Ұстанымы биік ұстаз
Бала – біздің болашағымыз, егемен елдің ертеңін тіктейтін егелері. Ал, олардың дұрыс қалыптасып, білімді азамат болуы жолында ұстаздың орны айрықша. Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұлағатты ұстаз – Салтанат Садықова бар білгенін балаға үйретуден жалықпаған тәлімді тәрбиеші, білікті маман. Әр баланың жеткен жетістігін өзі бағындырған бір белесі санайтын ұстаздың ұстанымы да биік. Ол балаға білім бере отырып, еркіндікке, еңбексүйгіштікке тәрбиелеуді міндет санайды.
– Баласының білімді, білікті, жан-жақты болып өскенін кез-келген ата-ана қалайды. Балаға білім беру міндет. Бірақ солай екен деп, өсіп келе жатқан жасқа түрлі тапсырмаларды үсті-үстіне жүктей беруге болмайды. Ең бастысы, бала өзін отырған ортада еркін сезінуі керек. Оқушымен дос бола білген дұрыс деп ойлаймын. Егер алдыңда отырған баламен алдымен дос болып, одан кейін сабақ түсіндіргенде кез-келген бала сабақты тез ұғады. Нәтижесінде, сол пәнге деген ықыласы артып, озат болуға тырысады. Ал, өзін ортада еркін сезінбеген баланың білімге де құштарлығы төмендейді. Өйткені, ол орта оған қолайсыз. Сондықтан, ұстаз өзі сабақ берген сыныпта алдымен қолайлы атмосфераны орнатып алғаны абзал деп ойлаймын, – дейді бастауыш сынып мұғалімі Салтанат Садықова.
Жаңашылдыққа жаны құмар ұстаз бүгінде аудандағы «Қыран» негізгі орта мектебінде еңбек етеді. Білім саласында 16 жылдан аса жұмыс жасаған мұғалімнің шәкірттеріне деген ықыласы да ерекше екенін аңғардық.
–Жалпы, бала тәрбиелеу, оқушының алғысын алу екінің біріне қона бермейтін бақ. Өзім алғашқы еңбек жолымды балабақшадан бастадым. Кішкентайында келген балалар даярлық сыныпты бітіріп кеткенде қимастық сезімі болады. Күн сайын таңнан-кешке дейін көз алдыңда құлдырыңдап жүрген бүлдіршіндер өз балаңдай болып қалады. Қазір мектепте де солай. Бастауыш сыныпта 4 жыл білім бергеннен кейін алдымнан бітіріп кететін оқушылардың болашағына қатты алаңдаймын. Жоғары сыныпқа өткенде үлгерім төмендемей, мектепті үздік бітірсе деп, әрқайсысының тілеуін тілеп отырамын. Әр баланың жетістігі, ұстаздың абыройы ғой, – дейді кейіпкеріміз.
Өзі білім нәрімен сусындатқан әр шәкіртінің жеткен жетістігін баға жетпес байлығына балап, олардың жоғарғы сыныпқа өткен уақытында алған білімін одан әрі жүйелі жалғап кеткеніне шынайы қуанатын ұстаздың білім саласында жеткен жетістігі бір төбе. Оның әр балаға қалам ұстауды үйреткен еңбегі мен үздіксіз ізденісі ескеріліп, аудан әкімінің, аудандық және облыстық білім басқармасының «Алғыс хатымен» марапатталған.
– Білім берудің жаңа форматы бұрынғыдан күрделілеу болғанымен заман талабына сай. Өйткені, әлем жаңару үстінде. Баланы бастауыштан бастап жаңаға ұмтылуға дағдыландыруымыз керек. Ол үшін оқушы ғана емес, ұстаз да тынымсыз ізденіс үстінде болғаны абзал. Себебі, бүгінгі білім дер кезінде ізденіп, оқуды талап етеді, – дейді Салтанат Әбдірашитқызы.
Салтанаттың айтуынша, қазір мектептерде баланың білім алуы үшін де, ұстаздың ізденуі үшін де бар жағдай жасалған. Мектептер жаңарып, сыныптар жаңа технологиямен жабдықталған. Ендігі басты мақсат – балаға тәлімді тәрбие беріп, тура жолға салу. Ол үшін баланың бос уақытын ұтымды пайдалануға жөн сілтеу керектігін алға тартады. Әсіресе, әлеуметтік желіні орынды пайдалану маңызды. Өйткені, ақпараттың тым көптігі баланың жақсы мен жаманды айыра алмауына себеп болуда.
Иә, парасат пайымы мол, елдің тұтқасын ұстар азаматтарды тәрбиелеуде ұстаздардың еңбегі ерен екені рас. Себебі, тәлімді тәрбиені білікті ұстаздан алған оқушының болашағы жарқын. Осы ретте, Салтанат Садықованың бала тәрбиесі мен оқушыларға білім берудегі өзіндік ұстанымы көпке үлгі деуге толық негіз бар. Жаңашыл ұстаз алдынан жаңа көзқарастағы түлек түлеп ұшады.
Айсұлу АЛДАНАЗАР