Тәрбиенің өзегі – отансүйгіштік

Жаңарық ауылы талай өнерлі де өнегелі азаматты түлеткен қасиетті мекен. Солардың бірі – өмірлік тәлім-тәрбиесін ерлік рухпен ұштастырып, соның рухын шәкірттер бойына егуде қажырлы ұстаздық етіп келе жатқан запастағы офицер Ақайдар Мадалиев.
Тәлімгердің Жаңарық елді мекеніндегі №167 орта мектебінде алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарғанына 39 жыл толды. Өмірінің басым бөлігін ағарту саласына арнаған ұстаз елге қызмет етудің нағыз үлгісін көрсеткен жан. Ауыл мектебін бітіріп, әскери борышын сонау Өзбекстанның Науаи қаласында абыроймен өтеп, туған жерінде шәкірт тәрбиелеуді өмірлік миссиясына айналдырған оның тағылымды жолы жас ұрпақ үшін үлгі, замандастары үшін мақтаныш.
Ақайдар Мадалиев жастайынан тәртіп пен жауапкершілікті жоғары қойды. Халықаралық қазақ түрік университетінде білім алып, тәжірибесін әскери ортада шыңдады. Науаи қаласында әскери борышын өтеген жылдар оның азамат болып қалыптасуындағы ең маңызды кезеңдердің бірі болды.
– Әскер адамды өзгертеді. Онда жалқаулыққа, жалтаруға орын жоқ. Ертеңгі күніңді жоспарлап, әр сағатты бағалауды, әр істі соңына дейін жеткізуді үйренесің. Тал бойыңда шыдамдылық, төзімділік, бауырмалдық сияқты қасиеттер қалыптасады, – дейді ол.
Әскери дағдылар мен тәртіп оның ұстаздық жолының берік іргетасына айналыпты. Алғашқы әскери дайындық сабағы тек қана қару-жарақты бұзып-құрастыру, сапқа тұруды үйрету ғана емес. Ол нағыз өмір мектебі. Оқушыларға әскери білім берумен қатар, елін сүюге, Отан алдындағы борышты сезіну, жауапкершілік, ұйымшылдық сияқты қасиеттерге баулиды.
– Қазіргі заманда білім мен техника маңызды, бірақ елді қорғау міндеті одан да маңызды. Біздің мақсат – жастарға осыны ұғындыру. Патриотизм тек әскери форма киюмен шектелмейді, еліңнің тарихын, тілін, мәдениетін құрметтеу, туған жерге адал қызмет етумен айқындалады. Біз жастарға бірінші кезекте өз елін сүюдің не екенін түсіндіруіміз керек. Сабақ барысында мен оларға ата-бабамыздың ерлік жолдарын, тәуелсіздікке жету үшін төгілген қан мен терінің өтеуі жарқын болашақта екенін айтып отырамын. Әр бала өзінің ата-бабасының жүріп өткен жолын, бейбіт күннің құндылығын түсінсе ол баладан нағыз өз елінің жанашыры шығады, – дейді ол.
Ақайдар Бекайдарұлы сабақ барысында әскери тәртіп ережелерін үйретіп қана қоймай, патриоттық тақырыптағы әңгімелерін, әскер өмірінен тағылымды оқиғаларды бөлісіп отырады. Соның арқасында шәкірттер әскери мамандыққа қызығып, ел қорғаны болудың абыройлы міндет екенін түсінеді.
Әңгіме барысында ұстаз бүгінгі жастардың әскерге баруға құлықсыздығына алаңдайтынын да жасырмады.
– Әскер – әр жігіттің өмірінде бір рет өтуі тиіс мектеп. Онда әскери дайындық бір бөлек, нағыз ер азаматқа тән қасиеттерді бойына сіңіреді. Қиындыққа төтеп беруді, әр сәтті бағалауды үйренеді. Елді қорғау азаматтық борыш әрі үлкен абырой. Мен әрбір шәкіртіме осыны жеткізуге тырысамын, – дейді ол.
Ұстаздың сөзінше, әскерге барып келген сарбаз көп есейіп қайтады. Ойы орнықты, сөз саптауы салмақтана түседі. Ата-ана мен туған жердің қадірін тереңірек танып, көпшілігі кейін білімін жалғастыруға немесе жақсы жұмысқа орналасуға мүмкіндік алады. Қазір мемлекет әскерден келгендерге көптеген жеңілдіктер жасауда. Мәселен, грантпен оқу, арнайы дайындықсыз әскери қызметке тұру, басқа да салаларда басымдық беріледі.
40 жылға жуық бір салада еңбек етіп, талай ұрпақты тәрбиелеген ұстаз – шыдамдылық пен адалдықтың, еңбекқорлық пен елжандылықтың бейнесі. Жаңарық ауылының талай ұлы мен қызы оның тәрбиесін көріп, үлкен өмірге қадам басты. Көпшілігі ұстаздарының айтқан ақылын өмірлік серік тұтып, түрлі салада абыроймен еңбек етіп жүр.
Расында, Ақайдар Бекайдарұлы тек алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі емес, жас ұрпақтың бойына патриоттық сезім дарытқан, ерлікке баулыған, елге қызмет етуді насихаттаған азамат. Оның өмір жолы әрбір жасқа үлгі, әр оқушыға мақтаныш. «Тәрбиенің өзегі – отансүйгіштік» деген қағиданы өмірлік ұстанымы еткен ұстаз елдік істерде де ұлағатты үлгісімен танылып келеді.
Айсұлу Алданазар




