№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ата-ана сенімі бәрінен қымбат

Ата-ана сенімі бәрінен қымбат


Біздің бүгінгі кейіпкеріміз саналы ғұмырын ағарту саласына арнап, кенттегі №163 мектепте 15 жылға жуық ұстаздық етіп, жастарды білім нәрімен сусындатып жүрген тәлімді тәрбиеші, білікті маман. Өзінің емес шәкіртінің жеткен жетістігіне балаша қуанатын ұстаздың ұстанымы да анық. Ол балаға білімді тәрбиемен қатар берудің маңыздылығын алға тартады.


– Тәртіп – жеңістің алғашқы нышаны. Тәртіп бар жерде білім де болады. Бауыржан Момышұлы атамыздың «Тәртіпке бағынған – құл болмайды» деген қанатты сөзінен білім берудің кез-келген саласында тәртіп орнатудың маңыздылығын аңғаруға болады. Балаға тәртіпке үйлескен білім беру керек. Оқушыны алдымен тәртіпке, еңбек етуге үйреткен абзал. Еңбекке ысылған бала бойындағы білімін міндетті түрде өмірде пайдаланады. Яғни, білімі мен еңбегі ұштасқанда ғана адам жеңіске жетеді, – дейді бастауыш сынып мұғалімі Айгерім Жұмабекқызы.
Өзі білім нәрімен сусындатқан әр шәкіртінің жеткен жетістігін баға жетпес байлығына балап, олардың жоғарғы сыныпқа өткен уақытында алған білімін одан әрі жүйелі жалғап кеткеніне шынайы қуанатын ұстаздың білім саласында жеткен жетістігі бір төбе. Оның әр балаға қалам ұстауды үйреткен еңбегі мен үздіксіз ізденісі ескеріліп, аудан әкімінің, аудандық және облыстық білім бөлімінің «Алғыс хатымен» марапатталған.

– Бүгінгі білім берудің жаңа форматы бұрынғыдан күрделілеу болғанымен заман талабына сай. Өйткені, әлем жаңару үстінде. Біз де баланы бастауыштан бастап жаңаға ұмтылуға дағдыландыруымыз керек. Ол үшін оқушы ғана емес, ұстаз да тынымсыз ізденіс үстінде болғаны абзал. Себебі, бүгінгі білім дер кезінде ізденіп, оқуды талап етеді, – дейді ол.

Айгерім бала күнінен ұстаз болуды армандап өскен. Аудан орталығындағы №163 мектептен түлеп ұшып, ХҚТУ-дың «педагогикалық» факультетінің «бастауыш сынып мұғалімі» мамандығын тәмамдап, еңбек жолын өзі оқыған мектепте лаборант болып бастайды. Осы қызметте жүріп алдыңғы буын ұстаздардан бағыт алып, өзі де бала тәрбиесіне ден қойып, кейіннен бастауыш сыныбының мұғалімі болып ауысады. Қажырлы қайраты мен еңбексүйгіштік қасиетін серік еткен ұстаз бала тәрбиесінде өзіндік ұстанымымен көзге түсіп, бүгінде ата-аналардың алғысына бөленіп жүр.

– Қазір мектепте баланың білім алуы үшін де, ұстаздың ізденуі үшін де бар жағдай жасалған. Мектептер жаңарып, сыныптар жаңа технологиямен жабдықталған. Ендігі басты мақсат – балаға тәлімді тәрбие беріп, әдептілікке баулу. Ол үшін баланың бос уақытын ұтымды пайдалануға жөн сілтеуіміз керек. Оқушы бос уақытында әлеуметтік желіні ермегіне айналдырмауы маңызды. Ғаламтордың қолжетімділігіне қуанамыз. Бірақ оның пайдасынан зияны басым. Балалар кітап оқуы керек. Өнермен, спортпен айналысса деймін. Ұстаз бен ата-ана осыған аса мән бергені абзал. Себебі бүгін біз тәрбиелеп отырған баламыз ертеңгі біздің асыраушымыз екенін естен шығармайық, – дейді ол.

Иә, егемен елдің еңсесін тіктейтін білікті де білімді, парасат пайымы мол азаматтарды тәрбиелеуде ұстаздың еңбегі ерен. Өйткені, бүгінгі бала – ертеңгі елдің тұтқасы. Осы ретте, Айгерім Жұмабекқызының ең алдымен ата-ананың сенімінен шыға білген айтулы ұстаз екені көпке үлгі деуге толық негіз бар.

Айсұлу АЛДАНАЗАР
24 қыркүйек 2024 ж. 280 0