Соңғы жаңалықтар

№92 (8906) 2

02 желтоқсан 2025 ж.

№91 (8905) 29

29 қараша 2025 ж.

№90 (8904) 25

25 қараша 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031 
» » » Ұстаз бақыты – шәкірт жетістігі

Ұстаз бақыты – шәкірт жетістігі


Бүгінгі бала – ертеңгі елдің тірегі, болашағына дем берер азамат. Ұрпақтың дұрыс қалыптасып, білімді де саналы болуы жолында ұстаздың орны қашанда айрықша. Осы ретте саналы ғұмырын жас буын тәрбиесіне арнап келе жатқан ұлағатты ұстаздың бірі – Қымбат Жұмабекова. Ол Жаңарық ауылындағы №167 орта мектебінде 30 жылдан бері шәкірт тәрбиелеп, ұрпаққа білім нәрін сеуіп келеді.


Өзінің бар білімін шәкіртке үйретуден жалықпайтын тәлімді ұстаз әр баланың жеткен жетістігін өз еңбегінің бір жемісі деп біледі. Ол үшін білім мен тәрбиені қатар беру басты қағида. Қымбат Жұмабекова сабақ барысында шәкіртін тек білімге ғана емес, еркін ойлауға, еңбексүйгіштікке де баулудың маңызын ерекше атап өтеді.
– Бала дүниеге келгеннен кейін оның білімді, білікті, жан-жақты болып өсуін әр ата-ана қалайды. Әрине, балаға білім қажет. Бірақ «көп білсін» деп, жасөспірімге артық тапсырма жүктей беруге болмайды. Ең бастысы бала өзін отырған ортасында еркін сезінуі керек. Меніңше, оқушымен ең алдымен достық қарым-қатынас орнату маңызды. Егер ұстаз алдымен балаға дос болып, содан кейін ғана тапсырманы түсіндірсе, кез келген оқушы сабақты жеңіл қабылдайды. Мұндай жағдайда пәнге деген қызығушылығы артып, озат болуға ұмтылады. Ал, өз ортасында еркіндігін сезінбеген баланың білімге құштарлығы да төмендейді, өйткені ол орта оған қолайсыз. Сондықтан әр мұғалім ең әуелі сыныпта қолайлы атмосфера қалыптастыруы тиіс деп санаймын, – дейді тарих пәнінің мұғалімі Қымбат Тәңірбергенқызы.Жаңашылдыққа жаны құмар ұстаздың алдынан түлеп ұшқан шәкірттері бүгінде еліміздің әр қаласында түрлі салаларда қызмет атқарып жүр.
– Жалпы бала тәрбиелеу, оқушының алғысын алу екінің біріне қона бермейтін бақ деп ойлаймын. Өзім алғашқы еңбек жолымды осы білім ошағынан бастадым. Мектеп директорының 20 жылдан аса тәрбие әдістемелік инновациялық жөніндегі орынбасары болдым. Отыз жылдық тәжірибемде қанша түлектерді шығарып салдық. Көз алдыңда өсіп, ер жеткен балаларды мектеп бітіргенде үлкен өмірге аттандыру ұстазға оңай емес. Ең алдымен олардың болашағына қатты алаңдаймын. Жоғары оқу орнына түсіп, жақсы маман атанса деп әрқайсысының тілеуін тілеп отырамын. Өйткені әр баланың жетістігі – ұстаздың абыройы ғой, – дейді кейіпкеріміз.
Өзі білім нәрімен сусындатқан шәкіртінің жеткен жетістігін баға жетпес байлығына балап, олардың мектептен алған білімін одан әрі жүйелі жалғап кеткеніне шынайы қуанатын ұстаздың білім саласында жеткен жетістігі бір төбе. Оның әр баланың бойына құйған білімі мен үздіксіз ізденісі ескеріліп, аудан әкімінің, аудандық және облыстық білім бөлімінің «Алғыс хатымен» марапатталған.
– Бүгінгі білім берудің жаңа форматы бұрынғыдан күрделілеу болғанымен заман талабына сай. Өйткені, әлем жаңару үстінде. Біз де баланы мектептен бастап жаңаға ұмтылуға дағдыландыруымыз керек. Ол үшін оқушы ғана емес, ұстаз да тынымсыз ізденіс үстінде болғаны абзал. Себебі, бүгінгі жаңашылдық дер кезінде ізденіп, оқуды талап етеді, – дейді ол.
Қымбат апайдың айтуынша, қазіргі жаңа мектепте шәкірттің білім алуы үшін де, ұстаздың ізденуі үшін де бар жағдай жасалған. Мектеп толықтай заман талабына сай жасақталып, сыныптар жаңа технологиямен жабдықталған. Ендігі басты мақсат – балаға тәлімді тәрбие беріп, тура жолға салу. Ол үшін баланың бос уақытын ұтымды пайдалануға жөн сілтеу керектігін алға тартады. Әсіресе, әлеуметтік желіні орынды пайдалану маңызды. Өйткені, ақпараттың тым көптігі баланың жақсы мен жаманды айыра алмай қалуына кесірін тигізіп жатқаны рас.
Өскелең ұрпақтың бойына білім дәнін сеуіп, ел болашағына айналар жастардың білімді де білікті болып қалыптасуына үлес қосуды өзінің азаматтық борышы санайтын кейіпкеріміздің отбасын ұстаздар династиясы деп айтсақ та жарасады. Өйткені, оның өмірлік жолдасы Ерболат Төлебаев та ұстаздық жолында қызметте болса, ұл-қыздары да осы саланы таңдаған.
– Ұстаздық мен үшін мамандық қана емес, жүрек қалауым. Әр шәкіртімнің жеткен жетістігі маған үлкен қуаныш, еңбегімнің жемісі. Баланың бойына біліммен қатар адамгершілікті, еңбексүйгіштікті дарыта алсам ең басты мақсатымның орындалғаны деп білемін. Ұстаз үшін шәкірттерімнің елге қызмет етіп, өз орнын тапқанын көруден асқан бақыт жоқ шығар. Оқушыларымның басым бөлігі жылда үздік оқу орындарының грант иегері атанып жатады. Мәселен, биыл Нұрсұлу Ибадулла есімді оқушым өзімнің жолымды қуып, ұстаздықты таңдап, Қарағанды қаласындағы ҚарМУ-дің «тарих» пәнінің мұғалімі мамандығының грант иегері атанды, – дейді Қымбат апай.
Иә, парасат пайымы биік, елдің ертеңін арқалар азаматтарды тәрбиелеуде ұстаз еңбегінің орны ерекше. Себебі, тәлімді тәрбиені білікті ұстаздан алған оқушының болашағы да жарқын болмақ. Осы тұрғыда Қымбат Жұмабекованың бала тәрбиесі мен білім берудегі ұстанымы көпке үлгі. Өйткені жаңашыл ұстаздың алдынан өмірге жаңа көзқарастағы түлектер түлеп ұшады.

Айсұлу АЛДАНАЗАР
06 қыркүйек 2025 ж. 1 245 0