№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » ДҮЛДҮЛ АҚЫН, ДҮР МАНАП

ДҮЛДҮЛ АҚЫН, ДҮР МАНАП


Мен – Манап Көкеновтен бата алған шәкіртпін!

«Манапхан» деп қысқа қайыратынымыз болмаса, шаңырағымдағы тұма басы тұ
ңғыштың Алла алдында ауыз толтырып, азан айтып қойылған толық есімі – Әбілманапхан!
...1990 жылдың күз айы. Алматының «Көктем» шағын ауданында орналасқан «Есептік-кредиттік» техникум жатақханасының тар бөлмесі. Осы жылы консерватория тарихында алғаш рет отбасылы студенттерге жатақхана берілген. Бұл біздің – Гүлфайруз екеуміздің шаңырақ көтерген жылымыз. Дәл қай күн екені қазір есімде жоқ. Құрқылтайдың ұясындай үйімізде М.Әбжанов, Ж.Тұрсынов, О.Базаралиев сияқты Сырдан келген бір топ ағаларға қоса әнші Ж.Айжанова, Қ.Болманов қонақ болды. Дүлдүл ақын Манап Көкенов маған батасын берді. Соңынан топ болып естелік үшін суретке түстік.
Жиналған жұрт арқа-жарқа, әңгіме-сөзге қарық болып отырған сәтте Жәдігер аға ағынан ақтарылып: «Берікжан, Манаптың батасын алған адам жаман болмайды. Келін ер бала тапса атын Манап деп қоярсың!» деген. Тосын ұсынысқа төрде төредей шалқып, әңгіме тиегін ағытып отырған Манап ақын да онша қарсы бола қоймаған еді...
Манап ақынның көмейінен құйылған әрбір сөзді мұқият тындап, дидарын көруге құмартып жатақхана дәлізінде тұрған студенттерден көз тұнады. Ақпа-төкпе Сыр саңлағы сол сапарында күліктей көсіліп, әйтеуір тыңдаушысының езуін бір жиғызбады. Кеш те ұзаққа созылды. Ауыл әдетімен қолға су құйылып, құман көтеру салтын Алматы жатақханасының томашадай бөлмелері қайдан көтере қойсын? Отырған орнымыздың тарлығына қоса қонақтардың да шамадан тыс көптігін есептеді білем, үлкен астан кейін, бата беріліп болған соң Манап аға студенттердің ас даярлайтын жеріндегі қол жуатын орынға қарай беттеп бара жатыр екен. Қол шаяр жердің шүмегіне алақанын тосып:
Атыңнан айналайын, «темір келін»,
 Таймайсың қызметіңнен өмір келін.
 Қазақтың басқа келіндері сияқтанып,
 Адамның үзбейсің-ау кеңірдегін! – деп, асқақ шабытпен шиырып әкеліп, көкірегін кернеген томаға жыр дестелерін селдетіп, серпіп-серпіп жібергенде, жатақхана дәлізін жиналып тұрған студенттердің саңқылдаған күлкілері кернеп ала жөнелді.
...Сол жылы Манап Көкенов алпыс жасқа толды. Дидарына шөлдеп, тағатсыздана күтіп отырған Сыр халқы ақынның шығармашылық кездесулерін өткізген күндерде жазушы А.Сопыбеков, режиссер Ж.Тұрсынов, сазгер С.Елеуов сияқты үнемі жанынан табылатын жақын інілеріне қоса мен де Манап ағаның мерейіне ортақ болып, біраз уақыт ізінде еріп жүріп едім. Манаптың тойы: «Аралдың жесең қаязын – Білдірмес қыстың аязын» – деп, өзі өлеңіне өзек еткен Арал топырағынан бастау алды. Ресми кездесулерден кейін талай өнерпаз түлекке ұстаз болған, адуын мінезді Әбілхан Маханов ақын інісі Манап Көкеновпен бір түн бойы әңгіме-дүкен құрып, көкіректері шежіреге толы екі даңғайыр шер тарқатқан еді. Алайда, бұл жолы Әбекең сөйлеп, әңгімені Әбілхан бастап, топтың тілегін де сол Әбекең қанағаттандырып отырды. Ал Манап болса ақындық жолдағы үзеңгілес ағасының әрбір сөзін мүлт жібермей, мұқият тыңдаумен болды. Отырыс күрмелер тұста Әбекең Манап інісіне ниет еткен өлеңін оқыды. Арнау жырдың:
Құтты болсын, дүр Манап,
Алпыстың басқан қадамың!
Сырдың саңлақ жүйрігі
Қуырған жерді танабың...
Тұлпардан туған қаз мойын
Әбдікәрім – ұланың... – деген түйдек тұсына келген сәтте Манап көңілі бойағанын көрген Әбекең: «Осы өлеңімді Қаратаудың баурайына барып оқимын деп ойлап едім. Мыналарың мені әдейі шақырмады!» – деп, мәдениет мекемелерінің басшыларына қаратып саусағын шошайтты. Одан соңарыс кеуде ақындар ұзақ сырласты... Неткен сыйластық, не деген ізет десеңші! Тек таң пердесі түрілер тұста Жәкең Алматыдағы айтқан сөзін құмытқан адамша: «Берікжан, келін ұл туса атын Әбілхан деп қоярсың!» деп қалды. Манап ақын шағыр көздерін сығырайта қарап: «Мұның қалай?» дегендей, інісін жанарының жасынымен жеңіл ғана желпіп өтті. Қапелімде не жауап айтарымды білмей, мен де аңтарылып қалдым. Жәкеңнің неге бұлай дегеніне түсіне алмай, қашан Алматыға қайтқанша дегбірсізденумен болдым. Арада біраз уақыт өтті. Мен содан соң Әбілхан, Манап, Жәдігер асылдарды екінші қайтып көре алмадым. Бас-аяғы бір жылдың ішінде үшеуі де бақи дүниеге көшті.
...Жаңылысып айтсын, әлде әдейі солай ойластырған болсын, әйтеуір Жәкеңнің екі бірдей ақынның абыройлы есімін дүниеге дидарына да келіп үлгермеген балаға тел бергенінен түсіне алмай, абыржы күйде едім. Көп ұзамай шыр етіп өмірге келген отбасымның алғашқы қызығы – тұңғышыма не Манап немесе Әбілхан деп айырып ат беруге және дәтім бармады. Екі есімнің бірін таңдасам Жәкеңнің аманатына қиянат жасайтындай, екі ұстазымның бірін екіншісінен бөле-жаратындай болдым. Ақыры әкемнің рұқсатын алып, Жәкең қойған аманат-есімді тұңғышыма тұтас күйі еншіледім. «Әбіл» мен «Манап» аты бірігіп, екеуінің соңына қасиетті «Хан» сөзі қосылғанда – Әбілманапхан деген ерекше есім пайда болды. Сол азамат – әлгі біздің Әбілманапхан бүгінде өзінің елден ерекше есімін ұлық тұтып, айрықша мақтан етеді. Осы әңгімені үнемі өзінің қатары мен достарының арасында мерейлене айтып отырады. Мен болсам ұлымның риза кейпін көріп, қалың ойдың құшағына енемін. Ондай сәттерде жүрегімді сағыныштың қоңыр сазы тербейді. «Қайран менің ұлық ұстаздарым-ай!» деймін содан соң терең күрсініп...
Манап Көкенов – көзінің тірісінде-ақ есімі дүйім жұртқа белгілі болған теңдесі жоқ ақпа-төкпе ақын-импровизатор, дала шежіресін дамытып айтқан ерекше жад пен зерде иесі, көкірегіне халық мұрасын өлшеусіз қаттаған жүйрік орындаушы, «Бір өзі – бір театр!» атанған бесаспап, ортасынан оздырып ой айтқан от ауыз, орақ тілді өнерпаз, ең бастысы: көзі тірісінде ізіне еріте білген үлкен жүректі аңыз-аға болатын.
Әттең, сәл кештеу араластық. Сыр саңлағының соңына алаңсыз еріп, тәлімін түйіп, көкірегіне қаттаған қазынаны түгел сарқып ала алмай қалдық...
Берік ЖҮСІПОВ,
«Дарын» Мемлекеттік жастар
сыйлығының лауреаты, филология
ғылымдарының кандидаты, доцент,
Қызылорда облысы Мәдениет
басқармасының бастығы
14 маусым 2018 ж. 1 002 0