№41 (8855) 3

02 маусым 2025 ж.

№40 (8854) 31

31 мамыр 2025 ж.

№39 (8853) 27

27 мамыр 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30 
» » » Ерлік еңсені тіктейді

Ерлік еңсені тіктейді


Соғыс деген сөз өте зілді, ауыр. Соғыс – кесапат, қан мен тер. Осыдан 46 жыл бұрын Ауған алауы тұтанғанда еліміздің тұс-тұсынан жас сарбаздар әскери борышын өтеуге жат елге аттанды. Мемлекет бұйрығын бұлжытпай орындап, жұлқынып алдынғы сапта тұрғандар неткен рухты еді.


Қарапайым отбасынан шыққан Нұрымбетов Қайрат Қайбуллаұлы 1962 жылы желтоқсанда «Кеңес» ауылында дүниеге келген. Қаратөбе ауылындағы №229 «Абызтөбе» орта мектебін бітірген соң автомеханизация саласы бойынша арнайы курстан өтеді.
1981 жылдың наурыз айында жүргізушілік куәлігін алып, егіс шаруашылығының 4-бригадасында механизатор болып бір жарым жыл жұмыс жасап, 1982 жылдың сәуір айының 25 күні әскерге шақырылды. Өзбекстанның Термез қаласында әскери борышын алты айдай өтеп, алдымен Өзбекстанда, одан әрі Ауғанстандағы Баграм провинциясында, кейін Паншер шатқалындағы соғысқа қатысты. Ауғанстан жерінде бір жарым жылдай жарық жолынан өтіп, 1984 жылдың тамызында елге қайтарылады.
Иә, соғыс атаулының қасіреті мен зардабы бір. Ауған соғысына қатысқан 22 000-нан астам қазақстандықтың 700-ден астамы елге оралмады, 21-і хабар-ошарсыз кетті, олардың не өлі, не тірі екені белгісіз. Сұрапыл соғыстың отты жылдары жайында кейіпкеріміз былай дейді.
– Ауған соғысы-жүректе жазылмайтын жара, тарихта таңбаланған қасірет. Біз жорық даласында небір қиын күндерді бастан өткердік. Бір қатарда жүрген бауырлардың күнде біреуінен айрылу ауыр азап екен. Елге қайтар күннің туарына үміттен гөрі күдігіміз басым болды. Соғысты үлкен немесе кіші деп бөлуге болмайды. Соғыстың аты-соғыс. Аман қалдық дегеннің өзінде жүректе сызы, денеде ізі қалды. Жүйкесі тозып ұйқыдан қалып, жан күйзелісін жеңе алмай жапа шеккендер қаншама. Бірақ, қай кезде де елдің тыныштығы мен халықтың амандығы аса маңызды, – дейді ол.
Елге оралған соң өзінің кәсібіне кірісті. Туған жері Қаратөбе ауылында 4- бригадада механизатор болып жұмысын жалғастырды.
1997 жылы совхоздардың жекешеленуіне байланысты «Сырлыбек» шаруа қожалығында механизаторлықты жалғастырған. 2015 жылдан бері қарай №229 орта мектебінде жұмыс жасауда. Отбасы жағдайына келсек, жұбайы Бибіхан екеуі 3 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсіріп, ұл-қыздан 10 немере сүйіп отырған бақытты отбасы.
Өзінің тиянақты тірлігі, мінсіз қызметінің арқасында ортасына сыйлы. Саланың мақтау, марапат қағаздарына ие болып келеді. Ауған ардагерлері әлі де қатарда, ел экономикасына өзіндік үлесін қосып келеді. Өкініштісі, жыл жылжыған сайын ауған соғысының ардагерлері азайып барады. Осындай батырлық пен қаһармандықтың үлгісін көрсетіп, соғыс даласынан қайтпай қалған боздақтар рухына тағзым ете отырып, қайыспас қайсар ұл тәрбиелеген қазақстандық аналардың алдында басымызды иеміз.

Айсара Мырзабаева,
Қаратөбе ауылы жастар ісі жөніндегі маман
13 мамыр 2025 ж. 372 0