Соңғы жаңалықтар

№92 (8906) 2

02 желтоқсан 2025 ж.

№91 (8905) 29

29 қараша 2025 ж.

№90 (8904) 25

25 қараша 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031 
» » » Кітап иісі сіңген ғұмыр

Кітап иісі сіңген ғұмыр


Аудандық кітапханада ұзақ жылдар еңбек етіп, зейнетке шыққан Зада апамыздың болмысынан кітапқа адалдықтың, мамандығына құштарлықтың, отбасы мен ұлт құндылығын қатар ұстаған парасаттылықтың үлгісін көргендей боламыз.
Отыз жылдай аудандық кітапхананың директоры болып қызмет атқарған Исаева Зада апайымыздың қамқорлығын біз де көрдік. Күні кеше ауданның құрметті ардагері медалімен марапатталған сала ардагерінің өмір жолы – біз үшін өнеге.


Көркіне ақылы сай, мінезі мен парасаты келіскен Зада апайдың өмір жолы – бір ғана адамның тағдыры емес, тұтас бір дәуірдің бейнесіндей.
Жан дүниені жаңғыртып, қоғамға рухани сәуле сыйлайтын мамандық, ол әлбетте кітапханашылық десек артық болмас. Біздің Зада апай іскерлік пен ізденістің, ұқыптылық пен төзімнің, оқырманға қызмет етудің мәртебелі жолын әрі жауапкершілігін сезіне білген жан.
Ол Жамбыл облысы, Талас ауданы, Кеңес ауылында 1947 жылы 1 маусымда дүниеге келген. Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектепті тәмамдаған соң Жамбыл қаласындағы мәдени-ағарту училищесінің кітапхана бөлімінде білім алып, кітапханашы мамандығын игеріп шығады.
Зада апай үшін әр кітап – бір әлем, әр оқырман – сол әлемге жол бастаушы шәкірт. Оқырманды жылы жүзбен қарсы алып, жүрегінен шыққан сөзбен бағыт берді. Жас өрен алғашқы кітапты апайдың қолынан алып, кітапхананың иісін алғаш сол арқылы сезінді.
Жастық жалынға толы сол жылдары ол елге қызмет етудің ең асыл жолы – руханиятқа, кітапқа қызмет ету деп түсінді. Осы сенім оны 1960-жылдардың соңында Жаңақорған аудандық балалар кітапханасына алып келді. Содан бастап өмірінің бар саналы кезеңін кітап пен оқырманға, рухани байлық пен білім жолына арнады.
Кітапхана – ел руханиятының жүрегі. Сол жүректің дүрсілін тоқтатпай, жарығын сөндірмей ұстаған жандардың бірі – Зада апай өз ісіне деген адалдығының, жауапкершілігінің арқасында ұжымның сеніміне ие болып, 1975 жылы аудандық кітапхананың меңгерушісі қызметіне тағайындалды.
Жетпісінші-сексенінші жылдардағы ауыл өмірі – мәдени өрлеудің, өнер мен кітаптың биікке көтерілген дәуірі еді. Сол кезеңде Зада апай оқырманмен тығыз байланыс орнатып, түрлі мәдени іс-шаралар, әдеби кештер ұйымдастырып отырды.

Зада Исаева тек кітапхана саласында ғана емес, мәдениет пен өнердің де бел ортасында жүрген жан. Жас кезінде аудандық мәдениет бөлімі жанындағы көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып, сахнада басты рөлдерде ойнаған. 1967 жылы С. Сұханбердиннің «Айгүл» спектаклінде басты рөлді сомдап, облыстық байқауда «Әйелдердің образын орындаудың жұлдызы» атанып, І дәрежелі дипломмен марапатталған. Сол жылы аудан өнерпаздары облыста бірінші болып «Халық театры» атағын иеленген болатын.

Зада апайдың еңбегі мен өнердегі жетістіктері лайықты бағаланып, ол бірнеше мәрте Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттар, «Еңбек ардагері» медалі, «Қазақ ССР мәдени­ет министрлігінің грамотасы», «Кітапқұмарлар қоғамының озат белсендісі» төсбелгісімен марапатталған. Сондай-ақ ол «Қазақстанның Құрметті кітапханашысы» төсбелгісінің иегері.
Қазақта «Келіннің аяғынан» деген сөз бар. Зада апай барған жеріне шырай, мейірім мен береке әкелді. Ата-ененің батасын алып, шаңырақтың мерейін арттырды.
Өмірлік серігі Есенгелді ағамыз да өнер мен мәдениетке жақын, адал еңбегімен ел құрметіне бөленген азамат еді. Өкінішке қарай, ері өмірден ертерек өтті. Бірақ артына өнегелі ұрпақ қалдырды. Зада апай бүгінде сол ұрпағының ортасында шаттыққа кенеліп отыр.
Жылдар өте кітапхана өмірі де, оқырман талғамы да өзгерді. Бірақ Зада апайдың кітапқа, оқуға деген құрметі ешқашан өзгерген емес. Ол әрдайым «Кітап – адам өмірінің шамшырағы, ал кітапханашы – сол шамның жарығын тұтатады» деген қағиданы ұстанды.
Зейнетке шыққан соң да апайдың өмірі кітаптан алыстаған жоқ. Үйінің бір бұрышы – шағын кітапхана. Сөрелерде талай жылдар бойы серік болған кітаптар тізіліп тұр. Балаларын, немерелерін сол кітаптардың айналасына жинап, баяғы кітапханада жүргендей әсермен сыр шертіп, рухани азық сыйлайды.
Зейнет демалысына шықса да, кітапханамызға келіп, ақыл-кеңесін беріп отырады. Кітапхананың әр бұрышында оның жылдар бойғы еңбегінің ізі жатыр. Кітаппен сырласқан, руханиятты өмірінің мәніне айналдырған ардагер апайымыздың өмір жолы – бүгінгі және келешек буын кітапханашыларға үлгі.
Кітап сіңген ғұмыр – міне, осындай.

Маржан Ергешқызы,
аудандық кітапхананың әдістемелік
бөлімінің меңгерушісі

27 қараша 2025 ж. 111 0