Ердің серігі, елдің анасы

Ежелден қазақ халқының нәзік жандылары таққа отырып, ел басқармаған, ерден бұрын сөз бастамаған. Алайда, аналар рөлінің қандай деңгейде болғанына тарих куә. Қазақ қоғамында әулетті тура жолдан тайдырмай, тентегін тезге салуда, жеткіншіктерді жастайынан адами келбет ауанынан алыстатпай тәрбиелеу үрдісінде ақ жаулықты «әжелер мектебінің» алар орны бір төбе. Өйткені, әжелер өнегесі ұрпақтан ұрпаққа ұласып, ғасырдан ғасырға жалғасатын тәрбиенің таусылмас қайнар көзі. Осыдан-ақ, әжелер мектебі – бұл ұғымды бойға тереңнен сіңіретін бірден бір жол десек те болады. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де бір әулеттің емес, бүтіндей ауылдың тыныс-тіршілігін түгендеп, кем-кетігін түзеп, аналар келбетінің кескінін келтіріп жүрген жан. Біз ауылдық ардагерлер ұйымының төрайымы Құрбанкүл Нұрымбетованы арнайы жолықтырып, өмірлік өнегесін тыңдап қайттық.
Өмірімнің 41 жылын ағарту саласына арнап, соңғы сегіз жылын қоғамдық өмірге, ауылдың бірлігі мен ынтымағына және жастардың тәрбиесіне төсеп келе жатқан жайым бар. 2017 жылы зейнеткерлікке шыққаныма көп өтпей жатып мені ардагерлердің төрайымы етіп сайлапты. Бастапқыда сәл кідіріп, бас тарту ойы болған еді. Алайда, маған ауданнан хабар келіп, мені жерлестерім сайлаған екен. Не керек, ауылдастардың сенім жүгін арқалауға тура келіп, атқа қондық. Бүгінде ауылдың ауызбіршілігін арттыру, бірлігін бекемдеуде, жалпы әрбір іс-шаралардың басы-қасында жүріп, әр шаңырақтың шаттығына куә болуға шама-шарқымыз келгенше қызмет жасап келеміз. Адам есейген сайын да уайымшыл келеді екен, қит етсе бір үйдің мәселесіне алаңдап отыратын болыппыз. Ауылда қазір 100-ден аса ардагер бар, әрбір мереке сайын сәлем беріп, қатардан қалдырмай, ілтипатымызды білдіріп тұрамыз. Көзі көрмейтін қарияларға арнайы барып, газет оқып беремін. Еңбек ардагерлері туралы мақала дайындап, басылымға беріп тұруға да тырысамын.
– Бір сәт өткенге оралып, ұстаздық жолыңыз туралы өрбітсек...
– Мен негізі Шиелінің тумасымын, жоғары оқу орнын бітіріп, осы ауылдың келіні атандым. Еңбек жолымды мектепте бастап, 41 жыл химия-биология пәнінен сабақ бердім. Әрбір ұстаздың жетістігі шәкіртінен көрінеді ғой. Менің де қаншама шәкіртім бар, ізімнен ерген оқушыларым да аз болмады. Ұстаздық мамандығынан бөлек, медицина, өндіріс саласында да шәкірттерім жетерлік. Мәселен, Алматы қаласыздағы Сызғанов атындағы хирургиялық орталықта Кенжебек деген оқушым қызмет жасайды, Қорқыт ата атындағы университетте Нұрғали есімді шәкіртім дәріс береді. Олардың жетістіктері бір төбе, жалпы мұғалімдік жолымда 8 сыныпты бітіргізген екенмін. ҰБТ-да жақсы көрсеткіш көрсеттік, ғылыми жобалардан да жетістіктер де аз емес. 20 жыл жоғары категорияда болдым. Жалпы өмірімнің жартысынан көбін білім саласына арнағаныма еш өкінбеймін. Қайта мақтанышпен айтқым келеді.
– Қазіргі қоғамда отбасылық ахуал мен жастар тәрбиесі үлкен мәселеге айналды. Бұл жөнінде не айтасыз?
– Рас, отбасылық мәселе деген бұрындары көп байқала бермейтін. Қазір ушығып кетті, бір үйден бір қисынсыз хабар келсе дереу шаңырағына барып, тілдесіп, ақылмен шешуге тырысамыз. Әсіресе, келіндер мен қыздар мәселесіне аса қатты мән беретініміз бар. Үй болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды, сондықтан әр үйдің түтінінің түзу шығуына қолымыздан келгенше көмек созуға дайынбыз. Ардагерлердің айтар уәжі болса естіп, өтініш-тілегін тыңдап, денсаулықтарына дейін бақылап тұрамыз. Жастар мәселесін де шет қалдырмаймыз. Мектепте өтетін кездесулер мен іс-шараларда төбе көрсетіп тұрамын.
– Отбасыңызға да тоқтала кетсеңіз...
– Құдай қосқан қосағым екеуміз бір ұл, екі қыз тәрбиелеп, немере сүйіп отырған жандармыз. Ұлымыз қазір Польша елінде қызмет бабында. Сырт елде жүріп, бірнеше диплом ала алды. Енді қазақ балаларының шет елде білім алуына мүмкіндік қарастырып жүрген жайы бар. Бұйыртып жатса, туған елге келіп, елдің дамуы жолында еңбек етеді деп үміттеніп отырмыз. Осылай тіршілік етіп келеміз, ең бастысы, ауылдың ынтымағы мен ырысы ортаймасын деп тілеп отырамыз. Отбасы татулығы тұрақты болса қалғанын уақыт өзі реттейді.
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ