№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Қолөнер – дәстүрдің жалғасы

Қолөнер – дәстүрдің жалғасы


Аудандық тарихи-өлкетану музейінде «Ұлттық өнер – дәстүр жалғасы» атты жас шеберлер байқауы өтті. Бабадан қалған мұраны кеңінен насихаттап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, әрі жас қолөнершілердің шеберлігін арттыру мақсатындағы сайысты музей меңгерушісі Ажар Мәжитқызы ашты.

– Ұлттық өнер – біздің рухани құндылығымыз. Бұл тұрғыда музей тарих пен дәстүрдің ұштасқан, ұрпақтар жалғастығының алтын көпірі. Сондықтан көнеден жеткен жәдігерді жинақтап, көздің қарашығындай сақтайтын мәдени ошақтың ұрпақ тәрбиесі үшін маңызы зор. Міне, осы себептен біз 25 қазан – республика күні аясында бүгінгі сайысты ұйымдастырып отырмыз. Бүгінгі бала, ертеңгі біздің ізбасарымыз. Олардың бойына ұлтымыздың дәріптеген өнері мен құндылықтарын дарыта алғанда сабақтастыққа сына түспей, ұрпақтан ұрпаққа жетері анық, – деді Ажар Жанаева.
Одан әрі аудандағы өнер орталықтарынан келген оқушылар өздері жасаған қолөнер туындыларымен таныстырды. Мәселен, «Бала-Арт» өнер орталығының оқушылары өз қолдарынан шыққан тоқыма бұйымдары мен моншақ және бисерден жасалған әсем туындыларын көрмеге тізіп қойыпты. Үй ішінде киетін жұмсақ башмақ, сәнді сөмкелер, әшекей салуға арналған көздің жауын алатын қобдишалар өз әсемдігімен көз тартады.
Ал Түгіскен ауылынан келген «Қазына» өнер орталығының шеберлері өздері тоқыған тықыр және түкті кілемшелерін ұсынып, бейнеролик арқылы кілем тоқу техникасымен таныстырды. Сонымен қатар қожакенттік «Береке» үйірмесінің оқушылары қолдан тоқылған жабдықтары мен жүннен басқан текемет, құрақ көрпешелерімен ерекшеленсе, өзгенттік «Хадиша-ана» орталығының ісмер шәкірттері өздері тіккен киімдері мен қоржындарын, құрақ жастықтарын ұсынды. Орталықтың ісмер шәкірттерінің ауылдағы балабақша тәрбиеленушілеріне арнап түрлі костюмдар тігетінін де аңғардық. Ал, кенттегі «Қазына» өнер орталығы шәкірттерінің қолынан шыққан киіз көз жауын алады, жетекшілері Ұлмекен Мауытова өз қолынан шыққан туындысын музей қорына тарту етті.
– Өнер – адам ой-қиялының қолмен жасаған көшірмесі. Кейде адамның тілі жетпеген дүниені оның жасаған туындысынан аңғаруға болады. Қолөнер – өресі биік, өрісі кең өнер. Сондықтан бүгінгі байқауды жас шеберлер үшін шыңдалудың бір баспалдағы деп білемін. Таланттылар осындай шараларда танылады, тәжірибе алмасады. Осындай рухани кешті ұйымдастырып отырған мұражай ұжымына үлкен рақмет, – деді суретші Ұлмекен Мауытова.
Байқауға қазылық еткен қолөнершілер Пахрид­дин Садықов пен Айзат Әбсаттарова өнерпаздардың еңбегін әділ бағалап, жүлделі 3-орынды «Бала-Арт» орталығының шәкірті Аяжан Маратқызы алса, 2-орын «Хадиша-Ана» орталығының оқушысы Ақтолқын Исаға бұйырды. Ал, 1-орынды түгіскендік «Қазына» өнер орталығының өнерпазы Айша Қожабекова иеленді.
Жас шеберлердің әрбір туындысына жеке-жеке бағасын беріп, олардың қадамына қолдау танытқан қолөнер шебері Пахриддин Садықов балалардың болашағына сәттілік тіледі.
– Қол өнер – үлкен еңбек пен табандылықты талап етеді. Жас өркенді осы өнерге баулу арқылы қазақ халқының дәстүрі мен ғұрпын кеңінен дәріптеп, ұмыт болғанын жаңғыртып, өскелең ұрпақтың бойына сіңірту – ортақ парызымыз. Туған ұлтымызға жанашырлығымыз осыдан басталады. Осы ретте, еңбек етіп жатқан ұстаздарға және музей ұжымына шығармашылық табыс тілеймін. Өнерлі шәкірттеріңіз көп болсын, – деді шебер.
Рухани шара соңында байқауға қатысқан барлық өнерпаздарға сый-сияпат жасалып, "AMANAT" партиясы Жаңақорған аудандық филиалының төрағасы Арман Мәжитов сайысқа қатысқан өнер орталықтарының жетекшілеріне «Алғыс хат» табыстады.
Иә, ұлттық қолөнер – бабадан жеткен мұра, ұрпаққа аманат, дәстүрдің жалғасы. Өйткені, ұлт өзінің ұлттық мұрасымен ғана өзгелерден ерекшеленеді. Ал өзімізге тән ұлттық болмысымыз бен салт-дәстүрімізді, қолөнерімізді дәріптеу жолында бүгінгідей шаралардың алар орны маңызды.

Айсұлу Алданазар
02 қараша 2024 ж. 392 0