Еңбек – ер етеді

Еңбек адамының қоғамнан алар орны ерекше. Тарих қойнауына кеткен Кеңес Одағы кезеңінде де еңбек адамына айрықша құрмет көрсетіліп, биік мінберлерден көрініп, кеудесіне орден, медаль тақты, суреттері Құрмет тақтасына ілінді.
Қоғамның байлығы қарапайым еңбек адамдарының маңдай терімен құралады. Қажырынан қиындықтың өзі үркіп тұратын жұмыскерлердің бейнеттің көрігін қыздырған, күнді түнге, түнді күнге ұрып еткен еңбегін дәріптеп отыру – уақыт талабы.
Еңбек адамдарын құрметтеу туралы ел Президентінің айтқан сөздерін естігенде, жастайынан еңбек еткен құрдасым Құрбанәлі Өскенбайұлының өмір жолы көз алдыма келді.
Құрбанәлі Өскенбайұлы 1962 жылы, 10- тамызда сол кездегі Бірлік кеңшарына қарасты 4-бөлімшесінде (Қазіргі Кейден ауылы) дүниеге келген. №208 орта мектебін 1977 жылы бітіреді. Мектепті бітірген жылы аудан орталығындағы №17-кәсіптік техникалық училищеде оқып, оқу орнын кең профильді тракторист-машинист мамандығы бойынша бітіріп шығады. 1980 жылы кеңес армиясы қатарына алынып, Қарақалпақстан жерінде әскери борышын өтейді. Елге оралған соң туған ауылында механизатор болып еңбек жолын бастайды. "Жас келсе – іске" дегендей, Құрекең өзінің тиянақты, еңбексүйгіш, іскерлік қабілетімен трактордың тілін жылдам үйреніп, шаруашылық жұмысына жігерлене араласып кетеді.
Аңқылдаған ақкөңіл Құрекең әріптестерімен тез тіл табысып, үлкен тәжірибелі ағаларынан тәлім алып, еңбек майданының бел ортасында жүрді. Еңбектен ерінбейтін ол шаруашылықтың сан түрлі саласында еңбек етті. Қарапайым еңбек адамының қызметі еленіп ұжым тарапынан мақтау-марапаттауға ілініп, партия қатарына қабылданады. 1980- жылдары бөлімше Бірлік кеңшарынан бөлініп өз алдына "Арнайы шаруашылық бірлестігіне" айналды. Шаруашылық арнайы іріқара малын бордақылаумен айналысты. Құрекеңнің әкесі Өскенбай Өмірбекұлы да жастайынан мал соңында жүрген байырғы бақташы еді. Шаруашылықтардан әкелінген мүйізді іріқара малын күтіп-баптап, оны жоғары сапалы сұрыппен мемлекетке өткізу қыруар еңбекті қажет ететін шаруа. Осы шаруашылықта еңбек жолын жалғастырып, кеңшар тарағанша жемісті еңбек етті. Кішкентайынан әкесінің қасында жүріп іріқара малының қыр-сырына қанық Құрекең бұл жұмысқа да тез бейімделіп кетеді. Қарауындағы іріқара малын етке 450-500 килограмм салмақпен жоғары сұрыпта өткізіп, бірнеше рет облыс чемпионы атанды. Суреті аудандық Құрмет тақтасына ілінді. Қазақстан жастар одағының, облыстық, аудандық партия комитетінің, ауылшаруашылық бөлімінің кәсіподақ ұйымының Құрмет грамоталарымен марапатталған. Төрт жылдай аудандық электр желісін тарату мекемесінің жылқысын бағып озат жылқышы атанды. Жылқы дегеннен шығады, әкесі Өсекең бәйге атын баптап, көкпар тұлпарын қолға ұстаған атбегі кісі еді. "Әке көрген -оқ жонар", біздің кейіпкеріміз де белгілі шабандоз, қолына көкпар аттарын ұстаған атқұмар азамат.
Түрлі деңгейде өтетін ірі салымдардан тақымы бос қайтқан емес. Кеңшар тарап ел жаңа қоғамдық дамуға, нарықтық қатынастарға бейімделе алмай тұрған тұста Құрекең қарап жатпай, өзінің үлесіне тиген МТЗ-80 тракторымен үйіргелік шаруасымен айналасып, егін екті, шөп шапты. Жеке шаруақожалығын ашты. Ауылдастарына көмек қолын созып қайырымдылық көрсетті, ешкімнің меселін қайтармады. 2019 жылы ауылдық клуб үйіне қарауылдыққа қабылданып, сол жерден зейнеткерлікке шықты.
Жақында Кейден ауылында өзінің қарашаңырағында 63 жасқа толып, зейнет демалысына шыққанын атап өтіп, ауылдастарын, ақсақалдар мен ақжаулықты әжелерді, құрбы-құрдастарын, құда-жекжатын, ұжымдастарының басын қосып, аруақтарға арнап ас берді.
Жиынға қатысып сөз сөйлеушілер Құрекеңнің азаматтық қасиеттерін айрықша атап, ақ тілектерін ақтарды, ақсақалдар батасын берді. Иығына шапан жауып, астына ат мінгізіп шынайы құрметтерін көрсетті.
Бұл жиыннан ойға түйгеніміз, Құрекеңнің еліне елеулі, халқына қалаулы жан екенін байқадық. 1984- жылы Найман елінің қызы Әшірбекқызы Гүлзинамен бас қосып, екеуінен төрт перзент дүниеге келді. Бәрі де ержетіп, апталдай азаматтарға айналған. Ғазизханы Қазақстан Республикасы ішкі істер министрлігінің Алматы қаласындағы полиция департаментінің қызметкері. Әзизханы мен Бердалы Қызылорда облысы полиция департаменті жылдам қимылдайтын арнайы жасақта қызмет етеді. Нұрсұлтаны жеке кәсіппен айналысады. Біздің Нүрекең осы ұлдарынан 9 немере сүйіп отырған ардақты ата, баталы қария.
Ел Президентінің жарлығымен қыркүйек айының соңғы жексенбісі "Еңбек күні" мерекесі болып белгіленді. Бұл да болса мемлекетіміздің еңбек адамына деген қамқорлығы, қарапайым еңбек адамын жоғары бағалағаны деп білеміз. Адам еңбегімен абыройлы, мінезімен қадірлі.
Қалмұрат Мұсабекұлы




