Қалам құдыреті және құштарлық қуаты
Мәдениет – ұлт өмірінің айнасы, ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан халықтың рухани келбеті, мейірімі мен парасат-пайымы. Қай кезеңде болсын, мемлекеттің даму сатысында мәдениеттің орны ерекше. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары тарихымызды түгендеп, ұлттық құндылығымызды ұлықтауда, әдебиет пен өнерімізді танытуда аянбай еңбек еткен қайраткерлер қатарында ұстазымыз Жұмабай Әбіловтің орны айрықша.
Ол 1971 жылы дүниеге келген. Бірлік ауылында орта мектепті бітірген соң, бірнеше жыл көмекші шопан болып жүмыс істеді. 1975 жылы КазГУ-дің журналистика факультетіне түсіп оны 1981 жылы бітірді. Университет қабырғасында жүргенде М.Сералин атындағы әдеби бірлестікті кұрып, өзі жетекшілік етті. Бірлестік мүшелерінің кұрамында сол кездегі студенттер, қазірде қоғам, мемлекет қайраткерлері атанған бір топ қаламгерлер Алтынбек Сәрсенбаев, Мұхтар Құл-Мұхаммед, Нұрғали Ораз, Жолтай Әлмашов, Нұртөре Жүсіп, Жүсіпбек Қорғасбеков, Бейбіт Сапарали, Аманхан Әлім, Мәди Қайыңбай, Дархан Мыңбаев, Гүлнәр Шамшиева, Қонысбек Қожамжарұлы, Есжан Айнабеков, Бейсебай Кірісбаевтар бар болатын.
Алғашқы еңбек жолын Жаңакорған аудандық мәдениет бөлімінен бастап, 1983-1992 жылдар аралығында «Жаңақорған тынысы» газетінің бөлім меңгерушісі, жауапты хатшысы болып еңбек етті. 1992-1994 жылдары Жаңақорған аудандық «Қазақ тілі» қоғамын басқарды. 1994-1999 жылы Жаңақорған аудандық мәслихатының депутаты болды.
1994 жылдан Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің «Қазақ әдебиеті» кафедрасында оқытушы болды. Кейінгі жылдары кафедра меңгерушісі болып қызмет етеді.
Ж.Әбілов драматургияны зерттеумен студенттік кезден бастап айналысты. Университет табалдырығында КСРО халық артістері Әзірбайжан Мәмбетов, Асанәлі Әшімов, Фарида Шәріпова, Қазақстанның халық артистері С.Оразбаев, Н.Мышбаева, Б.Римова, Т.Жаманқұловтар жайында ғылыми зерттеу мақалалары республиканың «Зерде», «Жалын» журналдары мен бұрынғы Лениншіл жас», «Социалистік Қазақстан» және «Қазақ әдебиеті» газеттерінде жарияланды.
Ол драматургия саласының комедия жанрын зерттеген бірегей ғалым. 1995 жылы қазақ әдебиетінің классигі Қалтай Мұхамеджановтың драматургиясынан кандидаттық диссертация корғады. 2001 жылы «Қазақ комедиясынын генезисі мен жанрлық негіздері» деген тақырыпта филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін қорғады. Екі тақырыпқа да ҚР ҰFA-ның академигі Рымғали Нұрғали жетекшілік етті.
Профессор Ж.Әбілов казіргі қазақ әдебиетінің жай-күйі мен драматургия, театр тақырыбында 200-ден астам ғылыми мақала жазды. Ж.Әбілов үш монографияның авторы, олар «Қазақ комедиясы» «Жазба комедияның даму ерекшеліктері» және «Қалтай Мұхамеджанов драматургиясы» деп аталады. «Диалог комедия сөздігі» деп аталатын көп томдық сөздіктің алғашқы томы шыққанда, профессордың үлкен еңбек еңсергені айқындалды.
Ж.Әбілов қазіргі қазақ әдебиетінің оқытушысы ретінде Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиетін оқыту методологиясын жүйелі түрде зерттеді. Осы бағытта «Қазіргі Қазақ әдебиетінің өзекті мәселелері» деген окулығы жарық көрді. «Этнодеформация және әдебиет» деген тақырыпта дайындаған көмекші оқу құралы да Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиетін кайта бағалау мәселесіне арналған.
Ж.Әбіловті бұқара халық «Түркология» журналының тұрақты авторы ретінде таниды. Осы журналда жарық көрген «Түркология мәселелері» мақалалары көптің назарын аударған еді. Халықаралық түркология конгресінде, М.Әуезовтің, Б.Кенжебаевтың 100 жылдығына арналған конференцияларда баяндамалар жасап, кесек-кесек ойларын ортаға салғаны да елдің есінде.
Өзім ХҚТУ-де оқыған 2004-2008 жылдары Жұмабай Әбілов қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, профессор атағын алған нағыз кемелденген шағы еді. «Қауырсын қалам» атты әдебиетсүйер жастарға арналған шағын клуб ұйымдастырушы еді. Әр мереке сайын жазба ақындар мүшайрасы, әңгіме, шығарма, эссе байқауларын жиі өткізетін. Бұл студенттің деңгейін көтеретін нағыз шығармашылық шеберхана болды. Осы клуб құрамында бүгінде танымал радиожүргізушісі Айнұр Шәмшиева, журналист Гүлжан Рахман, Халима Тәжіқұлова, Гүлжазира Қыдықбекова, Мөлдір Налібаева секілді тұлғалар легі қалыптасты. Осындай әдеби ортада сөз сайыстырып, профессор Жұмабай Әбіловтың мектебінен шыңдалып, өрнекті өлеңдеріміз бен мазмұны кең мақалаларымыз «ТүркіОйстан» республикалық газетінен жарық көргені бар.
Осы жылдары профессордың мерейлі мерекесі құрметіне жас қаламгерлер арасында эссе байқауы өткен еді. Осы байқауда жазбамыз үздік шығып, Жұмабай Әбілов ағайымыздың оң бағасын алған сәтте көңіл жадырағаны бар. Осы секілді республикалық байқау алдында жазған шимай-шатпағымызды профессор ағайымызға оқытып, пікірін алатын едік. Ізденіс үстінде жүрген жастарға дарқан пейілі мен алтын уақытын сарп ете білетін ақжарқын азаматтың тың тақырыпқа түрен салудың шын шебері екенін таныдық.
Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің аға оқытушысы, өнер саласының майталманы, әнші-композитор Сауранбек Елеуовтің де айтар ойы бар.
– Осы университетте оқытушылар арасында жанымызға жақын тартқан, әрі жерлес, әрі рухтас ағамыз Жұмабай Әбіловтің бейнесі жүрегімізде мәңгі сақталады. Тұтас ғұмырын еліміздің әдебиеті мен мәдениетіне арнаған бірегей тұлғаның көзі тірі болғанда 70 жасқа келген мерейлі жасын тойлаған болар ма едік?! Соңына өшпейтін мол мұра қалдыра білген ғалым-профессорымыздың ізін жалғайтын талантты шәкірттері барда есімі ұлық бола берері сөзсіз, – деді дарын иесі.
ТҮЙІН. «Өлді деуге сия ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын артынан із қалдырған» дегендей, дарынды драматург, театр сыншысы, ғалым-профессор Жұмабай Әбіловтің өзгеге ұқсамайтын дара жолы бүгінгі жас қаламгерлерге үлгі. Тарлан тұлғаның бойында қаранар рухпен қарапайымдылық туған жерінен сіңген қасиет пе дерсің. Қазақ әдебиеті мен мәдениетінің даму тарихында есімі алтын әріппен қатталған жерлесіміздің мерейін асыру біздің асыл міндетіміз.
Мақпал МАРҚАБАЙ