Соңғы жаңалықтар

№92 (8906) 2

02 желтоқсан 2025 ж.

№91 (8905) 29

29 қараша 2025 ж.

№90 (8904) 25

25 қараша 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031 
» » » Есімі елдің есінде

Есімі елдің есінде



Ауыл халқының зор құрметі мен сыйына бөленіп өткен Молдахан атаны көптің ықыла­сына кенелткен ең асыл қасиеті – кішіпейілдігі, тақуалығы, тәубекерлігі дер едім. Тағдырдың маңдайына жазғанына толық мойынсұнып, жарық күннің әрбір сәтіне қанағат пен шүкіршілігін тірек ету өз алдына, айналасына арттырған жақсылығы мол кісі еді.

Ауыл мен дарияның ортасында «Молдахан­ның қыстауы» деген жер бар. Отыз жыл осы маңда кеңшардың жем-шөп қоймасының қарауылы болған атаның аты осылайша елдің аузында сақталып қалды.
Кешегі фашистермен болған қанды қырғынға жауынгерлермен бірге аттанған Өтекейұлы Молдахан ата періштесі қағып, елге есен-сау оралған аздың бірі еді. Бірнеше медальдардың иесі. Оның ішінде “Киевті азат еткені үшін”, “Сталинградты азат еткені үшін”, “Георгия Жуков” төсбелгілерінің орны ерекше. Соғыс уағында біршама уақыт қарсыластардың тұтқынында болып көрген азабы, басынан өткен қиыншылықтары өз алдына ұзақ әңгіме. Бірақ өзі бұл туралы ешкімге шағынбай, артық жеңілдік алуға ниеттенген кезі болмапты.
Жастайынан әкесіз жетім өскен өреннің бойындағы артықшылығын аңдаған анасы оның діни білім алуына қатты ниеттенді. Зерек ұлан зердеге көп ілімді тоқып өсті. “Икрам Ишан” медресесінде оқып, Ахмет дамолладан жеті жылдай тәлім алады.Туабітті бойда бар қасиетімен ұстазын да таң еткен оқиғалар орын алады. Майданға аттанған жауынгердің небір тар қапастан тірі қалатынына аян көргені де бір ғажап құбылыс болды.
Молдахан әкеміз 1949 жылы Мұхамедәмин­қызы Сартаймен бас қосып, екеуінен үш қыз, бір ұл дүниеге келді. Тағдырдың сынағына не шара, 1958 жылы қосағы Сартай қатты ауырып қайтыс болады. Екінші рет Ғайыпназарқызы Нәзипа апамызбен отау құрады. 1959 жылы көктемде дария арнасынан тасып, ауданды су алғаны белгілі. Алдымен жағаны алған су осы маңайда жер кепені қоныс еткен малшы ауылды әбігерге салған. У да-шу болып, қолына іліккенін алып, қора төбесін паналаған жұртшылық үш күннен соң ғана төменге түсті. Осы суықта он екі жасар ұлы Зұлқарнай сырқаттанып, көз жұмды. Шаруасы енді түзеліп, бкр арнаға түсті-ау деп жүргенінде жалғыз ұлдан айрылып жүрегі қанжылап қалады.
Молдахан атаның бойындағы қасиетіне ол кісі шаруашылықтан қол үзіп, бірыңғай ілім-білімге ден қойған кезінде куә болдық десек болады. Бірақ бәрібір бейнеткеш адамға дауа бар ма, есік алдындағы малын бағып, асты-үсті күтіміне өзі еге болып, шыж-быж боп жүретін атаның бейнетпен егіз жаратылған өмір дағдысы өзгермеді. Шынашақтай ғана тоқсандағы кісі томпаңдап тірлік соңында жүргенде томардай жастардың жұмыс жоқ деп қарап отырғаны жараса ма? Шіркін, ақсақалдар бізге осындай шынайы өнегесімен айбат еді.
Молдахан атаның есімінің осы төңіректе кең танымал болуына негіз қалаған ол кісінің ілім-білімі еді. Көргені көп, аузы дуалы, сөзі уәлі, батасы қабыл Молдахан ата туралы ауыл тұрғындарының қайсысынан сұрай қалсаңыз да естелік тиегі ағытыла кетері сөзсіз. Өйткені тіршілік болған соң кісі ауырмай-сырқамай тұрмайды ғой, сондайда дәрігер жағалаудан бұрын осы кісіге барып, емін алып, аттай шауып кеткен ағайынның талайы атаға деген алғысын жаудыра жөнеледі.
Исламның хақ жолын насихаттаған, ізгілік жолын үйреткен, өзінен кейінгілерге жол көрсеткен Молдахан атамен көп жылдар көрші отырғанда өз басым баласындай болып кеттім. Үш қызы – Зүлфия, Бибайша, Гүлайша тұрмыс құрып, бір-бір үйдің отанасы атанды. Шаңырақта ата мен кемпірінің шошайып жалғызсырап қалғаны да жанымызға бататын. Алланың шеберлігіне қараңыз, бір күні азанымен шиқ етіп есік ашылады. Қараса, ауылдың екінші жағындағы тұратын кенже қыздары Гүлайшаның әлі екі жасқа толмаған ортаншы ұлы, құйрығымен жылжып отырып, ата үйін тауып келген ғой. Ойбай деп жуындырып-шайындырып тамағын беріп әлек болып жатқанда бала жоғалтқан егелері де артынан жетеді. Сондағы кішкентай нәрестенің әке-шешесіне бар айтқаны «балмаймын» болды. Сол күннен бастап бөбек осы шаңырақта қалды. Оны бұл үйге Тәңір өзі бастап апарып, төл егелерінің бауырына салып бергендей. Содан бастап Әлмахан атасы мен әжесінің жанқалтасындай жандарына жамалды. Тырнағына сөз келтірмеді. Жанары мүлде көрмей қалған Нәзипа апа төсекте отырып қалған еді. Сол кісінің көзі мен көмекшісіне айналды. Осы Әлмахан ер жетіп, әскерге кететін боп ауданға кеткенде атаның артынан жетіп, ағыл-тегіл жылағанын көрсеңіз. Ақыры Әлмаханын ауылға алып қайтты.
Енді осы атамыздың керемет қасиеті – дем салып, үшкіріп емдеп, не сырқатты да жазып жіберетін шипагерлігі жөнінде бірер ауыз тоқталсам деймін. Бұл үшін ол кісіден ем алған кісілердің аузынан арнайы жазып алған деректерді келтірейін. Ақжол ауылының тұрғыны Айтбек ағамыздың айтуынша, үш жасар немересінің басына жара шығып, дәрігердің емінен еш жазылмайды. Содан Қожакенттегі Молдахан атаға апарайыншы деп арнайы ни­еттеніп осы кісіге келген екен. Ата майға дем салып беріп осыны шым-шым қыздырып жағып отыруға кеңес береді. Көп ұзамай жара жазылып, немересі қазірде ауруханада медбике болып істеп шауып жүр екен. Ауыл тұрғыны Мехрибан Зүнненқызының да сырқаты осыған ұқсас. Бір түнде саусағына жара шығып, жүрегін қысып, бірнеше күн ұйқы көрмей, атаға барады. «Бұл сүйекке шығатын, атын айтуға болмайтын жара» деп дем салып, жақпа май дайындап береді. Сол күйі жазылып кетеді. Ермұхамед ағаның айтқаны: «Кіші балам Рүстемнің мойнының оң жағына бір томпақ ісік пайда болып, бірте-бірте үлкейе бастады. Не де болса атаға дем салдырып, сосын дәрігерге барайық дедік. Ата үйінде екен. Үшкіріп дем салды. Өзінің айтуы бойынша үш рет алдына бардық. Мойнындағы ісік жиналып, бір жерге топтасып түйін болып қалды. «Уақыт өте келе түйін де кетеді, бастысы қатердің басы қайтты, қашан жазылғанша мына майды жаға бер» деп дәрісін берді. Осыдан соң Молдекеңе тәнтімін» дейді. Мұндай мысалдарды келтіре берсек, өте көп. Өз басымда да мұндай жағдайдың талайы өтті. Сосын атаның батасы қабыл, бергені теберігі берекелі екеніне ауыл халқы талай көзіміз жетті. Молдахан ата 2007 жылы 19 қаңтарда 99 жасында келместің кемесіне мініп, ақирет сапарына аттанды.
Туған жеріміздің перзенті Шәметұлы Мұх­тарбек бауырымыз қос мұнаралы, сәулетті мешіт үйін соғып, оған Молдахан атаның есімін еншілетті. Ілім адамына мұнан асқан құрмет бар ма?

Шермұхамед Бегманов,
еңбек ардагері,
Қожакент ауылының тұрғыны
30 қыркүйек 2025 ж. 52 0