Ғалымның дара жолы

Желтоқсан айының соңғы күні газетіміздің қарашаңырағына Жаңақорған топырағының перзенті, ғалым-энергетик, техника ғылымдарының докторы, ҚР ғылым академиясының академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Бірлесбек Қаниұлы ағамыз келді. Жанында жары Айгүл Қалдыбекқызы бар.
Өзі жан-жүрегімен таңдаған кәсіптің шыңын бағындырып, телегей-теңіз ілім-білімін бөлісу үшін жер-жаһанның түкпір-түкпіріне табаны тиген, тіпті алыс Африкада жанбайды деген көмірді кәдеге асыруды дәлелдеген үлкен жүректі ғалым ағамыз осы бір ыстық мекен – Жаңақорғанын бір сәт естен шығармайтынын айтады. «Әлдебір сиқырлы күш туған жерге тартады да тұрады. Келіп аунап-қунап қайтсам үлкен күш алып қайтам» дейді өзі.
Ғалым аға биыл сексен бестің шыңын бағындырды. Ғылымнан әлі қол үзген жоқ. Ауылдағы өзі оқыған №169 Н.Илялетдинов атындағы мектепте физика пәнінен таңдаулы оқушылар мен ұстаздарға өзінің атында стипендия беріп келе жатқанына отыз жылдан асты. Бұл да ғалым ағаның туған жерге деген перзенттік пейілінің бір көрінісі болса керек.
Жүз жасаған атасы Әлиярдың мұның есімін «Бірлесбек» деп қоюы үркіншілік кезінде жан-жаққа босып кеткен ағайын атамекеніне қайта бас түйістерсе екен деген ниеттен туып еді. Сол Бірлесбегі ағайынды былай қойғанда адамзатты бір тудың астына біріктіріп, ортақ мекеніміз – жер планетасының желкенін желбіретуде өзінің ғаламат ой-қиял жемісімен айналасына шуағын шашып келеді десек жаңылмаймыз.
Ғалым ағамен бұдан бұрын да ауылға келгенінде емен-жарқын сұхбаттасқан едік. Сол кезде өзінің ғылым жолын таңдауына анасының көп ықпалы болғанын айтып берген болатын. Тіпті кішкентай кезінде дімкәстау болған балапанын аяққа нық тұрғызып, қатарының алды етуге барын салған ана еңбегін ешнәрсемен теңгеруге келмейтіндей.
Бірлесбек мектепте барлық сабақтан үздік оқыпты. Мемлекеттік емтиханды алтын медальмен тәмамдағалы тұрған талапкердің үміті ақталмай, әдебиеттен «төрт» деген бағаны алып қалады. Үш күн нәр татпай, тас бүркеніп жатып алған екен. Жанына анасының келіп: «Кімге өкпелеп жатырсың? Мұнымен ешкімді мұқата алмайсың. Ер екеніңді білейін, оқуға түсіп, біліміңді дәлелде» деген сөзі жігерін қайрағандай болды. Содан буынып-түйініп Алматыға аттанды. Бағыты – физик болу. Оған да анасы ақыл қосты. Негізінде, тарихшы ма, философ па болсам деген арманы бар еді, анасы айтты, бұл таңдауың да дұрыс шығар, онда деңгейіңді дәлелдеуің күрделірек, саясат дегенің сыбыр-сыбырмен шешіледі, ал мынау физикада көрсеткішті қолмен ұстап, көзге көрсетіп дәлелдейсің. Мойындалуың да оңай.
Шынында да солай болды.
Кемерінен шыққан келешегіне патша көңілмен атақ атаулыны аямай еншілеткен асыл тілек жерде қалмады. Ғылым жолын қуды. Зор жетістіктерге қол жеткізді. Алдымен кейіпкеріміздің ғылымдағы мәртебелі биігі – Мемлекеттік сыйлығына ұсынылған жаңалығы туралы тарқатайық.
Екібастұз көмірі ең арзан көмір, оны жаққанда жартысынан астамы күлге айналып, жарамсызданады. Осы күлдің өзін отын есебінде қолданудың мүмкіндігін зерттеп тапты. Сондай-ақ отынның жануы кезінде бөлінетін түтіннің құрамындағы улы заттарды кеміту мәселесін тиянақтап, нақты нәтижесін айқындады. Жарамсыз деп тасталған көмірді пайдаға жаратудың ғалым тапқан әдісі Қазақстанға миллиардтаған пайда әкелді.
Елімізде жүзжылдық көмір қоры бар деп есептеледі. Олай болса жүзмиллиардтаған табыс әкелетін саланың әлеуеті сарқылмақ емес. Мемлекеттік сыйлық осы еңбегі үшін берілді.
***
Ұлының осы жетістігін анасы көріп кетті. Қуанышын бөліспекке алып-ұшып ауылға жеткенінде анасы науқастанып төсек тартып жатыр еді. Тым төмендеп, даусы да шықпай қалыпты, «саған рахмет» деп қинала сыбырлаған әзиз жан ұлының қолынан қысып ризалығын білдірді. Қайран ана алпыс тоғыз жасында қайтпас сапарға аттанып кетті. Анасын әлі талай жеңісімен қуантамын деген тілек іште тұншығып қала берді.
Қазақта «Алтын шыққан жерді белден қаз» деген мақал бар. Бірлесбектен кейінгі бауырлары Аманжол энергетик, техника ғылымының майталманы. Есенжол саясаттану ғылымдарының докторы, қарындасы Гүлжан экономика саласының биігін бағындырды.
Сала саңлағы өмір жолында үш оқу орнын тәмамдады. 1956 жылы С.М.Киров атындағы КазГУ-дің физика факультетіне оқуға түсті. 1961 жылы Қазақстан Ғылым академиясының энергетика ғылыми-зерттеу институтында аға зертханашы болды, осы жерде жүріп ол алғашқы ғылыми зерттеулеріне қадам жасады. 83-жылы Алматы энергетикалық институтының жылу энергия факультетін, 95- жылы Оксфорд университетінің экология-экономикалық энергия бөлімінде білімін жетілдірді. 92-жылдан бастап энергетика институтының директоры болды.
«Бала кезімде мына көрші Шалқияның қойнауын түрткілеп кен іздеп жүретіндердің үйге келіп әкеме айтқан әңгімелеріне есім кетіп геолог болсам деп те армандадым. Мен барған жылы қасақана бұл факультет жабылып қалыпты. Содан физикаға бардым» дейді ғалым аға.
Көмірді жағу тәсілі жөнінде жаңалығын Оксфорд ғалымдарымен бөліскенінде өздерін ұлы халық санайтын ағылшындардың «қазақтар бізді үйретеді» деп қағытқаны бар. Сонда Бірлесбек Қаниұлының «Біз ешкімге үйретпейміз. Тәжірибемізді бөлісеміз. Сіздерде де көмір көп, бірақ 20 пайызын ғана жағасыздар, бірақ құрамы жөнінен әртүрлі көмірді жағудың өз тәсілі бар. Осыны меңгеру маңызды. Қазақстан көмір қоры жөнінен әлемде алдыңғы орында. Бізде көмір де, мұнай да бар, екеуі де жылу береді, қымбатын сатамыз, арзандауын жағамыз. Көмірдің де жақсысын сатамыз. Көмірді өндірген соң, оны сонша мехнатпен тасу шығыны ақталу үшін оны толық жағып үйрену керек, міне, осы жағу тәсілін табуымыздың нәтижесінде Қазақстанның қалдық қоры 1 млрд тоннадан асты, 100 жылға І млрд тонна үнемдейміз» дейді ғалым. Яғни, жұрттың болмайды деген нәрсесін болдырды. Ол кісінің ұстанымы – қандай жаңалық болсын ең бірінші елге пайдасына маңыз беретінін айтады.
Бірлесбек ағаның ұлы мен қызы – Алижан мен Мадина әке жолын қуған энергетиктер. Немересі Алина да осы саланың маманы, Болон университетінде дәріс береді. Докторлық еңбегін қорғау үстінде екен.
Бірлесбек Қаниұлының есімі өз елімізде ғана емес, шет мемлекеттерде де құрмет пен қошеметке ие. Оның ғылыми жетістіктері мен оқытушылық қызметі осы саладағы мамандарды даярлаумен шектелмейді, ол жылу энергетикасы бағытында мектеп қалыптастырып, ғалымдардың жаңа буынын тәрбиелеуге, болашақ тың тәсілдер мен инновациялық шешімдердің нақты формуласын айшықтауға әлі де тер төгіп келеді.
***
Ұлағатты ғұмырының мазмұн-мағынасын ой елегінен өткізген ұстаздың түйген тұжырымы төмендегідей:
– Ғылымға азды-көпті сіңірген еңбегім ел игілігіне жарап жатқанына әрине қуанулымын. Дегенмен, менің көңіліме тоқ санайтын үлкен қарекетім, әлі де қартайтпайтын, қажыр-қайратымды еселеп, жазу үстеліне шегелеп, күндіз-түні жұмыстан бас алдырмаған талаппен қол жеткізген жетістігім – «Энергетикалық терминдер энциклопедиясын» түзіп шықтым. Бұл еңбек Қазақстанда техникалық терминологияны дамытудың маңызды құралына айналды. Әрбір техникалық атаулардың ана тілінде толық нұсқасын қалыптастыруда тіл маманы болу қажет. Осы тұрғыда филолог болуға айналғаным ақиқат. Қазақ баласы техника тілін түбірімен түсіну үшін халықаралық терминдер түгелдей туған тілге аударылуы керек. Бірнеше жылымды осы бағытқа арнап бүгінге дейін он екі томдық қазақша – орысша – ағылшынша сөздік оқырман қолына тиді. Онда әрбір атаудың сөзбе-сөз аудармасымен қоса түсіндірмесін де келтіріп отырдым. Қазақтың тілі бай, орысша бір ғана баламадан бірнеше сөз жасамдары туып жатады. Сондай-ақ, халықаралық сөздікте сол күйі өзгеріссіз қалдырылатын атаулар да бар. Мәселен, электр, турбина атаулары осы күйінде нақты түсінікке ие. Терминологияда да асыра сілтеуге жол беруге болмайды, – дейді ғалым.
Бұл еңбегімен қатар ғалымның қолынан шыққан методикалық оқулықтарының екі тілде – қазақ және орыс тілінде жазылуы студенттердің пәндерді жеңіл игеріп, кең ауқымды білім алуына жол ашты. Ұлтын жан-тәнімен сүйетін ғалым-ұстаз осылайша Қазақстанның индустриясына жоғары білікті мамандар даярлаумен қатар заманауи техникалық әдебиеттердің негізін қалап берді деуге әбден болады.
Бірлесбек Алияровтың Қазақстан мен КСРО энергетика саласында көп жылғы жұмысын қорытындылайтын 6 монографиясы жарық көрді. Бұдан басқа 150-ден астам ғылыми еңбектердің авторы. 6 ғылым докторы, 10 ғылым кандидатын дайындады. Көп жылдар энергетика саласы бойынша ғылыми дәрежелерді белгілейтін кеңесті басқарды.
***
– Лингвистика саласының майын ішкен тіл маманы емессіз, техникалық ғылымда еңбек етіп жүріп, туған тілдің бай құнарын қайдан алдыңыз? деген сауалымызға ол кідірместен «Қаратаудан» деп жауап берді. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған туған жерімде қара сөздің құнары көзін ашқан бұлақтай бұрқ-сарқ қайнап көкірек түкпірінен құйылып жатқандай қиналмай, қысылып-қымтырылмай, әр сөзге балама табуда бабы жараған тұлпардай тынысым кеңіп, шабыттана түсемін. Осының барлығы келер ұрпақтың қамы үшін болғандықтан шаршап-шалдығуды жиып қойып, отырсам да, тұрсам да, көшеде келе жатсам да аласапыран ой теңізінде сөз маржанын теріп, көңілге тізіп жүретін әдетке ұшырадым» дейді ғалым. Ал біздің пайымдауымызша, бұл тосыннан бас көтерген қадір-қасиет емес, бала кезден шежіре кеуде қариялардың тізесінде құйма құлақтан өтіп, көкірекке жетіп, уақыт-сәті туған соң зерделі сананың шеңберінен бұлқынып шығып ойы қарақты әркімнің жүрегіне сәуле боп құйылуға талпынған таңғажайып құбылыс қой. Осыны түсіне, түйсіне білгендер ғана тау тектес, паң мінез, пенделік пыйғылдан жоғары тұрған осындай теберік тұлғаларды бағалай білсе керек. Ал біз бағалап жүрміз бе?
Бағаласақ, сексен бес жылдығында туған жерінде төрге шығарып, халықтың ыстық ықыласына кенелте алсақ осының өзі аяулы азаматқа зор мерей, биік мәртебе емес пе?
Бірлесбек Алияровтың ғылымға қосқан еңбегі мемлекеттік деңгейде лайықты марапатқа ие болды. «Қазақстанға еңбегі сіңген энергетигі» құрметті атағын алды. «Құрмет» және «Парасат» орденімен марапатталды.
Қазақстанда тұңғыш «Қазақстанның энергетика және отын ресурстары» деп аталатын ғылыми журналының ашылуына мұрындық болды. Бүгінгі күнге дейін АҚШ, Қытай, Кореяның жоғары оқу орындарында, Мәскеудің атом институтында, Томск политехникалық институтында, қазақстандық бірнеше техникалық оқу орындарында студенттерге дәріс берді.
Бірлесбек Қаниұлы туған жері – Жаңақорғанға жиі атбасын тірейді. Келген кезінде міндетті түрді өзі оқыған білім ошағына арнайы барып тәу етеді. Білімгерлер ғалыммен бір жарым-екі сағаттық кездесудің өзінен таудай әсер алып, танымал тұлға болу үшін табанды еңбектің еншілетер құдіретіне шынайы көз жеткізіп жатады. Осы бір ғажайып болмыс иесінің қарапайымдылығы, қанағатшылдығы шәкірттердің көңіліне өшпес әсер қалдыратыны жай көзге де байқалып тұрады. Мектеп оқушыларының нағыз академикпен жүзбе-жүз кездесіп, сауалдарын қоюға, суретке түсуге мүмкіндік туғанын мақтаныш санаған мерейлі сәттеріне куә болу да қандай ғажап!
Жетістіктің қандайы болсын қажырлы еңбекпен келеді. Мәселен, ол ағылшын тілін 53 жасында үйреніпті. «Қолымды мезгілінен кеш сермедім» деп, бұған дейін шет елдерге сапарында аудармашы қызметіне тәуелдігіне өкінетінін жасырмайды. Білім алуға, тіл үйренуге, жаһандануға ұмтылуға, өз-өзін жетілдіруге барынша ерте әрекет еткеннің өкініші аз болатынын айтқан академиктің әрбір сөзі, әрбір өсиеті, оптимистік ұстанымы жастарға көп мотивация беретіні де даусыз.
Бірлесбек аға жеткіншектермен кездескен сайын «Жақсы оқыңдар, тәртіпті де еңбексүйгіш болыңдар, сәтсіздіктің өзі адамды ынталандырады» деген кеңесін құрғақ сөзбен емес, өмірден мысалдар келтіріп, өрнектеп жеткізгенде жас өрендерді қойып үлкендердің өзі үлгілі насихаттан терең сыр түйеді. Дархан жүрек иесі өзі дана тұтып өткен ата-анасы туралы да тартымды естеліктер айтып береді. Жеткіншек үшін аңыз адамның шынайы көңіл сырының өзі ұмытылмас сабақ.
– Нақ бүгінгі күндері немен айналысып жатырсыз? деген сауалымызды да бүгіп қалмадық академик ағадан.
– Соңғы күндері оқытушылық қызметімнен қолым қалт еткенде өмірімнің арғы-бергі жағалауын көңілмен шарлап пәлсапалық толғамның иірімдеріне сүңгіп кететінім бар. Сол қысқа тұжырымдарды түйіндейтін «Құрақ ой» деп аталатын жазбамның жартысынан ауып қалдым. Мемуар да емес, естелік те емес, осы өмірімде көзім жеткен, зердеге түйген құнды ойларымды арттағы толқынға қалдырып кетуді парызым деп түйдім, – дейді ғалым аға. Жазылып бітсе болды баспагері қос жеңін сыбанып әзір отырғанын айтты. Бұл сөзге мерейленіп қалдық. Туған топырағымыздан шыққан талантты тұлғаның бұл еңбегінің Қадірдің «Жазмышы», «Иірімінен» тіпті де кем емес мазмұн-мәйегімен руханиятқа сусаған қалың жұртының құштарлықпен қауышар асыл дүниесіне айналарына сеніміміз кәміл. Бір тиын алмай басып береміз деп ынтыққан баспа иелерінің тәуекелін де түсінуге болады, «алмас кездік қын түбінде жатпайды», атақты ғалымның әдеби жазбасы бір күн де жатпай, пышақ үстінен тарап кететінін де көңіл сезеді. Әйтеуір автордың еншісіне тиетін санаулы кітаптарынан болсын, туған жердегі тілеулестері құнды дүниеден құр қалып қоймайық дегенді сыпайы ескертіп қойдық. Қазақ келешекте осындай тұлғаларын іздеп, асыл жәдігерлерін пір тұтпаса кім болғаны?
Жалқы сәт ағаның жары Айгүл ханымды да әңгімеге тартып, ғалымның жары болудың жауапкершілігі жөнінде сыр суыртпақтадық. «Мамандығым психолог. Бірақ бәрін жылы жауып қойып ынты-шынтыммен уақытымның көп бөлігін ғалым-жұбайымның жанына жалау болуға арнайды екенмін. Жазбаларын хатқа түзіп жинақтау, шәкірттерін қабылдап, бағыт-бағдар беру, олардың ғылыми еңбектеріне ұстаздың атынан оппоненттер тауып, жұмысты үйлестіру сынды қат-қабат шаруаларға қызу араласып, лайықты жәрдемші болып жүргенімді көңіліме медет тұтамын. Отағасының күндіз-түн жан тыныштығын күйттеуді жиып қойып, көптің игілігі жолында қан қыздырған қабілет-қарымына сүйеніп өндіре еңбек етуін бұл кісіге Тәңір тарту еткен бір ерекшелік деп түсінемін. Келешек бірдің ғана емес, мыңның кәдесіне жарар игілік жолында тер төккен асыл азаматқа бір пайдам тисе, мен үшін одан асқан қуаныш жоқ, – дейді Айгүл Қалдыбекқызы.
Баян ҮСЕЙІНОВА