№42 (8856) 10

10 маусым 2025 ж.

№41 (8855) 3

02 маусым 2025 ж.

№40 (8854) 31

31 мамыр 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30 
» » » Сәби жүректің сырласы

Сәби жүректің сырласы


Жаңақорған аудандық балалар кітапханасында ерекше рухани іс-шара өтті. Қазақ балалар әдебиетінің көрнекті өкілі, балалар ақыны Адырбек Сопыбековтің шығармашылығына арналған бұл мерекелік кеш – ақынның ұрпақ жүрегіндегі орнын, шығармаларының мәні мен тәрбиелік маңызын тағы бір мәрте айқындап берді.


Әдеби кешке ақынның жары, шәкірттерінің құрмет тұтар анасы Шәрипа Шерімбетова апайымыз арнайы қатысып, жұртшылықты ерекше толқытқан әсерлі естеліктерімен бөлісті. Ол кісінің сөзінен-ақ Адырбек ағамыздың адами болмысы мен шығармашылық өмір жолы анық көрінді.
Шара барысында ауданымыздағы №56 мектептің 6-сынып оқушылары ақын өлеңдерін жатқа оқып, оның «Ұстаздарым», «Күнбағыс», «Менің әліппем», «Кітап», «Біз бақытты баламыз» сынды бірқатар өлеңдерін оқып, ақын өлеңдерінің шумақтарынан айтыс сахналады. Бүлдіршіндер ақын жырларынан қуат алып, поэзия әлеміне саяхат жасады. Олардың көзіндегі жарқыл мен өлеңге деген қызығушылық Адырбек Сопыбеков шығармашылығының әлі күнге өзектілігін көрсетті.
Ақынның "Сапар мен парта" өлеңі бойынша ұйымдастырылған шағын қойылым көрерменнің ерекше ықыласына бөленді.
Шәрипа апай өз сөзінде:
"Адырбек – ең алдымен бала жанының бағбаны еді. Ол әрбір өлеңінде баланың табиғатына, мінезіне, қиялына үңілді. Соның арқасында балалар оны жатырқамай, досындай қабылдай білді. Бүгін сол достықтың мәңгілік екенін көріп отырмын," — деді.
Ол сонымен қатар ақынның өмірдегі қарапайымдылығы, перзенттерге деген мейірімі, ұстаздарға деген құрметі туралы әсерлі әңгімелер айтып, жастарды кітап оқуға, ізденуге шақырды.
Аудандық балалар кітапханасы бұл шараға үлкен дайындықпен келгені байқалды. Кітап көрмесінде "Балалар жүрегінің бағбаны" атты бұрыш жасақталды. Онда Адырбек Сопыбековтің авторлық кітаптары, сирек суреттері мен өмірбаяны туралы тың деректер қойылған.
Балалар кітапханасының меңгерушісі Мейрамкүл Жиенбаева:
"Біздің мақсат – тек еске алу ғана емес, ақынның өнегелі жолын жас ұрпаққа насихаттау. Адырбек Сопыбеков – тек балалардың ғана емес, қазақ әдебиетінің мақтанышы," – деп атап өтті.
Кеш соңында ақын атындағы руханият ордасында өнер көрсеткен оқушылар марапатталып, оларға арнайы сыйлықтар табысталды.
Адырбек Сопыбеков – тек өлең жазған ақын емес, ол – баланың жанын түсінген, оның әлемін бейнелеген нәзік те мейірімді сөз зергері. Осындай кештер арқылы оның аты мен мұрасы әлі талай буынның жүрегінен орын алмақ.

Жәмила ЕРМАХАН
13 мамыр 2025 ж. 820 0