Дәрігерлер алғысқа бөленді
«Арман» кенттік мәдениет үйінде аналар мерекесіне орай денсаулық сақтау саласының қыз-келіншектеріне арналған «Арулар асыл жандар» атты салтанатты кеш мазмұнды өрбіді.
«Баламның табанына кірген тікен, маңдайыма қадалсын» дейтін ананың адал қасиетін суреттеген әдемі көрініспен басталды. Келін мен ененің арасындағы қайшылықты арқау еткен қойылым қоғамдағы ащы шындықты суреттеді.
Мерекелік шараға арнайы қатысқан аудан әкімі Ғалым Әміреев - Әлемге көктемнің шуағындай жылылық пен мейірім нұрын төккен аналарды мерекемен құттықтап, ауданаралық аурухананың инфекция бөлімінің меңгерушісі Әсел Сейілованы облыс әкімінің “Алғыс хатымен” марапаттады. Одан әрі аудан әкімінің “Алғыс хатымен” емхана дәрігері Ләззат Сырымбетованы, дәрігер-лобарант Үміт Байзақованы, емхананың аймақтық мейіргері Гүлнар Мәмбетәлиеваны, Жаңаарық дәрігерлік амбулаториясының мейіргері Жанна Мырзашеваны, персоналды-басқару және кадр жұмысын ұйымдастыру бөлімінің кадр маманы Шахаркүл Айткулованы марапаттап құрмет көрсетті.
Бойға қуат, жанға шуақ беретін әншілердің өнеріне ұласқан мерекеде Азия Қыстаубаева мен «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мәжит Балқожаев сөз алып, құттықтап , Бас партияның «Алғыс хатымен» марапаттады.
Мереке соңында аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Яхия Шорабаев өмірін адам саулығына арнайтын әріптестеріне алғыс айтып, өз атынан “Алғыс хатын” бір топ сала қызметкерлеріне табыстады.
Лаура БИБАСАРОВА.