АНА ҚАДІРІ ҚАНДАЙ?

Жұмыр жер жүзінде ананың аялы алақанынан асқан қастерлі нәрсе жоқ. Қайда жүрсек те анамыздың ақ тілеуін сезініп, жұбаныш көретініміз анық. Ана бар жерде бақыт та, байлық та тұрақты. Берекенің ұйытқысы, тіршіліктің тұтқасы бола білген аналар арамызда жүргенде ешқандай дау алмайтындай. Әттең, ананың қадірін дер кезінде сезіне алмай, өз қадірін өзі кетірген замандастарымның іс-әрекетіне қарап жүрегім езіліп кетеді.
Мақала жазуға енді ғана отырған едім.Есіктен ентігіп кірген қарт ана қалтыраған үнмен тіл қатты:
– Қызым, сенің “оқшау ойыңды” үзбей оқимын. Отбасы мерекесіне орай келініме хат жазып берші.
– Құттықтап па?
– Құттықтауға да жатпас, ақыл-кеңес ретінде жазсаң.
Айналайын, асыл ана-ай! Жүрегіне жиған бар назын ақтарып, ағыл-тегіл болды. Жанын шүберекке түйіп, жалғыз баласының жолында бар ғұмырын арнаған ананың мұңын тыңдап, санам ояна түсті. Білместікпен жасаған сәби қылығын да, есі кірген шақта көрсеткен қияметін де терең құдықтай ішке сақтай беріпті. Жалғыз баланың тек өзін ойлап дара болып өсетіні түсінікті ғой. Тентек баласын түзу жолға салар деп, еті тірі қызға құда түсіп алыпты. Қыз кезінде тым пысық көрінгенімен ақ босағаны аттаған сәттен-ақ «өнерін» көрсетіпті. «Күміс қатын күнде ауру» дегендей, төргі төсек жиылмастан түске дейін жатып алатын көрінеді. Келінінің қылығын кешіп, үйреніспей жүрген болар деп үй шаруасын өзі атқара беріпті. Күндердің күнінде немерелі болып, қуанышында шек болмайды. Қазақ салтында тұңғыш бала өмірге келсе ата-ененің баласы деп жатады. Сол ғұрыппен баланы бауырына басып өсіруді армандайды. «Апа, ұстамаңызшы, қолыңыз қатты ғой» деп жанына жуытпағаны ананың жүрегін тілімдеп өткендей болады. Жөргектегі баласына емірене алмаған ананың хәлі қалай болмақ? Таусылуға шақ қалған ананың мұңы жүрекке батты.
Бейбіт заманда өмір кешсек те тұрлауы жоқ тіршіліктің жетегінде отбасы құндылығын дәріптей алмай жүргендейміз. Отбасының алтын діңгегі – ата-енеге деген құрметтің кеміп бара жатқаны жанға батады. Бұл жас отау иелерінің көргенсіздігі ме, әлде дәрменсіздігі ме? Тоғыз ай, тоғыз күн толғаған ананың қадірі қандай? Бұған адам кінәлі ме, заман ба?
Мақпал МАРҚАБАЙ




