Ұлт күрескері және қазақ математигі
Алаш қозғалысының белсенді мүшесі, қазақтың тұңғыш математигі және қазақ жерінің тұтастығын сақтауға өлшеусіз үлес қосқан ұлт қайраткері Әлімхан Ермековті бүгінгі жас буын біле бермейді. Тарих тамырына терең үңіліп қарасаңыз өз өмірін халқының мүддесіне арнаған тау тұлғаның есімі жаңғырып тұрады. Сондықтан ұлттық мүдде жолында күрескер атанған Әлімхан Әбеуұлы туралы мағлұматтарды зерделеп көрдім.
Әлімхан Ермеков 1891 жылы Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында дүниеге келген. Жастайынан білімге құштар болып, Семейдегі мұғалімдер семинариясын үздік тәмамдаған. Кейін Томск технологиялық институтында оқып, сол заманның ең күрделі ғылымдарының бірі – математика саласында жоғары білім алған. Бұл оның қазақ балаларына ғылымды ана тілінде үйрету арманын жүзеге асыруға мүмкіндік берді.
Әлімхан Әбеуұлы – қазақтан шыққан алғашқы кәсіби математик. Ол Қазақстанда жоғары математика бойынша алғашқы қазақ тіліндегі оқулықтарды әзірледі, ғылым жолында ұлт игілігі үшін талмай еңбек етті. 1928 жылы Қазақ педагогика институтында (қазіргі Абай атындағы ҚазҰПУ) жұмыс жасап, болашақ мұғалімдерді дайындауға үлес қосты. Қазақ тілінде жазылған алғашқы математикалық оқулықтардың бірі – «Ұлы математика курсы» еңбегінің авторы. Бұл кітап 1935 жылы жарық көріп, қазақ жастарына математика ғылымын өз тілінде меңгеруге мүмкіндік берді. Сонымен қатар, ол көптеген жас ғалымдардың тәлімгері болып, қазақ білімінің дамуына елеулі үлес қосты.
Тек математика саласында ғана емес, ол қазақ халқының ұлттық мүддесін қорғау үшін саяси және экономикалық мәселелерді шешуге атсалысты. Оның қазақ тарихындағы ең елеулі еңбектерінің бірі ретінде қазақ жерінің шекарасын бекіту ісіндегі рөлін айтуға болады. 1920 жылы Мәскеуде Лениннің төрағалығымен өткен РКФСР үкіметінің отырысында Қазақ АКСР-інің шекарасын анықтау бойынша баяндама жасады. Осы отырыста ол қазақ жерінің тарихи негіздерін жан-жақты дәлелдеп, Қазақстанның аумағын анықтауда белсенділік танытты. Осы келіссөздердің нәтижесінде Орал, Семей, Ақмола, Торғай және Жетісу аймақтары Қазақстанға қайтарылды. Бұл оқиға қазақ халқының мемлекеттілігін сақтап қалуда үлкен маңызға ие болды. Алайда оның өмірі ауыр сынақтарға толы болды. Кеңес билігі тұсында Алаш қозғалысына қатысқаны үшін бірнеше рет қуғын-сүргінге ұшырады. Жазықсыз жала жабылып, абақтыда отырса да, ұлтына адалдығын сақтап қалды.
Әлімхан Ермековтің есімі тәуелсіз Қазақстанның тарихында алтын әріптермен жазылғаны ақиқат. Ол қазақ жерінің тұтастығын қорғаған, ғылым-білімнің негізін қалаған, еліне адал қызмет еткен тұлға. Оның өмірі бүгінгі ұрпаққа ерлік пен адалдықтың жарқын үлгісі.
Қазіргі уақытта мектепте оқып жатқан «Алаш қайраткерлерінің ағартушылық қызметі» элективті курсының ұлт зиялыларының қазақ өркениетін қалыптастырудағы атқарған қызметі туралы терең білім алуымызда пайдасы зор. Ғылым мен ұлттық болмысты қатар ұштастырған тарихи тұлғаның еңбектерін көпшілікке таныстыруды жөн көрдім. Оның ғылым мен саясаттағы еңбегі тек өз заманы үшін ғана емес, қазіргі және болашақ ұрпақ үшін де баға жетпес мұра болып қалары анық.
Асылайы ӘНУАРБЕК
№163 орта мектептің 8 «а» сынып оқушысы