Тарих тудырған тұлға

Биыл адамзат өркениетінің дамуына теңдессіз үлес қосқан шығыстың ғұлама ойшылы Әбу Насыр әл-Фарабидің туғанына 1155 жыл толып отыр. Бұл жылды бүкіл адамзаттық ғылым мен парасаттың жылы деп атасақ қателеспейміз. Өйткені ғұлама қалдырған мұра ғасырлармен емес, ақыл мен ізгілікпен өлшенетін мәңгілік құндылық.
Әл-Фарабидің есімі әлемге «екінші ұстаз» ретінде мәлім болған, философия мен ғылымның шамшырағы. Оның ой-тұжырымдары Еуропадағы Ренессанс дәуіріне жол ашып, адамзат санасының биіктеуіне ықпал етті. Ғалымның еңбектері бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоғалтпай, білім мен адамгершіліктің тұтқасы ретінде ұрпақ санасына жол көрсетіп келеді.
Бүгінде ұлы ойшыл туралы мәліметтердің басым бөлігі ғасырлар қойнауынан жеткен аңызға айналып кеткен. Бірақ белгілісі ол 870 жылы қазіргі Түркістан облысындағы көне Отырар (Фараб) қаласында дүниеге келген. Отырар сол кезде ғылым мен мәдениеттің орталығы болған. Қаланың бай кітапханасы мен білім ордалары Әл-фарабидің дүниетанымының қалыптасуына негіз болды. Ол жайлы ел арасында «Бала күнінен қолына кітап ұстап, әлем сырын ұғынуға ұмтылған», – деген сөз тараған. Шынында да, әл-Фараби өз заманында тек туған өлкесінде ғана емес, бүкіл Шығыстың білім ордаларында танылған тұлғаға айналды.
Деректерге жүгінсек, ғұламаның толық есімі – Әбу Насыр Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Ұзлақ ибн Тархан әл-Фараби. Әкесінің де, өз есімінің де «Мұхаммед» болуы кездейсоқ емес, ол ислам мәдениетіне терең бойлаған әулеттің ұлы болған. Ал «Тархан» – сол дәуірде әскери атақ болса, «Әл-Фараби» атауы оның шыққан жерін білдірсе, «Әбу Насыр» – құрмет атауы, яғни «Насырдың әкесі» немесе «жәрдемші» деген мағына береді.
Әл-Фараби алғашқы білімін туған жерінде алып, кейін білімін Бұқара мен Самарқан сияқты ілім ордаларында жетілдірді. Бірақ оның ең басты арманы Бағдатқа жетіп, сол заманның ең беделді ғалымдарынан дәріс алу еді. Өйткені Бағдат сол кезде ғылым мен философияның жүрегі болатын. Ойшыл арманына жетіп, Бағдатқа жетіп, ол жақтан логика, математика, астрономия, физика, музыка және тіл ғылымдарын меңгереді. Көп ұзамай оның таланты мен еңбекқорлығы барша ғалымдардың назарын өзіне аударады. Оның саяхаттары да білім жолындағы ізденіс болған. Дамаск, Халеб, Каир, Мерв, Нишапур, Рей сияқты қалаларда болып, түрлі мектептердің ғалымдарымен пікір алмасып, сол арқылы Шығыс пен Батыстың ғылымын тоғыстырып, рухани көпір салуды мақсат тұтқан.
Тарихи деректерге сүйенсек, Әл-Фараби 70-ке жуық тілді меңгерген. Бұл адам мүмкіндігінің шегін кеңейткен таңғажайып қабілет. Ол өз еңбектерін көбіне араб және грек тілдерінде жазған. Ғұламаның артында 150-ге жуық трактат қалды. Олардың ішінде философия, логика, этика, музыка, медицина, тіл білімі, астрономия, география сияқты түрлі ғылым салалары бар. Оның ең әйгілі шығармасының бірі – «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарасы жайлы трактат». Бұл еңбегінде әл-Фараби идеалды қоғамның қандай болу керектігін түсіндіреді. Ғалымның пікірінше, қайырымды қоғам өзара түсіністік пен әділдікке негізделген қоғам. Онда билеуші де, халық та бір мақсатқа – бақытқа жетуге ұмтылуы тиіс.
Әл-Фараби тек философ қана емес, сондай-ақ музыка зерттеушісі болды. Оның «Музыка туралы үлкен трактаты» әлемнің көптеген тіліне аударылған. Ол музыкалық дыбыстарды қағаз бетіне түсіру арқылы нотаны алғаш енгізген ғалымдардың бірі. Тіпті, кей деректерде ол домбыраға ұқсас аспап жасағаны айтылады. Әл-Фараби үшін музыка жай әуен емес, адамның ішкі жан дүниесін тәрбиелейтін рухани күш болған. Бұл туралы ғұлама «Музыканың негізгі міндеті – адамның эстетикалық қажетін өтеу», – деп айтып кеткен.
Әл-Фараби философия саласында грек филосовы Аристотельдің еңбектерін терең талдап, оған түсініктемелер жазды. Сондықтан да ол «екінші ұстаз» атанып кеткен. «Ізгі қала тұрғындары туралы трактатында» ойшыл қоғамның бақытты болуы үшін ең басты шарт қайырымдылық пен әділеттілік екенін айтқан. Қайырымды басқару халықты бірлік пен рухани байлыққа бастайды, ал қайырымсыз билік надандық пен әлсіздікке апарады. Әл-Фараби үшін бақыт материалдық игілік емес, ақыл-парасат пен көркем мінездің үйлесімі. Ол адам бойындағы ең жоғарғы қасиет парасат пен ізгілік деп білді. Мысалы ойшылдың «Адамның тоқымашы не хатшы болып тумайтыны сияқты, қайырымдылық пен қайырымсыздық та жаратылыстан берілмейді», «Ұстаз тым қатал да болмауы керек, тым ырыққа да көне бермеуі керек. Өйткені қаталдық – шәкіртті қарсы қояды, ал ырыққа көну – қадірін кетіреді», «Ең тамаша әрекет – бақытқа қол жеткізетін еркіндік» деген даналық сөздері соның бір айғағы.
Ғұламаның «Бақытқа жету туралы кітабында» «Ғақлия көзбен қарасаң, дүние – ғажап, сен – есік. Жаһлы көзбен қарасаң, дүние – қоқыс, сен – меншік», – деп жазылған. Оның айтуынша, адам бақытқа жету үшін үш қасиетті игеруі керек. Олар әрекет – өмірге белсенді қатысу, жан әсері – рухани күйдің тазалығы және ақыл-парасат – адамды ең жоғары деңгейге жеткізетін күш. Адам ақылды, ізгілікті және еңбекқор болса шынайы бақытқа жетеді деп тұжырымдаған.
Тарихи деректерге көз жүгіртсек, әл-Фарабидің ислам бірлігін сақтау жолындағы еңбегі де ерекше айтылады. Ол діни ағымдар арасындағы алауыздыққа қарсы болып, халықты татулыққа шақырған. Түркі, араб, парсы халықтарының арасындағы ынтымақты сақтау оның басты мұраты болған. Бір деректе Мұхаммед Ихшид ибн Тұғыт Әмір ғұламамен кездесіп, оның әділеттілігі мен парасатын мойындағаны жазылған. «Түркі халқының әділетшіл халық екені рас екен», – деген сөз сол кездегі құрметтің белгісі екені анық.
Әл-Фараби 950 жылы Дамаск қаласында 80 жасында дүниеден өтті. Бірақ оның ілімі өлген жоқ. Керісінше, ғасырдан ғасырға ұласқан жарық шамшыраққа айналды. Бүгінде оның есімімен аталатын университеттер, ғылыми орталықтар мен көшелер бар. Оның идеялары біздің өмірімізде сақталып келеді. Қайырымды қоғам құру, адамды бақытқа жеткізу, парасат пен әділеттілікті дәріптеу – осының барлығы әл-Фарабидің аманаты.
Бүгінгі таңда әлемде «Бақыт министрлігі» деген ұғым қалыптасып келеді. Бірақ осыдан мың жыл бұрын әл-Фараби бақыттың ғылыми негізін жасап кеткенін ұмытып барамыз. Оның айтуынша, «Бақыт – оқып, үйреніп, ізденіп, игілікті іс атқару арқылы қол жететін мақсат». Демек, ұлы философтың ілімі – бүгінгі жас ұрпақ үшін де өмірлік сабақ. Өйткені, әл-Фарабидің «қайырымды қаласы» біздің ертеңіміздің үлгісі іспетті. Егер қоғамда әділет, білім және парасат үстем болса – сол қоғам бақытты. Сондықтан, бүгінгі ұрпақ ұлы ұстаздың өсиетін өмірде жүзеге асырса, біздің де болашағымыз қайырымды қоғам болары сөзсіз. Ұлы ойшылдың туғанына 1155 жыл толса да, оның сөзі мен рухы – мәңгі. Өйткені ол өткеннің ғана емес, болашақтың да ұстазы.
Айсұлу Алданазар




