Бақдаулет марапат биігінде
Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен өткен аймақтық байқауда «Үздік музей қызметкері – 2024» аталымына Бақдаулет Таждинов лайықты деп танылды. Жаңақорғандағы жәдігерлерді, тарихи тұлғалар мен жер-су атауларын, жалпы өткеннің өнегесін өшірмей, кейінгі буынға насихаттап жүрген жерлесіміз таланттылар тұғыры емес, мәдени тұлғалар төріне де лайықты. Облыс аумағындағы үздіктер сапында бой түзеді. Бақ сынаған қатысушылар өзара 3 кезең бойынша сайысқа түсіп, байқаудың шарты бойынша барлық сынақтан сүрінбей өткен ол қазылар алқасының шешімімен дараланып сүйіншіледі.
Тарих – елдің өткені мен болашағын жалғаушы алтын көпір. Осы құнды мұраны сақтау мен насихаттауда үлкен еңбек сіңіріп жүрген жандардың бірі – Жаңақорған аудандық музейінің қызметкері Бақдаулет Хайруллаұлы бұл салада 16 жылдан бері адал еңбек етіп, туған жердің тарихын сақтауға бар күш-жігерін арнап келеді.
– 2009 жылы музей саласына қадам басқан кезден-ақ өзімнің мұрағат ісіне деген сүйіспеншілігім мен жауапкершілігімді таныттым. Сол уақыттан бері музейдің дамуына үлкен үлес қосып, өңірдің тарихи-мәдени мұраларын халыққа кеңінен таныстыруға талпынып келемін. Әрбір жәдігерді халық игілігі үшін сақтауды басты міндетім деп санаймын. Туған жер тарихына деген құрметімнің, жүрек түкпіріндегі Отанға деген сүйіспеншілігімнің арқасында ел арасында түрлі этнографиялық, археологиялық құндылықтарды іздеп тауып, музей қорын толықтыруға ерекше көңіл бөлемін. Өзімнің мұрындық болуымен музейге әкелінген құнды заттар бүгінде халықтың рухани байлығына айналғанына мқтан тұтамын, – дейді жарыс жеңімпазы.
Бақдаулет Таждиновтың басты ерекшелігі – музей жұмысын заманауи әдістермен ұштастыра білуінде. Ол интерактивті экскурсиялар өткізіп, келушілерді өткен дәуірлердің рухымен баурайды. Әрбір экспозицияны түсіндіруде тарихи оқиғаларды қызықты деректермен толықтырып, тыңдаушылардың ерекше әсер алуына жағдай жасайды. 16 жыл бойы адал қызмет етіп, музей ісінің дамуына қосқан зор үлесі үшін Бақдаулет Хайрпуллаұлы аудан мен облыс деңгейінде бірнеше мәрте марапатқа ие болды.
Бақдаулет Хайруллаұлының кәсіби біліктілігі мен жұмыстағы жауапкершілігін әріптестерінің дән ризашылығынан анық байқауға болады. Музей қызметкері туралы:
– Бақдаулет Таждинов білімі мен біліктілікті шығармашылық көзқараспен үйлестіре отырып, музей экспонаттарының тарихын тірілтіп келушілердің қызығушылығын арттырады. Мұндай маман заманауи технологияларды игеріп, қоғамның өзгермелі сұраныстарына бейімделе алады. Өз ісіне деген махаббаты мен адалдығы арқылы ол музейді нағыз рухани орталыққа айналдыруға үлкен үлес қосып келеді, – дейді, Жаңақорған аудандық тарихи өлкетану музейінің басшысы Ажар Жанаева.
Бақдаулет Хайруллаұлы сияқты кәсіби мамандардың арқасында ұлттық мәдениет пен тарихымыз мәңгілік өмір сүруде. Ол – кеше мен бүгінді жалғаушы, һәм, ұлт руханиятының адал қорғаушысы.
Жәмила ЕРМАХАН