Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Бабадан қалған бір белгі

Бабадан қалған бір белгі


Қазақ өткенінен өнеге алып, бүгінін бағамдап, болашағын болжайтын ел. Бабадан қалған аманатты көзінің қарашығындай сақтап, тарихын тереңінен зерделеп, жәдігерлерін жауһарындай ұқыптап, ұлық тұту ұрпаққа аманат. Осы орайда, аудандық тарихи-өлкетану музейі қызметкерлері 18 сәуір Халықаралық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау күніне арнайы шара ұйымдастырып, жастардың таным көкжиегін бір кеңейтті.


Шараға арнайы шақырылған қонақтар – өлке­танушы Нәбихан Шалап пен музей жанашыры Мұхамедәли Мырзахметов өңіріміздегі тарихи орын­дар мен ескерткіштер жайында мол мағлұматтар айтты. Аудан төңірегінде орналасқан сақ дәуірінен қалған обалар жайында әңгімелеп, қазба жұмыстары кезінде сол жерден шыққан мүрденің киіміндегі алтын қапсырманың музейге қойылғаны туралы да естіп білдік.
– «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбы­ра», – дегендей, біздің ұлттық болмысымызды ұлықтайтын атадан қалған жәдігерлеріміздің жөні бір бөлек. Әр қазақ баласы өзінің түп тамырын, тарихын жетік білуі керек. Қазақта «Кіндігіне байланған» деген сөз бар. Бұл – кіндік қаны тамған туған жерге деген адамның құрметі, туған елге жасаған қалтқысыз қызметі. Бабаларымыз ырымдап, ер бала дүниеге келгенде кіндігін босағаның түбіне, қыз баланың кіндігін ошақтың жанына көмген. Өйткені ер қайда жүрсе де туған жеріне оралып, еліне қызмет етсін, қыздарымыз ошақтың басында үй тірлігіне бейім болсын дегені. Әр адам өз тарихын, шежіресін білуі керек. Мектепте ұстаздар оқушылардан жеті атасын жиі сұрауы керек. Сонда баламен қосылып, оның әкесі, атасы ізденеді. Сонда арғы бабасының кім екенін біледі. Қазақта тексіз ата болмаған. Тіпті мал баққан шаруаның да көкірегі зерлі. Бірде орыстың ғалымдары қазақ жерін зерттеуге келіп бір малшыдан жөн сұрайды. Сонда ол қойлардың төлдейтін уақытында шыға алмайтынын айтып, әлгі ғалымдарға жол көрсету үшін алты жасар баласын ертіп жібереді. Жол бастаушы болған бала біраз жүргеннен кейін тоқтап ысқырады, біресе қолындағы қамшысымен жыңғылдарды сабалайтын көрінеді. Ол осы әрекетін бірнеше рет қайталаған. Сөйтсе, өткен жолдары жыландар ордасы болса керек. Ысқырғанда жыландар жыңғылдың төбесіне өрмелейді екен. Өрмелеген жыландарды қамшымен сабалап қуған. Оған куә болған орыс ғалымдары қазақтың алты жасар баласының тапқырлығына, бала болса да бір топ ғалымдарға жол көрсеткеніне ризашылығын білдіріп, таңқалғанын да жасырмаған, - дейді өлкетанушы Нәбихан Шалап.
Қазақ қашаннан тапқыр, зерделі халық болғаны даусыз. Ол жөнінде Петр Семенов-Тян-Шанскийдің «Қазаққа институттың керегі жоқ. Олардың салт-дәстүрінің өзі институт» деген жазбасы дәлел.
-Бүгінгі шараның негізгі мақсаты – шынайылықтан сыр шертетін бабадан қалған құнды мұраны болашақ ұрпаққа жеткізу. Біз айтқан, көрсеткен дүниелерден жастарымыз рухани ой-өрісін дамытып, бабалар аманатының қадір-қасиетіне жете білсе дейміз. Мәселен, біздің ауданның аумағы тұнып тұрған шежіреге толы. Біздің мақсат – осы өңірдегі тарихи орындарды бүгінгі ұрпаққа таныстырып, олардың маңыздылығын жеткізіп, кеңінен насихаттау, - дейді музей қызметкері Бақдәулет Тәждинов.
Иә, бұл айтылған сөздің жаны бар. Өйткені аудан көлеміндегі тарихи жәдігерлердің республикалық маңызы жоғары. Мәселен, қазіргі таңда облыс бойынша 555 тарихи ескерткіш болса оның 295-сі тізімге енген. Республикалық маңызы бары – 21. Ал, біздің ауданда 42 тарихи ескерткіш бар. Оның 26-сы жергілікті ескерткіш. Мысалы, Сығанақ, Сунақ ата, Ақтас мешіті, Айқожа ишан кесенесі, Хорасан ата, Қарасопы, Қылышты, Төлегатай кесенелері Республикалық маңызы бар тарихи ескерткіштер болып табылады.

P.S.: Тарих қатпарында жатқан көненің көзі, жауһар жәдігерлерді болашаққа қаз-қалпында жеткізу әр қазақ баласы үшін азаматтық борыш. Өйткені өткенінен өнеге алған ұрпақтың келешегі кемел болары сөзсіз. Демек, бүгінгі біз бен сіз куә болып жүрген тарихи орындар мен ескерткіштерді бабадан қалған бір белгі ретінде дәріптегеніміз абзал.

Айсұлу Алданазар
20 сәуір 2024 ж. 336 0