№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Жас өрендер айтысы

Жас өрендер айтысы


Кент орталығындағы Өскенбай Жұмаділла атындағы «Дарынды балалар» мектебінің ұстаздар ұжымы сабақтан тыс уақытта шығармашыл шәкірттердің бейімін анықтап, өнерге баулуда ізденісті жұмыстарымен танылып келеді. Білім ошағында өтіп жатқан қазақ тілі мен тарих апталығының сәрсенбідегі сәті «Армысыз асыл тұлғалар» деген тақырыпта жас ақындар айтысына арналған екен, арнайы шақыру алғандықтан оқушылардың өнерін бірге тамашаладық.


Шараны ұйымдастырушы жас ұстаз Зейнеп Әбутәліпқызы бұған дейін де қоғам жұмысындағы белсенділігімен танымал, өзі аудан орталығындағы №163 орта мектебінде 42 жыл ұстаз болған Әбдіхалық Мұсабековтың келіні екенін білуші едік, бүгін оның өскіндер тәрбиесіне бар ділімен беріліп, жас көкіректе ұшқын оятуға ұмтылған шынайы талабын көріп шын сүйсіндік. Әріптестері – қазақ тілі мен әдебиеті пәні бірлестігі мұғалімдері – Ақжарқын Бабаджанова, Нұргүл Алдашова, Ақжүніс Әбділла, Қалкөз Аружан, бір кісідей бас біріктіріп тізе қосып, мақсат біріктіріп, апталықтың әр күніне мән-мазмұн дарытуға ұмтылған талпыныстарының жап-жақсы нәтижесіне бірге куә болдық.
Апталықтың үшінші күнінде ұйымдас­тырылған мектепішілік айтысқа 6 «а», «ә», «б», «в» сыныбының оқушылары – Балтабай Нұрымжан, Құдайберген Саида, Қажымұқан Ерсұлтан, Төлеген Нұрсила, Тұрдымұрат Сәбина, Айару Сиязбекова, Ережеп Иманғали, Абдилла Нұрсила сайысты.
Қолдарына домбырасын алып шығып, тәуелсіздіктің нұрлы шапағын жырлаған жас ақындардың сөз төркініне құлақ салдық.
Бір-бірін сөз бәсекесінде сынға салған жас талаптардың бірі: «Өткен күнмен қақың жоқ таласуға.
Тарихтың ізі қалған бар асуда.
Еріктімін елімде көңілім тоқ,
Бал татиды сімірсем қара су да» деп термелесе, енді бірі: «Қаратауым кей-кейде қара дауыл,
Етегіне қоныпты біздің ауыл.
Жұлдыздары біз едік болашақтың,
Оқымасаң болады халің ауыр» деп қарсылас құрбысына дем беріп қояды.
«Армысыздар, жиылған жұрт көрермен,
Шашу шаштым інжу-маржан өлеңмен.
Бүгінгі күн мерекеде шуақты,
Төгейін кеп шуақты жыр көмейден.

Қазағымның кие тұтқан ардағы,
Сөз сайысы кемімесін салмағы.
Азаттықты қадірлейік, бабамның –
Өмір бойғы аңсап күткен арманы!» деп тағы бір талапкеріміз сөзден кесте өргенде үкілі үміт көңілді қанаттандырды.
Білім ордасында тәрбиенің ең құдіреттісі – өнерді егіз өрбітіп, жас желкеннің жүрегіне орнықтыра алған тіл – әдебиет мамандарының еңбегіне өзінің алғысын жеткізген мектеп директоры Меруерт Әбусейітованың лебізі төмендегіше өрілді:

– Айтыс – қазақтың байырғы мұрасы. «Өнер алды – қызыл тіл» деген халқымыз сөздің қадірін білген. Бір ауыз сөзге тоқтаған. Ауыздан шыққан әр сөзінің энергетикасы­нан тағдыр туатынын екшеген. Көшпенді халқымыз жаңа жерге келіп отау тіккенде шаңырақ бауларын қашан байлап біткенше тырс етіп сөйлемеген. Орынсыз айтылып кетсе опа бермес сөздің сыйқырынан сескенген. Міне, сондықтан әр сөзді абайлап айтып, мән беріп сөйлеуге тәрбиелейтін талап бүгін де маңызды.

Бүгінгі өнер көрсеткен балапандарға, оларды тәрбиелеген ұстаздарына мың алғыс. Бұл біздің мектеп тарихындағы бірінші қадамымыз, – деп ризашылығын жеткізді.
«Тайсалмастан ашық айттым ойымды, жылда-жылда жолығайық Республика той­ында» деп балғын тілек жырға қосқанындай, алтын ұя – білім ордасынан шат-шадыман көңіл-күйге кенеліп оралдық.

Баян АЛАУДИНҚЫЗЫ
09 қараша 2024 ж. 417 0