнінде, қоғамның берік болуы – отбасындағы татулық пен тәрбиеден басталады. Әрбір шаңырақта өзара сыйластық орнап, ата-ана балаға өнеге көрсете білсе, елдің ертеңі нық. Өйткені бүгінгі бала – ертеңгі азамат, ал оның бойындағы адамгершілік қасиеттің алғашқы дәні отбасында себіледі.
Өнегелі шаңырақтың өмір жолын тыңдап, ата-ананың ақылын естіп, өнерлі балалардың өнерін тамашалаған оқушылар үшін бұл күн есте қаларлықтай әсерлі өтті.
Берекелі отбасы – бақытты баланың мекені. Ал тәрбиелі ұрпақ – елдің ертеңгі берік тірегі.
Әсел РЗАЕВА




