Қазақстанда мемлекеттік грантпен оқыған түлектер бюджетке 8 млрд теңгеге жуық қаражат қайтарды

2014–2026 жылдар аралығында мемлекеттік грантпен білім алып, міндетті жұмыс өтеу шартын орындамаған түлектер бюджетке 8 млрд теңгеге жуық қаражат қайтарған.
Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлаған.
2026–2027 оқу жылында Қазақстанда 804,3 мың адам жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуда. Бұл өткен оқу жылымен салыстырғанда 80,2 мың адамға немесе 11,1%-ға көп.
Студенттер саны бойынша Алматы қаласы көш бастап тұр. Мұнда 256,5 мың студент білім алады. Астанада – 122,4 мың, Шымкентте 117,1 мың студент бар.
Мемлекеттік грант иегерлері заңды босату негіздері болмаған жағдайда, оқу бітіргеннен кейін белгіленген мерзімде жұмыс істеуге міндетті. Бұл талап орындалмаса, мемлекет оқу шығындарын қайтаруды талап ете алады.




