Абайды ардақтаған ардагерлер

Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың 180 жылдығына байланысты облыстық білім саласының ардагерлер кеңесі «Ұлы Абай әлемі – мәңгілік мұра» тақырыбында байқау жариялаған болатын. Білім саласының ардагерлері арасында жарияланған байқаудың ережелерін ескеріп, барлық ауданның ардагерлері дайындықты қаңтар айынан бастап пысықтады. Жалпы байқау 3 жанрда ұйымдастырылды. Абайдың қара сөздерін жатқа айту, ақынның өлеңдерін мәнерлеп, көркемдеп жатқа айту болса, үшінші кезеңі, Абайдың әндерін музыкалық аспаптармен шырқау болды.
Жаңақорған аудандық «Білім саласының ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігі аталған байқауға қатысуға ниет білдірді. Байқауға қатысу мақсатында іріктеу шаралары жүргізіліп, облыстық сынға №163 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің педагогы болған ардагер-ұстаз Жұмағали Ібішев қатысты. Жұмағали бірінші жанр бойынша Абайдың отыз бірінші қара сөзін жатқа айтып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Екінші жанр бойынша да Жұмағали бас ақынның «Сегіз аяқ» өлеңін жоғарғы дәрежеде орындады.
Ал, үшінші кезеңде «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?» өлеңін орындады. Жырдың мәтіні мен мазмұны көрермендердің көңіліне шуақ сыйлап, өмірдің қымбат екенін, адами қасиеттің мәңгілігін тербетіп тұрғандай әсер қалдырды.
Облыстық байқауға 9 ардагер қатысып, үздіктер анықталды. Шығармашылық байқау Шиелі аудандық мәдениет үйінде өткізілді. Рухани шара басталмас бұрын аудандық мәдениет үйінің ғимаратының алдында түрлі ұлттық тақырыптарға байланысты қойылымдар, сахналық көріністер көрсетілді. Салтанатты шараны аудан әкімінің орынбасары ашып, жылы лебізін білдіріп, сәттілік тіледі. Шешуші сынға аудандық білім бөлімі басшысы, салалық кәсіподақ төрайымы да қатысып, әділ өтуіне мұрындық болды. Әділқазылар бағаларын беруде барлық ережелерді ескерді.
Үш кезең бойынша сынға түскен қатысушылар тиісті бағаларын алып, түрлі номинация бойыншы жүлделі орындар алды. Сонымен үш кезең бойынша сынға түскен жерлесіміз Жұмағали Ібішев жүлделі үшінші орынға жайғасты. Арнайы дипломмен марапатталып, бағалы сыйлыққа ие болды. Арнайы қонақ ретінде қатысқан аудан әкімдігі өкілдері барлық ардагер-ұстаздарға аудан әкімінің «Алғыс хаты» және заттай сыйлығын тапсырды.
Айта кететіні, байқауға қатысқан ардагер-ұстаздардың жасы 66-75 аралығында.
Қатысушылардың барлығы да Абайдың қара сөзін, өлеңі мен әндерін айту, жаттау қабілеттерінің жоғары екенін, қазіргі жастарға үлгі-өнеге болғанын ерекше айтуға болады.
А.АХМЕТОВ,
Жаңақорған аудандық
«Білім беру саласының
Ардагерлер ұйымы» қоғамдық
бірлестігінің төрағасы