Соңғы жаңалықтар

№92 (8906) 2

02 желтоқсан 2025 ж.

№91 (8905) 29

29 қараша 2025 ж.

№90 (8904) 25

25 қараша 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031 
» » » ҒАСЫР ЖАСАҒАН ҒАЖАП ҒҰМЫР

ҒАСЫР ЖАСАҒАН ҒАЖАП ҒҰМЫР


«Қартын сыйлаған елдің қазынасы мол» деген тәмсіл бар. Ақиқатында қарттар –байлығымыз, шаңырағымыздың берекесі. Исабековтер әулетінің бағбаны, жүз жасаған қария Тәжбан Маханқызымен «Мерейлі отбасы» байқауында жүздесудің сәті түскен еді.


– Өткен өмір жолыма зер салсам, көп нәрсе ойға оралады. Отырар ауданы Талапты ауылында туып-өстім. Үш жылдық бастауыш мектепте білім алдым. Өзге құрбыларым сияқты соғыс жылдарында білім алудан бұрын еңбек етуді мақсат еттік. Оған басты себеп –ауылдағы мектепте мұғалім жетіспейтін. Әкем 1941 жылы наурыз айында соғысқа аттанған. Үш баламен қалған анам Халайыға үлкен ағам Дарханбай екеуміз жәрдемші болып, мал бағып күн кештік. Осылай еңбекке ерте араласып, қанатымыз ерте қатайды. Күзде бидайға масаққа шығып, қысқы азығымызды түгендедік. Қыста анам екеуміз шұлық, қолғап сияқты жылы киімдер тоқып, майданға жіберіп отырдық. Әкем Маханнан бір-екі хат келді де, сол күйі хабарсыз кетті. Асқар тау әкенің орны ойсырамасын деп, жас та болсақ анамызға ес болуға, таяныш болуға тырысып бақтық, – деп күрсіне әңгімесін бастады қария.
Көзін ашқаннан көрген ашаршылық, асыра сілтеу саясаты, репрессия, соғыс жылдарындағы ауыл тұрмы­сының тауқыметі жүректе сыз болып қалды. «Соғыс – әкеме деген сағынышты мәңгі маңдайға жазды. Өмірдің заңы, бой жетіп, бақытымды тауып, жүрегім қалаған азаматыма тұрмысқа шықтым» , – деді ол.
Ері Исабеков Тас екеуінен 7 қыз, 5 ұл өмірге келді. Отыз жыл мал баққан шаруа отбасын ауданда танымайтын адам кемде-кем. Құтханасына бұрылған кез-келгенге ақ пейілімен дәм татқызатын жүрегі кең ананың алақаны берекенің бастауындай. «Би бол, би болмасаң би түсетін үй» бол демекші, қонағын құдасындай күте білген әулеттің қанаты кеңге жайылып, бүгінде 43 немере 80 шөбере сүйіп отырған ардақты әженің самайына ақ түсіп, жүзін әжім торласа да сөзінен жаңылмаған даналығына қайран қалдық.
– Мал бағу – атакәсіп болған соң, жас күнімізден жүн түтіп, киіз басып, кілем тоқып, тұрмыстық қажеттілікті қамтамасыз еттік. Келін болып ақ босаға аттаған күннен анамыздың тәлімін ақтап, бесаспап атан­дық. Ерімізді күтіп, балаларымызды жетілдірдік. Он екі перзентті жетілдіріп, тәлім-тәрбие бердік. Өмірде түйгенім, Жаратқан ешкімді кем етпейді екен, пейіліңе қарай көл-көсір несібе береді, – деді.
Бүгінде асыл апамыз ұлы Сәрсенхан мен келіні Айшолпанның қолында, немере, шөберелердің қызығын қызықтап, ағайын-туысқа аналық батасын беріп отырған жайы бар.
– Анамыз өте еңбекқор. Қойшының баласы болсақ та, ешкімнен кем болмадық. Тазалық пен еңбекке, адалдық пен мейірімге баулыды. Анамыз бірімізді жетектеп, бірімізді арқалап, жемегенді жегізіп, кимегенді кигізіп осы күнге жеткізді. Әпке-қарындастарымды ибалыққа, қарапайымдылыққа үйретті. Біз де анамыздың атына кір жуытпай, арлы азамат болып, перзенттік парызымызға адал болып келеміз, – дейді Сәрсенхан.
– Жаратқанның қалауымен биыл жүз жасқа толып отырмын. Мерейлі мереке қарсаңында аудан әкімі Мажит Самитов арнайы келіп сәлем берді. Осы сәтте өзімнің тұтас ғұмырым көз алдымнан сырғып өтті. Біздің уағымызда үйде қол қусырып отыру ұят саналды. Ерлермен бірге дала төсінде қым-қуыт тіршілік еттік. Аудан экономикасын нығайтуға қосқан үлесім мен адал еңбегім үшін көптеген мадақтама, алғысқа ие болдым. Сый-құрметтен де кен­де қалмадым. Суретім таңдаулылар тақтасына ілінді. «Ұлы Отан соғысының аяқталғанына – 50-60-70 жыл» мерекелік медалін, «Батыр ана», «Ал­тын алқа», «Тыл ардагері», «Социалистік жарыстың жеңімпазы», «Бесжылдықтың белсендісі», төсбелгісіне ие болдым. Ұлдарым бүгінде Қандөз бен Келінтөбе ауылында ауылшаруашылығымен айналысып жүр. Еліміздің әр аймағында еңбек етіп жүрген қыздарыммен хабарласып тұрамын, – деп тәмамдады әңгімесін ғасыр өмір сүріп отырған ана Тәжбан Маханқызы.

ТҮЙІН. Шөберенің қолынан май жалап, шөпшектің қолынан су ішіп отырған ақжаулықты әжей ғасыр жасаса да, әлі тың. Айтарынан жаңылмаған, әңгімешіл. Неме­ре-шөберенің қызығына шаттанып, ағайын-туысқа ақ батасын беріп отырған әжей «адамды адам ететін – еңбек» екенін өз өмірімен дәлелдей білген жан. Жан-жақты әдебі жарасып, әдемі қартайған, ғажап ғұмырлы, ғасыр жасаған Тәжбан анамыздың аузында аталы сөзі, жүрегінде жылы шуақ бар. Даналығы дариядай үлкендеріміз ортамызда есен-сау жүре берсін деген тілектеміз.

Мақпал МАРҚАБАЙ
03 тамыз 2025 ж. 387 0