Алаштың сөнбес жұлдызы

Қазақ халқының өткен тарихы күреске, қайсарлыққа, ерлікке толы. Біздің ұлттық санамыздың оянуына, азаттығымыздың асқақ мұратқа айналуына себеп болған тұлғалардың қатарында Міржақып Дулатұлының есімі ерекше орын алады. Ол – бар ғұмырын ұлтына арнап, шығармашылығы мен қоғамдық қызметін халқының болашағына бағыштаған қайраткер. Биыл ұлы тұлғаның туғанына 140 жыл толып отыр. Бұл – тек мерейтой емес, ұлт руханиятының мәңгілік құндылықтарын қайта зерделеп, бүгінгі ұрпаққа ой салатын ерекше белес.
Міржақыптың күрескерлік жолы мен шығармашылық мұрасын бір ғана еңбегімен-ақ сипаттауға болады. Ол – 1909 жылы Уфада жарық көрген «Оян, қазақ!» атты кітабы. Бұл кітаптың жарыққа шығуы қазақ қоғамы үшін теңдессіз құбылыс болды. «Оян, қазақ!» – ұлттың намысын оятқан, жүрегіне от жаққан, санасына серпіліс әкелген ең алғашқы саяси-әлеуметтік үндеу. Міржақып осы еңбегінде: «Қазағым, елім, қайран жұртым, ұйықтап жатқан халықсың, енді оянбасаң, ертең кеш болады» деп жар салды. Ол халықты білімге, өнерге шақырып, бодандық қамытын сыпырып тастауға үндеді. Осы еңбекті оқыған әрбір қазақ жүрегі ел тағдырына алаңдады, ұлттық рухты сезінді.
Алайда дәл осы кітап Міржақыптың тағдырын да күрделендірді. Патша үкіметі оны «халықты бүлікке шақырды» деп айыптап, қатаң бақылауға алды. Бірақ ол шындықты айтудан, ұлт мұңын жеткізуден тайынбады.
Міржақыптың қоғамдық қызметіндегі тағы бір үлкен белес – қазақ баспасөзін дамытуға қосқан үлесі. 1913 жылы Орынборда Ахмет Байтұрсынұлы мен Әлихан Бөкейханның бастамасымен шыққан «Қазақ» газетінде ол негізгі авторлардың бірі болды. Бұл басылымда Міржақып жер мәселесін, оқу-ағарту, тіл тағдыры, әйел теңдігі, ұлттық бірлік туралы өткір мақалалар жариялап отырды. Ол «Қазақ» газеті арқылы халыққа жол тауып, елдің саяси көзқарасын қалыптастыруға атсалысты. Қазіргі тәуелсіз қазақ баспасөзі сол «Қазақ» газетінен бастау алғаны – тарихи шындық.
1917 жылғы Алаш қозғалысы тұсында Міржақыптың есімі одан әрі биіктеді. Ол Алаш партиясының белсенді мүшесі болды, Алашорда үкіметінің бағдарламасын жасауға қатысып, елдің саяси тағдырын шешуге араласты. Оның бар мақсаты – қазақ халқының азаттығы, ұлттық мемлекеттіліктің құрылуы еді. Бірақ бұл арманды жүзеге асыру оңай болған жоқ. Кеңестік билік орнап, Алаш қайраткерлеріне қылышын қайрағанда, Міржақып та қуғын-сүргінге ұшырады. 1928 жылы тұтқындалып, айдауға жіберілді. Ақыры 1935 жылы Карелиядағы Соловки лагерінде қайтыс болды. Сол бір азапты жылдарда ол туған еліне қайта оралуды армандап кетті. Бірақ арманын өзі көрмесе де, халқы орындады.
Міржақыптың мұрасы ұзақ жылдар бойы жабық күйінде жатты. Кеңестік идеология оның атын атауға да тыйым салды. Тек тәуелсіздік алғаннан кейін ғана оның еңбектері халқына толық жетті. Бірақ сол жолда ұлы қайраткердің қызы – Гүлнар Міржақыпқызының еңбегі орасан зор екенін ұмытпауымыз керек.
Гүлнар апамыз – әкесінің атын ардақтаған, асыл мұрасын халқына қайтарған қайсар жан. Ол ұзақ жыл бойы әке есімін ақтап алуға күш салды. «Шындық шырағы», «Әйтпесе айтар сөзім бар еді», «Алаштың сөнбес жұлдыздары» атты еңбектерінде әке тағдырын, оның күресін, Алаш қайраткерлерінің шынайы бейнесін кейінгі ұрпаққа жеткізді. Гүлнар апамыздың арқасында Міржақыптың есімі қайта жаңғырып, асыл еңбектері басылып шықты. Егер ол кісінің қажыр-қайраты болмағанда, Міржақыптың мол мұрасының бір бөлігі халыққа жетпей қалуы әбден мүмкін еді. Сондықтан Міржақыптың 140 жылдығын атап өткенде, оның қызы Гүлнардың еңбегін де бірге атап өтуіміз – әділеттің өзі.
Бүгінгі ұрпақ үшін Міржақыптың өмірлік жолы – үлкен сабақ. Ол азаттықты аңсады, ол білім мен ғылымды басты құндылық санады, ол тілдің тағдыры үшін күресті. Қарап отырсақ, осының бәрі қазіргі тәуелсіз Қазақстан үшін де өзекті. Әлі де тіл мәселесі толық шешілген жоқ. Білім саласында да жетілдіретін тұстарымыз бар. Ұлттық бірлік пен елдің тұтастығы – қашан да басты міндет. Демек, Міржақып көтерген мәселелер – мәңгілік тақырыптар.
Ол армандаған тәуелсіздікке біз жеттік. Бірақ тәуелсіздікті нығайту, рухани азаттыққа жету – біздің қолымызда. Міржақыптың «Оян, қазақ!» деп жар салған үні әлі күнге дейін жаңғырып тұр. Бұл үн бізді сергектікке, ұлтжандылыққа, елдік мүддені бәрінен жоғары қоюға шақырады.
Міржақып Дулатұлы – ұлт руханиятының шамшырағы, ал Гүлнар Міржақыпқызы – сол шамшырақты қайта жаққан, тарихқа қайтарған тұлға. Екеуінің тағдыры да, еңбегі де бір арнаға тоғысты: ұлт рухын сақтау, қазақтың санасын ояту. Сондықтан Міржақыптың 140 жылдығын атап өту – өткенге тағзым ғана емес, болашаққа бағдар. Ол – халықтың жүрегінде мәңгілікке қалатын тұлға.
Жәмила Ермахан



