Соңғы жаңалықтар

№92 (8906) 2

02 желтоқсан 2025 ж.

№91 (8905) 29

29 қараша 2025 ж.

№90 (8904) 25

25 қараша 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031 
» » » «Оян, қазақ!» – ұлт жүрегіндегі өлмес рух

«Оян, қазақ!» – ұлт жүрегіндегі өлмес рух


Қай заманда да елдің еңсесін көтеріп, ұлттың рухын асқақтатқан тұлғалар тарихта мәңгі қалады. Сол ұлы есімдердің бірі – халқына шын берілген, елінің азаттығы жолында ғұмырын арнаған, ұлт көсемі Міржақып Дулатұлы.


Бүкіл қазақ сахарасына «Оян, қазақ!» деп ұран тастаған Міржақыптың өмір жолы – ұлтқа қызмет етудің, әділет пен шындық үшін күрестің үлгісі. Оның әрбір шығармасы бүгінгі ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезімді ұялатып, ұлтқа адал болуға шақырады. Осы мақсатта аудандық Адырбек Сопыбеков атындағы аудандық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен әдеби-шығармашылық байқау өтті.
Байқауға аудан мектептерінен 15 оқушы қатысып, өз өнерлері мен білімдерін ортаға салды. Сайыс екі кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде қатысушылар Міржақып Дулатұлының өлеңдерін жатқа оқудан сынға түсті. Бұл кезеңде оқушылар ақын жырларындағы отты рух пен терең ойды жүрекпен жеткізе білді. Әрқайсысының дауыс ырғағы, интонациясы, сөзді сезінуі – Алаш рухына деген құрметін айғақтады.
Қазылар алқасы жас өрендердің көркем сөзге деген сүй­іспеншілігін, олардың әдебиетке деген шынайы қызығушылығын ерекше бағалады. Осы кезеңнің қорытындысы бойынша 9 оқушы келесі кезеңге жолдама алып, байқаудың екінші бөліміне өтті.
Екінші кезеңде үміткерлерге эссе жазу тапсырылды. Бұл тапсырма арқылы оқушылар ұлт зиялысының өмірі мен қызметін өз көзқарасымен, жеткізуге тырысты. Эссе мәтіндерінде Міржақыптың ел үшін күрескен қайсар мінезі, ұлтқа деген махаббаты мен әділет жолындағы табандылығы кеңінен ашылды. Кейбір қатысушылар Міржақыпты қазіргі заманның ойшылдарымен салыстырып, оның идеяларының бүгінгі қоғаммен үндес екенін атап өтті. Ондағы құнды пікірлер жас ұрпақтың азаматтық көзқарасының қалыптаса бастағанын көрсетті.
Қазылар алқасының шешімімен І дәрежелі дипломды №286 мектептің 8-сынып оқушысы Жамбыл Айару иеленсе, ІІ дәрежелі диплом №125 С.Сапарбеков атындағы мектептің 8-сынып оқушысы Тұрғанбек Айаруға табысталды.
ІІІ дәрежелі дипломдарға №163 орта мектептің 7-сынып оқушысы Шарап Ақбілек пен «Заңғар» интеллектуалды мектебінің 8-сынып оқушысы Ералы Айғаным лайық деп танылып, жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталды. Барлық қатысушылар алғыс хаттармен марапатталды.
Байқау соңында ұйымдастырушылар мен ұстаздар жастардың ізденімпаздығын, ұлт әдебиетіне деген құрметін ерекше атап өтті. Олар бұл шараның маңызы – тек жарыс емес, рухани серпіліс пен ұлттық санаға жетелейтін сабақ екенін айтты. Бүгінгі жас ұрпақтың Міржақып жырын жаттап, оның күрескерлік рухын түсінуге ұмтылуы – болашаққа деген сенімнің көрінісі. Әрбір оқушының көзінде жалын, сөзінде сенім бар. Бұл – Міржақыптың аманатының ұмытылмағанының дәлелі.
«Халықтың кемеліне келіп өркендеуі үшін ең алдымен азаттық пен білім керек» деген Міржақыптың өсиеті – әр қазақ баласының жүрегінде жаңғырып тұр. Ол айтып кеткен білім мен еркіндік идеясы бүгінгі тәуелсіз елдің іргетасына айналды.
Осындай тағылымды шаралар арқылы өскелең ұрпақ өз елінің тарихын танып, рухани байлықты бойына сіңіріп, Алаш арыстарының ізін жалғауға талпынуда. Бұл – тәуелсіз елдің ең үлкен жетістігі.

Түйін. Міржақып мұрасы – ұлтты сүюдің, елге адал қызмет етудің символы. Оның шығармалары мен күрес жолы бүгінгі жастардың рухын биіктетіп, ұлтқа деген сүйіспеншілігін арттыра түсті. Аудандық байқау – тек өнер сайысы емес, ұлт рухын жаңғыртқан, өшпес өнегені ұрпақ санасына сіңірген мағыналы мереке болды. Осы рух жалғасын тауып, Міржақып армандаған азат ойлы, білімді, намысты ұрпақ өсіп келе жатқаны қуантады.

Жәмила ЕРМАХАН

20 қазан 2025 ж. 169 0