Асылдың сынығы

Жасампаз мінездің болмысы ел басына күн туған қиындықта ғана емес, мамыражай бейбіт күнде де асылдығын айғақтап қатарынан озық танылып тұрады екен. Бұлай деуіме аудан орталығындағы №110 мектептің бастауыш сынып мұғалімі Ақтолқын Әбуталіпованың тәлімгерлік тағылымы, үлгілі педагогикалық ұстанымы дәлел дей алар едім.
Баланың бәрі дарынды. Тек оларға алабөтен ықылас, жеткілікті көңіл, жанашыр қамқорлық қажет. Біз Ақтолқынның бойынан осынау қасиетті көріп қуанамыз. Ол алғашқы күннен WhatsApp әлеуметтік желісінде ата-аналарға арнап ортақ топ ашып қойған. Сабақ басталмас бұрын шәкірттерін түгендеп, барлығымызды хабардар етіп отырады. Сондықтан баланың ретсіз, себепсіз сабаққа қатыспай қалуы деген кемшілік болмайды. Үй тапсырмасын орындауда да солай. Баласына көңіл қоймаған ата-анаға ұстаз ерекше талап қойып отырады. Өйткені баланың сабақтағы жақсы үлгерімі келешек ата-ананың абыройы, жеңісі, жемісі.
Балақандарды оқуға, білуге ынталандыру, білімге жетелеуде түрлі тәсілді қолданатын ұстаздың шәкірт білімін ұпай санымен бағалап, жыл соңында соларды қосып, қорытып, үлкен балл жинағандарды ерекше дәріптеп, көпшілік орында қызықты дастархан ұйымдастырып беруінің өзі оның шәкірттерді өз баласынан кем көрмейтін махаббатының белгісі деп сеніммен айта алар едім. Мұндай сүйіспеншіліктің құдіреті қандай жетістікке болмасын қол жеткізудің басты шарты болса керек.
Жасөспірімдерге білім берумен қатар адамгершілік қасиеттерге баулуда сыныпішілік түрлі тәрбие сағаттарын, өнер сайыстарын ұйымдастырып жатады. Үлкенді-кішілі шаралардың қайсысы болсын үлкен дайындықпен, жан-жақты қызықты идеялармен байытып кең көлемде өтетіні біздің де көңіілімізді қуанышқа бөлейді. Мұның келешек интеллектуал ұрпақ тәрбиелеп жетілдіруде мәні зор.
Ақтолқын – батырдың ұрпағы. Кеңес Одағының батыры Әнуар Әбутәліпов атаның немересі. Адалдық, шынайылық, төзімділік – оған ата бойынан ауысқан қасиет деп есептейміз.
Біз ата-аналар атынан Ақтолқын Мақсұтқызына ақ тілегімізді жыр жолдарымен жеткізгіміз келеді: Тіл ұстартып, тереңнен маржан терген,
Тұнық судай білімнің нәрін берген.
Ұялатып тәлімнің бес асылын,
Кеудесіне шәкірттің жырмен өрген,
Жүрекпен ұғып білген сәби тілін.
Ұстазға алғысымыз шексіз бүгін!
Сания Балтабайқызы