№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Парасат жолы


Жалынды жастық шағымның куәсі болған қасиетті Түркістан топырағына табаным тиген сәттен-ақ жүрегімді сағыныш сазы тербеп, тіл ұшына келген өлең жолдарына студенттік жылдарымды сыйғыза алмай келемін.


Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің Студенттер қалашығы заманға сай көркейіп, еңселене түсіпті. Мұнда ТМД елдерінен келген түрлі ұлт өкілдері де білім алады. Қарапайым ауылдан шыққан мен секілді жастарға ортаға сіңісу үшін де көп тіл білу маңызды. Бір-екі жылда түрік тілін меңгеріп қана қоймай, салт-дәстүрлеріне де қанықтық. Ұстаздарымыз әр студенттің дамуына мүмкіндік жасап, ізденіс жолына бағыттады.

Мемлекеттік грант пен түрік квотасы иегерлеріне, әлеуметтік жағдайы төмен студенттерге жатақхана тегін берілетін. Үздік оқитын студенттер мен белсенді жастарға арнайы асханаға тегін талондар үлестірілді. Жыл сайын ораза айында ауыз бекіткен білімгерлерге сәрі мен ауызашар ұйымдастырылатын. Олимпиада жүлдегерлеріне де ынталандыру қаржы қаражатары берілді. Осындай қолдауларға ие болу үшін үздік студент болуға талпынып, сабақты жақсы оқып, түрлі іс-шараларға қатысатын едік. Студенттер арасында әр мереке қарсаңында айтыс ұйымдастырылатын еді. Үкілі домбырамызды қолға алып ара-тұра айтыс сахнасында да сөз сайыстық. Алғаш рет үшінші орынды жеңіп алып, фотоаппарат алған сәтім есімнен кетпейді. Сол фотоаппаратпен суретке түсіріп тапқан табысымның тәттілігін айтсаңызшы! Бұл да ұлттық өнердің жанашыры, сол кездегі ректорымыз Серік Пірәлиевтің көрегенділігі болса керек-ті.

Бас жүлде алған ақынымыз компьютерін ақылы қызметке жаратты. Енді бірі көшірме аппаратымен күнелтті. Бұл бір жағынан ұлттық өнерді насихаттау болса, екінші жағынан студенттерді нарыққа икемдеудің тамаша тәсілі тәрізді. Шын мәнісінде талай рет қаржылай сый-сияпат көргеніміз емес, мән-мағынасы мол осындай марапаттар адамның жүрегінде қалады екен.
Біздің оқу ордамызда Мақпал есімді қыздар көп болды. Соның бірі жеңіл жүріске шатылып, бір жігіттен жүкті болып қалған көрінеді. Соның дауы мені іздеп тапты. «Мынау мамасының нөмірі, менің көзімше сөйлес» деп жағадан алған декенаттағыларға ақтала алмай далмын. Әлгі нөмірге қоңырау шалдым. Бейтаныс әйел «Сен менің баламның үстінен арыз жазыпсың. Сені бәрібір келін етіп алмаймын. Аулақ жүр!» деп ықы-тықы жоқ зәремді алды. Мұны тыңдап тұрған деканымыз «Сендей тәртіпсіз студент бізге керек емес, оқудан шығасың» деп шығарып салды.
Лаж жоқ, медициналық тексерістен өтіп, бір жапырақ қағаз алып қайта келдім. «Сатып алғансыз» деп дес бермеді. Жалған жаланың құрбаны болу осыншалықты оңай ма еді? Жақтасар, сөзімді сөйлер жан іздеп, жандалбасалағанда батыл боп кетеді екенсің, тіке университет ректорына тарттым. Оқу ордамыздың басшысы Серік Жайлауұлына екі бетім алмадай албырап жылап, барлық жағдайды айтып салдым. «Ағай, менің мүлдем жігітім жоқ. Бұл бала менен үш жас кіші бала ғой» деп қоямын сөз арасында. Қасиетіңнен айналайын, ақжүрек ағайым-ай, ауылдан шыққан қара қыздың сөзіне құлақ асып, осы іске қатысты дегендердің бәрін шақыртып, мәселенің ақ-қарасын шешуде барынша ынта танытты. Аймағымыздың учаскелік инспекторы арызданушы тараптың өздерін алып келді. Ақырында анықталғаны, бірінші курстың орыс тілі мамандығында оқып жүрген көгенкөздің тірлігі болып шықты. «Әр тараптың пікірін тыңдау­дың қаншалықты маңызды болатынын» жүрекпенен сезінген осы бір оқиға көз алдымнан қайта өткенде марқұм Серік Жайлауұлының әділеттілігіне басым­ды идім. Әлсіздер мен мықтылардың теке-тіресінде ақиқатқа болыса білетін тектілігі талай жетістіктерге жетелегені анық. Еліміздің «үздік ректоры» атанғанда да қамқор пейілі еске оралып, көзіме ыстық жас келгені рас. Осы оқиғаны ақиқат таразысына салмағанда менің өмірім қалай болған болар еді? Міне, мен секілді басы дауға шатылған азаматтардың мұңын тыңдап, әр шешімді әділ шешетін көшелі жанның көрегендігі әрбір ұстазға үлгі болғаны сөзсіз.
Педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі Серік Пірәлиев еліміздің көрнекті қайраткері, ақыл-ой қазынасында өзіндік орны бар тұлға. Қос дипломды білім беру жүйесін еңгізіп, қаншама тұлғаның елге танылуына жол ашты. Ғылым жолына түскен жастардың биік белестерді бағындыруы үшін әлемнің түкпір-түкпіріндегі ең мықты ғалымдардың дәрістеріне қатысуына жол ашты. Түркия елінің мықты профессорларын алдырып, медицина саласының дамуына жүйелі жұмыс жасады.
Өмір жолының түрлі белесінде алған терең білімі мен биік кәсіби құзыреттілігі, бай тәжірибесі Серік Жайлауұлының әрқашан адал да сенімді қолдаушысы болды. 2003-2007 жылдары А.Ясауи атындағы Халық­аралық қазақ-түрік университетінің президенті бо­лып қызмет еткенде оны қолдаған да, қорғаған да мына үш тұғыр: терең білімі, биік құзыреттілігі, бай тәжірибесі еді. Бұл үш қазына-байлық кісілік кемелдікпен, азаматтық асыл ұстаныммен ұштасып, ғылым мен білім қайраткерінің бірегей абзал қасиетінің негізіне айналды. Серік Жайлауұлының тиянақты, жүйелі ұйымдастыру және басқару жұмыстарының нәтижесінде Халықара­лық қазақ-түрік университеті Түркі әлемінің ұйыстыру­шы, ынтымақтастырушы рухани орталығына айналды.
Ізінен қаншама ізгі шәкірттер қалыптастырып, ғылым мен білімге баулыды. Соның бірі – Түркия елінде білім шыңдаған тәжірибелі тәлімгер Мырзахан Байжанұлы дер едім. «Серік Жайлауұлының дархан көңілі мен шәкірттерге деген ықыласы бөлек еді. Арманымызды қияға шарықтатып, озық білім алуға қанаттандырды. Ағайымыздың үмітін ақтау үшін қия асып білім жолына түскенімді мақтан етемін. Біз ағайымыздан өмірімізге қажетті асыл қасиетті бойға сіңірдік» деп еске алады ол.
«Жаһандану үдерісіндегі жастарға ұлттық тәрбие берудің рөлі» атты мақаласында Серік Пірәлиев мынадай пікір айтады: «Ұлттық тәрбие туралы идея бүгінгі күн талабы мен өмірлік қажеттіліктен туындап отыр. Қазақ елінің әлемдік кеңістікте өз жолын таңдауы – әрбір қазақтың емін-еркін өмір сүруінің кепілі. Ол сөзсіз ұрпақтар қамы деген ұғыммен үндеседі. Ел болу, мемлекет құру – сонау түркі заманынан желісі үзілмей келе жатқан ұлттың арман-аңсары. Ел болу – болашаққа ашылған даңғыл жол. Сол болашаққа ашылған даңғыл жолда ұлттық тәрбие арқылы жүруді үйренсек, ешкімнен кем болмайтынымыз анық. Бұдан шығатын қорытынды, ұлттық тәрбие идеясы ата-бабалар алдындағы қарыз бен өкшебасар ұрпақтың алдындағы парыз деп түсінуіміз керек. Яғни парыз бен қарыздың түйісер тұсы осы ұлттық тәрбие деп білеміз» деп айтқан еді. Міне, осы сөзінен-ақ, тәлімгердің жас ұрпаққа деген риясыз көңілі аңғарылып тұр мес пе?

Мақпал МАРҚАБАЙ
02 қараша 2024 ж. 256 0