Ауған асуында от кешкендер

Биыл Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 36 жыл. Бас-аяғы 10 жылға созылған соғыста талай боздақ құрбан болды. Осы орайда, №224 орта мектебі жылдағы дәстүрінен жаңылмай, «Ауғанның асуында от кешкендер» атты шара өткізді. Жиынға Ауған соғысының ардагерлері арнайы қатысып, естеліктерімен бөлісті.
– Ауған соғысы елдің тарихи санасында ерекше орын алды. Бұл соғысқа қатысқан қазақстандық жауынгерлердің көпшілігі өз өмірлерін қатерге тігіп, ерліктің үлгісін көрсеткен. Олар тек қана әскери міндетті орындап қана қоймай, адамдардың өмірі мен бостандығын қорғауға тырысты. Ауғанстанға барған әрбір жауынгер бұл соғыстың тек қарулы қақтығыс қана емес, психологиялық, әлеуметтік және адамгершілік қиындықтарға да толы болғанын жақсы түсінеді. Мұндай қарулы қақтығыстар қандай мемлекетке болмасын үлкен қауіп. Сондықтан, елімізде тек бейбітшілік болсын. Ал, ел тәуелсіздігінің тұғыры биік болуы үшін ер азаматтар жігерлі, отаншыл болуы керек. Себебі, отаншыл азаматтары басым мемлекетті ешқандай жау ала алмайды, – деді Ауған соғысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Қуаныш Әбіләкімов.
Сондай-ақ, шараға ауған соғысы ардагерлері Жақсылық Аюпов, Пардабай Жетпісбаев пен Әбдірашид Әбшенов арнайы қатысып, шәкірттердің сұрағына жауап берді.
Ауған соғысы ардагерлерін құрметтеп, жат жерде бақилық болған боздақтарды еске алып, шәкірттерді ерлік пен адалдыққа, ұлтжандылыққа, туған жердің қадірін түсінуге бағытталған шарада мектеп директоры Медет Сқақов ардагерлерді атаулы мерекемен құттықтап, сый-сияпат жасады.
– Ауған соғысы сол уақытта біздің әскер үшін үлкен сынақ болды. Қазақстандық жауынгерлердің ерлігі мен батылдығы бүгінгі күні де халықтың жүрегінде. Олар қаншама қиындықтарға қарсы тұрып, ерлік пен патриотизмнің нағыз үлгісін көрсетті. Расында, Ауған соғысы көптеген отбасылар мен ұрпақтар көңіліне сызат қалдырды, бірақ ол сонымен қатар Қазақстанның әскери тарихында мәңгілікке қалатын беттерді ашты. Ауған соғысы ардагерлеріне құрмет көрсету біздің ұрпақ үшін маңызды міндет, – деді мектеп басшысы.
Салтанатты шараның соңы спорттық жарыстарға жалғасып, мектеп спортшыларының ұйымдастыруымен өткізілген волейбол сайысына ардагерлер де қатысып, марапат мінберіне көтерілді.
Иә, соғыстан кейінгі жылдар ауған ардагерлері үшін оңай болмағаны анық. Көптеген ардагерлер өздерінің соғыс кезіндегі қызметі мен бастан кешкен қиындықтары туралы ашық айта алмағаны да рас. Алайда, соңғы жылдары ауған соғысына қатысқан ардагерлер қоғамның назарынан тыс қалған емес. Олардың құрметіне арнап түрлі шаралар мен кездесулер ұйымдаситырылып келеді. Осындай шараларда ардагерлер сөз алғанда, олардың әрқайсысының жеке тарихы, өзіндік ерлік жолдары бар екенін түсінуге болады. Әрбір ардагер соғыстан алған физикалық және психологиялық жарақатымен өмір сүріп келеді. Солардың қатарында, ауған асуында от кешкендер қашан да құрметтеуге лайық.
Айсұлу АЛДАНАЗАР