№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » ТӨЛЕПБЕРГЕН ӘБДІРАШЕВТІҢ ЕСІМІ ҰЛЫҚТАЛДЫ

ТӨЛЕПБЕРГЕН ӘБДІРАШЕВТІҢ ЕСІМІ ҰЛЫҚТАЛДЫ


Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Рухани жаңғыру мақаласы тұлғатану ілімін дамытуға серпіліс берді. Әсіресе, тарихи тұлғалардың қабілет-қарымы мен бітім-болмысын дәріптеп, жастардың бойына дарытуда таптырмайтын құралға айналды. Осындай мұратпен үндескен «Қазақ мәдениетіндегі классикалық музыка және Төлепберген Әбдірашевтің мұрасы» атты рухани-мәдени шара Бесарық ауылдық округінде өрбіді.
Салтанатты шараның ашылуында Қазақстанның халық әртісі Нұржамал Үсенбаева «Гәкку» әнін шырқады. Одан кейін облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Бесарықтағы №239 мектепке Төлепберген Әбдірашевтің есімін берудің мәніне тоқталды.
– Төлепберген Әбдірашев жастайынан білімге құштарлығын аңғартып, ізденісімен ұстаздарын тәнті етеді. Сондай асқақ мұраты консерваторияның студенті атандырады. Онда «Халық аспаптары оркестрінің дирижері» деген мамандығын алып, Шымкент музыкалық училищесінде оқытушылық қызметке кіріседі. Білімін, біліктілігін арттыру мақсатында Мәскеудің Чайковский атындағы мемлекеттік консерваторияда кәсіби ілімін арттырады. Жалпы, қазақ музыка өнерін әлемдік деңгейге көтерген қайраткер Еуропа елдерін өзінің талантымен мойындатты. Мұндай тұлғаны неге ұлықтамасқа? – деді облыс әкімі.
Расында, тауға қарап өскен тау баласы шетелдік көрермендердің көңілінен жол тауып, қазақ халқының дарынды ұлт екенін мойындатты. АҚШ, Австрия, Англия, Болгария, Германия, Куба, Оңтүстік Корея және т.б елдердің концерт залының есігін былайғы жұрт сығалап ашса, Төлепберген Әбдірашев қасқайып халықтың өнерін дәріптеді. Оның орындауындағы әр шығарма – өзіндік құны бар өзгеше дүние. Ол музыка өнерінің ырғағы мен толқынын бар жан-жүрегімен, тұла бойымен сезіне алды. Тіпті, сиқырлы таяғымен бүкіл оркестрді бағындырып, биіктерден көрінді. Бұл жөнінде Төлепбергеннің ұстазы, ҚазКСР-ның еңбек сіңірген әртісі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Меруерт Қабыкенқызы айтты.
Талантты тұлғаның талабын ұштаған ұстаз Меруерт Кәленбаеваның еңбегін құрметтеген облыс басшысы ілтипат көрсетті.
Киелі сахна төрінде сыйқырлы таяқ ұстаған күйі жан тапсырған талант жайында бірге қызметтес болған әріптесі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Жания Әубакирова бірге өткізген күндерін еске алып, адамгершілік қасиеттерін сөз қосып:
– Төлепберген секілді нағыз өнер адамымен танысуым – шығармашылық шыңдалуыма жол ашты. Талай жолдарда жолымыз түйісіп, үлкен сахнаға бірге шығып жүрдік. Қаншама ұмытылмас сәттерді, қимас күндерді өткердік. Ол табиғи талантымен, шынайы болмысымен есте қалды. Үнемі өз білгені мен түйгенін бөлісіп, шабыт пен шығармашылықты биік ұстады. Оның мәдениетілігі, өнері, тұлғалық қасиеті ешкімге ұқсамайтын еді, – деп мектеп ұжымына қаржылай демеу беретінін айтты.
Белгілі композитор Алтынбек Қоразбаев Алматыға арман қуып келген сәтте, бір бөлмеде бірге тұрғанын сөз етті.
– Арамыздағы тірлікке ширағы Төлепберген еді. Сондықтан онымен жүрген кезде тарықпайтынбыз. Оның тағы бір қасиеті – спортқа бейім болатын. Футболды жақсы ойнайтындықтан оны «Пеле» деуші едік. Чайковский атындағы мемлекеттік консерваторияға оқуға тапсырып жүргенде маестр Геннадий Рождественский Төлепбергеннің талантына тәнті болғаны есімде. Ұстаз Төлепбергенді әлемдік деңгейде көтеруде ағылшын тілін меңгеруге кеңес береді. Осылайша жастайынан білімге құштар азамат ағылшын, француз тілін меңгереді. Мен осындай талантты тұлғамен дос болғанымды мақтан етемін, – деді. Әрі облыс басшысына қазақ өнерінің жарық жұлдызы Роза Бағланованың портретін сыйға тартты.
Елдің түкпір-түкпірінен келген меймандар арасында дирижердің шәкірті Қанат Омаров ұстазының пайым-парасатын, шәкірттеріне деген ыстық ықыласын жеткізді. Қызметтегі әріптес достары атынан сөз алған Дәлел Уашев №239 мектепте ашылған Төлепберген Әбдірашевтің музейіне оның майлы бояумен салынған портретін сыйлады. Қазақтың көрнекті сатиригі Көпен Әмірбек Төлепбергеннің сиқырлы дирижерлік таяғын мұражайға табыс­тады. Қаламгер Бақтыбай Айнақожаевтың «Төрлет – бас маэстр Төлепберген Әбдірашев» атты кітабы көпшілікке үлестірілді.
Бақтияр Төлепбергенұлы тұлға есімін ұлықтаған елге алғыс білдіріп, әкесі жаққан отты сөндірмейтінін айтты.
Шара соңында Қырымбек Көшербаев дирижер Төлепберген Әбдірашевтің шығармашылығын дәріптеу үшін алдағы уақытта талай жұмыстар жасалатынын айтты. Соның алғашқысы №239 мектепке Т.Әбдірашев есімі берілуі болды. Алдағы уақытта мектептің алдында ескерткіш мүсіні қойылатыны, Қызылорда қаласында жаңадан бой көтеріп жатқан көшеге есімі берілетіні белгілі болды.
Шара өнерпаздардың концертік бағдарламасымен жалғасты. Одан кейін тұлға рухына Құран оқылып, ас берілді.

Мақпал МАРҚАБАЙ.
19 маусым 2018 ж. 1 759 0