ЕРЛЕР ЕСІМІ ЕШҚАШАН ҰМЫТЫЛМАЙДЫ

Екінші дүниежүзілік соғыс – адамзат тарихындағы ең сұрапыл әрі зұлматты кезеңнің бірі. 1941 жылдың маусымында басталып, 5 жылға созылған бұл соғыс бірнеше мемлекетті шарпып, 35 миллионнан астам жауынгер ұрысқа қатысты. Солардың бірі – менің атам Шайхназаров Балтақожа 1941 жылы Өзбекстанның төменгі Шыршық аймағынан соғысқа аттанған. 8-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының құрамында сапер болып бекітілген жауынгер үш жыл бойы ұрыс алаңында қан кешті. Шабуылға шыққан әскердің жолындағы миналарды тазартып, екінші жақтан қорғану мақсатында мина қойып, үнемі жаудың өтілінде болған жанның әр сәті ажалдың апанына байлаулы болды десе болғандай.
Қазақ солдаты 1944 жылы Великих Лук ауданы аумағында жаяу әскердің өтуі үшін, атқылаған оққа қарамай, тікенек сымдарды қиып, миналарды залалсыздандыру кезінде снарядтың жарылуынан ауыр жарақаттанып, соғысқа жарамсыз болғандықтан елге қайтарылады. Мүгедектігіне қарамай бейбіт өмірде де елдің қамы үшін ауыр еңбекке араласқан атамыз алғашқы жыллдары Талап бекетінде бел шешпей бейнет қылып, кейін Төменарық елді мекені маңындағы каналды қолмен қазу жұмыстарын атқарды. Одан әрі жаңадан құрылып жатқан «Октябрь» колхозына қоныс аударып, өзінің бүкіл күш-жігерін шаруашылықтың аяғынан тік тұрып кетуіне арнады.
Атамның көзін көргендер оның ақжүрек, ашық жарқын мінезді адам болғандығын айтады. Өзінің ақ пейілдігімен жұртқа құлай сенетін атамыз ферма меңгерушісі қызметінде жүргенінде қарамағындағы жылқышыларға қатаң тізе батыруды мақсат етпеген. Мүмкін, осы жұмсақтығын пайдаланған біреулердің жауапсыздығынан біраз мал Қызылқұм жаққа қарай ауып кетеді. Атамыз бірнеше серіктерімен Қызылқұмның қойнауынан жылқыларды тауып алып қайтады. Бірақ бұл сапар өмір жасын өксіткен тауқыметті сапар болды. Қалың құм арасында су таппай қаталағанда кездескен құдықтың қызылқұрт араласқан мұздай суын беторамал арқылы сүзіп ішуге мәжбүр болған ауыр жағдайды бастан өткереді. Осы қиямет сапары атамның денсаулығына кесел болып жабысты. Ол кезде мұндай жағдайлардың салдары туралы ол кісі еш ойланбаған да болар.
Атамның өзі жетім өскендіктен болар, әжеміз, Жұман балықшының қызы Алмагүлдің бауырларына өз баласындай қарап, оларға туған әкесіндей қамқорлық жасаған екен. Атамның осы үлгісін кейін әкеміз де үзбей, бертінге дейін осы отбасына жалақысынан қылдай бөліп беріп, ұдайы жәрдемдесіп отыратынын көріп өстік.
Атамның ең үлкен қасиеті – мейірімділігінде шек жоқ-тын. Ұрпағына деген ерекше махаббатын айшықтайтын қаншама естеліктер жүрегімізде жаттаулы.
Балтақожа атамыз Шайхназардың ұлы Медеттен туған. Бабамыздың Медеттен бөлек Жәдігер деген ұлы болған екен. Жәдігердің кіндігінен Қалымбет, Нұрымбет өрген. Қалдықыз атты қызынан тараған ұрпақтар бүгінгі таңда ауылда өсіп-өніп отыр. Қалымбет атамыз соғысқа аттанып хабар-ошарсыз кеткен. Ал Нұрымбет атамыздың ұлы Сәруар жас кезінде түйеден құлап мерт болып, көз жұмған екен.
Бар білгеніміз осы деп жүргенде, Алматы қаласында өткен тойда Шаян өңірінен келген қарт кісіден Жәдігер атамыздан тағы бір ұл – Жармұханбет (немесе Жармағанбет) атты кісі туралы естідік. Бұл қарияның айтуынша, Жармұханбеттің ұрпақтары қазіргі таңда Шымкент қаласында тұрады екен. Басқа нақты деректер жөнінде әлі де ізденуімізге тура келеді. Сондай-ақ, Медет бабамыздың Түгіскен елді мекені аумағында қонысы болғандығы жөнінде әр-әр жерден естіп қаламыз деседі. Әрине, бабалаларымыздың жүріп өткен шежіресінен жетік хабардар болу үшін жан-жақты іздене түссек әлі талай деректерге көз жеткізе түсеріміз анық.
Біздің міндетіміз – сүйегі асыл жандардың аманатына адал болып, атына сөз келтірмеу. Сонымен қатар ұдайы рухтарына дұға бағыштап келеміз.
Біздер соғыста қиян-кескі шайқаста болған атамыздың майдандағы отты күндерінен тың деректер табылып қалар деп интернетті ақтарудан жалықпадық. Ресей архиві сайттарында атамның соғыстағы ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз» орденіне ұсынылғанын, бірақ сол наградасы түрлі себептермен кешіктіріліп «За боевые заслуги» медалімен марапатталғаны жөнінде нақты құжаттарды кезіктірдік. Оның шын мәнінде батырға тән ерлік жолына осылайша куә болдық. Көңілімізді ерекше мақтаныш кернеді. Иә, ерлер есімі ешқашан ұмытылмайды. Олар мәңгі біздің жүрегімізде!
Мұрат ӘБДІМАНАПҰЛЫ