Соңғы жаңалықтар

№92 (8906) 2

02 желтоқсан 2025 ж.

№91 (8905) 29

29 қараша 2025 ж.

№90 (8904) 25

25 қараша 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031 
» » » Ұлт мұрасының жанашыры

Ұлт мұрасының жанашыры


Музей – ұлттың жады, халықтың тарихы мен мәдениетінен сыр шертетін қасиетті орын. Өткеннің көзіндей болған жәдігерлерді жинақтап, көздің қарашығындай сақтап, келешек ұрпаққа аманат ететін алтын ұя. Музей – тарих пен шындықтың үндескен мекені.


Қазақстандағы алғашқы музей 1831 жылы Орынбор қаласында ашылған екен. Бүгінде ел көлемінде жүздеген музей халыққа қызмет көрсетіп келеді. Солардың бірі – Жаңақорған аудандық тарихи-өлкетану музейі. Бұл мекеменің де өзіндік тарихы, өрелі жолы бар. Мекеменің қалыптасу жылдарындағы қиын-қыстау шақта бел шешіп, білек сыбана кіріскен азаматтардың еңбегі ерекше. Солардың қатарында есімі ерекше құрметпен аталатын жан – Әбсаттарова Рахима Тілеубергенқызы туралы айрықша тоқталсам деймін.
1992 жыл. Ел еңсесін енді тіктей бастаған, тоқырау мен үміт қатар жүрген кезең. Дәл осы уақытта ҚР Мәдениет министрлігінің №144 қаулысымен Жаңақорған ауданында тарихи-өлкетану музейін ашу туралы шешім қабылданды. Бұл игі бастаманың басында туған жеріміздің перзенті, ауданның Мәдениет үйі режиссеры Әмір Мәжитов ағамыздың тұрғанын айтуға тиіспіз. 1997 жылы аудандық мәдениет үйінің екінші қабатынан көрме ашылып, жұртшылыққа есігін айқара ашты.
Жаңадан құрылып жатқан музей үшін негізгі міндет – жәдігер жинау еді. Бұл оңай шаруа емес-ті. Бір жағы­нан материалдық-техникалық база жетіспейді, екінші жағынан тәжірибе аз. Бірақ шынайы жанашырлық пен ел мұрасына деген сүйіспеншілік қиындықты еңсеруге жол ашты.
Осы тұста музей ісіне жүрегімен берілген, бар ғұмырын мәдени мұраның қадірін арттыруға арнаған Рахима Тілеубергенқызының еңбегі орасан. Ол алғашқы еңбек жолын 1987 жылы аудандық комсомол комитетінен бастады. Кейін М.Көкенов атындағы өнер мектебінде, аудандық мәдениет үйінде түрлі қызметтер атқарды. Ал 1992 жылы мәдениет бөлімінің сол кездегі басшысы Махмут Әуезовтің тікелей тапсырмасымен жаңадан құрылатын музейге жәдігер жинау ісіне кіріседі.
Сол жылдары ел ішінде көлік те, байланыс та оңай болмаған. Ауыл-ауылды аралап, мәдениет қыз­меткерлері концерт қойған сәтте, Рахима апай үй-үйді жағалап, көненің көзіндей жәдігерлерді табуға бар ықыласымен кірісіп кететін. Оның ішінде не жоқ дей­сіз, ардагерлердің орден-медалі мен құжаттары, ата-бабамыз ұстап-тұтынған тұрмыстық бұйымдар, шойын самаурын, шоқ үтік, келі мен келсап, теміржол сынды патшалық кезеңде іргесі қаланған мекемелердің кәсіби құрал-жабдықтары түгелдей музейге табысталды. Құжаттандыру, тіркеу секілді жұмыстар кейін бірте-бірте қалыптасып, жүйеге түсті.
Ол кісі: «Музей саласының классификациялық тәртібінен хабарым болмағанымен, бар пейілімді осы жәдігерлер ертең ұмыт болып кетпесін деген мақсатқа бұрдым», – дейді бір естелігінде. Осындай жанашырлық пен адал ниеттің арқасында бүгінде музей қорында көптеген құнды дүниелер жинақталған.
Рахима Әбсаттарова – музей үшін туған адам. Ол тек жәдігер жинаушы емес, әр заттың артында тұтас тарих жатқанын түсінетін шын жанашыр. Бір тарихи бұйымның хабарын естіді дегенше, күн-түн демей ел аралап, оның түп-төркінін анықтап, музейге алдыр­май тыным таппайтын. Оның жанкештілігі, іскерлігі, табандылығы ел арасында аңызға айналды.
Рахима апайдың музей ісіне сіңірген еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері кәсіподағының «Еңбек Даңқы» төсбелгісімен, сондай-ақ облыстық, аудандық Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттармен марапатталған. Бұл марапаттар – рухани мұра жолында еткен еңбектің әділ бағасы.
2024 жыл аймақ басшысының бастамасымен «Руханият жылы» аясында Жаңақорған ауданында «Руханият орталығы» бой көтеріп, Жаңақорған аудандық тарихи-өлкетану музейі жаңа экспозициялық талаптарға сай жаңарды.
Бүгінде Рахима Абсаттарованы шәкірттері, әріп­тестері ұстаз ретінде ерекше құрметтейді. Оның бойындағы жауапкершілік, елдік рух, туған жердің тарихына деген сүйіспеншілік – көпке үлгі. Осындай тұлғалар бар кезде музейлеріміз – тек жәдігер қоймасы емес, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтайтын рухани орда болып қала береді.
Көптің көкейінде Рахима апайға «Мәдениет саласының үздігі» атағы берілсе деген ниет басым. «Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын» дейді халқымыз. Біз үшін Рахима Тілеубергенқызы – шынайы жанашыр, мәдениет майталманы, руханияттың шырақшысы.
Музейдің іргетасы мықты болу үшін алдымен рухани бай адам керек. Рахима сынды тұлғалар – сол байлықтың шынайы иесі. Оның еңбегі – болашаққа жол, келер ұрпаққа өнеге.

Эльмира Алиханова,
Жаңақорған аудандық тарихи-өлкетану музейінің қор сақтаушысы

03 қараша 2025 ж. 139 0