МЕРГЕННІҢ АЙТЫЛМАҒАН АҚИҚАТЫ
«Мерген қорғаныста тірегің, шабуылда сүйеуің» деген тәмсілдің тереңінде қырағы көз бабаларымыздың қайсар болмысы жатыр. Тарихқа көз жүгіртсек, қарт Қаратау бөктерінде бес қаруын қамдаған аңшының бір ауылды асырап келген жағдайлары туралы әңгімелерге қанықпыз. Сақ дәуірінен бүгінге дейін жалғасқан мергендік өнерін бойға дарытқан қаншама жерлестердің ерлік жолы тәуменді тарихқа айналды. Солардың қатарында соғыс ардагері, сұрмерген атанған Сауранбай Баубекұлының есімін ел есінде қайта жаңғыртуды жөн көрдік.
Қар қалың түскен күні аңшылар тау етегіндегі сай-сайды аралап, ақбөкеннің ізіне түсетіні бар. Қаратауды бауырлап жатқан Мамырай сай, Жылқы ауыл, Тастақ, Байболат сайға үйір-үйір ақбөкен суат іздеп көп келеді екен деседі. Әрі мұнда киікоты мол болғандықтан қысы-жазы таутеке, марал, бұлан, құлан, қарақұйрық, ақ бөкен жайлайды. Осыны білген орыстың әбжіл әскері әлгі жануарларды оп-оңай олжа етіп, тонналап етке өткізген деседі.
Кезінде Сауранбай ағамыздың екі мылтықты екі қолтығына қыстырып атқанда көздегені мүлт кетпейтін мергендігіне Қаратаудың бөктеріне аң атуға келген орыстар таң-тамаша болыпты. Жаңа ғана өзін мергенмін деп кеуде соғып отырған орыстардың аузы ашылып, естерін жия алмай қалатын көрінеді.
Бұл «Македондық көздеу» тәсілін ешкім қайталай алмайтыны анық. Мұны қайдан үйренгенін сұрап, ауыл қазағын жаңбырша жауған сұрақ астына алатын жайлар көп болыпты.
Фашистер Кеңес шекарасына өтіп, Мәскеуді басып алған шақта Сауранбай ағамыз 17 жастағы жігіт екен. Жасын жасырып, ауылдастарымен бірге майдан даласына аттаныпты. Алдымен «Ворошилов мергендер мектебіне» қабылданып, аз уақытта мылтық атуды меңгереді. Самарқанда дайындығын шыңдаған сарбаз соғыстың нағыз қызған шағында ұрысқа түседі. Жаудың екпіні үдеп, қалың әскер Сальск даласымен жылжып отырып, Сталинград бағытында келе жатады. Сталинград түбіндегі соғыста сансыз солдаттар қаза болып, тіпті Бірлікке «Жауынгер Сауранбай Баубеков қайтыс болды» деген қаралы хат келді. Соғыс даласында мыңдаған сарбаздардың мәйітінің арасында жараланып есін жоғалтқан ағамыз бірнеше сағаттан кейін есін жиған көрінеді. Айналаны көзбен шарлап қараса, мотоциклмен торыған жаудың қарасын байқайды. Қараңғы түскенінше тапжылмай жатып, түн ортасында қоршаудан шығуға бел байлайды. Он шақты қадам жүргенде қанды көйлек жолдасының ыңыранып жатқанын көріп аялдап, оны да иығына салып жау шекарасынан аман шығады.
Жолай жаудың нысаналарын санасына сақтап, қайта соғысуға жоспар түзеді. Бұл 1942 жылдың қыс мезігілі болатын. Ойламаған жерден тап берген неміс солдаттары әбден басына бастады. Мотоциклмен шабуылдап жүрген бір топ немісті сұлату үшін жол бойына арқанды көміп, олар өте бере тартып құлатып, біртіндеп көзін жоя бастайды. Осылайша оннан астам мотоциклді әскерилердің жолын кесті. Мұны сезген қарсыластар үлкен жоспар құратынын білгендіктен кері шегіну керектігін ұқты. Старшинаның бұйрығымен, көз ілместен жол жүруге жиналады. Қасындағы «Аман қалсақ, құда боламыз» дескен досының жағдайы одан әрі нашарлай түскенін көреді. Сонда да жау қолына тастамай, өзінен әлкеқайда ірі денені жауырынға салып арқалайды. Бел жазбай жаяулатып келе жатқанда досының демі үзіледі. Оған да сыр бермей, досының денесін әскери бөлімшеге әкеліп тапсырып, қаралы хабарын жіберуін сұрайды. Қысылтаяң шақта, қайғырып тұруға уақыт бар ма?!
Көзі жеткенді сұлатып түсіретін мергенді көрген генерал Александр Родимцев өзінің қарамағына алып, дивизияның алдыңғы қатарында шайқасатын командир етіп тағайындайды. Командир Сауранбай Баубекұлының қос қолмен атысу өнеріне тәнті болған генерал әрдайым қауіпті қадамда қасынан тастамады. Сенімді солдаттарының бірі болғандықтан ұрыс әдістері мен жоспарларын түзгенде кеңесін сұрап отырыпты. Осы дивизияда оның ерлік жолы басталады. Оның ату өнерінің ерекшелігіне сай «ППШ» қаруы мен винтовка беріледі. Қазақтың жас сарбазы туралы генерал Александр Родимцев өзінің соғыста жазған қол жазбаларында «Қоршауда қалып қойдық. Енді не болар-ау, өлген жерім осы шығар дегенмін. Қара түнектей жапырылып келе жатқан жауға 3 адамның қауқары болмайтынын біліп, берілу керек пе деген ой келді. Бір кезде өлі денені қалқан етіп, жауды жайратып жатқан жігітті көрдік. Бір өзі қырық төрт мергенді жапырақтай шашып тастады. Айнала тыныштық орнаған соң, қасына бардым. Бұл С. Баубеков деген 18 жастағы жігіт екен» деп жазады.
«Құдайдың өзі жаратқан сұр мерген» деп қаруластары мақтаныш еткен жауынгер 1943 жылы көктемде Харковь маңындағы аласапыран ұрыста басынан ауыр жарақат алып, жаудың қолына түседі. Кутаиси лагерінде тұтқында отырғанда Кеңес әскері басып кіріп, тұтқындарды босата бастайды. Генералдың қатаң тапсырмасымен «Баубеков деген кім? Маршал Иван Баграмян шақырып жатыр» деп, штабқа әкеледі. Жүзі жабырқаған солдатқа «Баубеков болсаң, мына рюмканы ат» дегендей ишара береді. Біздің мерген көздемей-ақ шыны ыдысты шашып тастайды. Осы кезде маршалдың жанында тұрған генерал Александр Родимцев «Бұл біздің Сашаның өзі, атыс өнерінің Құдайы!» деп контузиядан көп естеліктерді ұмытып қалған Сауранбай Баубекұлын құшақтай алыпты.
Осыдан бастап, Сауранбай Баубекұлы бастаған сарбаздар жеңісті жолын бастайды. Көздегені қалт кетпеген мергенді саптың алдына қойып, небір ауыр соғыс тапсырмасын орындап шығады.
Соғыс аяқталып, 1946 жылы солдаттар еліне оралып жатқанда, Сауранбек ағамыздың белгісіз себептермен елге қайтарылмағаны қалай? «Әндіжан елінде солдаттар даярлайсың» деген бұйрықпен әскери комендатураға жіберіледі. Өзі-өзіне келіп, туған жерге қаншама рет оралғысы келсе де, генерал Александр Родимцев «Мен рұқсат бергенде ғана еліңе ораласың» деп жібермейді. Арада 12 жыл өтіп, Сталин қайтыс болғаннан кейін ғана елге оралады. Осыдан-ақ, Сауранбай ағаның еркін өміріне Кеңес әскери құпиялылығының кері әсері болуы мүмкін деген ой келеді.
Ауылға оралып, отбасын құрып, 11 баланы тәрбиелеп, қатарға қосты. Олардың барлығы да білімді, ұлдары құқық қорғау саласында қызмет атқаруда. Қазір осы әулеттен 39 немере, 40 шөбере тараған.
Соғыстан кейін бухгалтер, одан кейінгі жылдары пошта мекемесінің басшылығын жауапкершілікпен атқарды.
Сауранбай мергенмен ауылдас, ағайындас болып, көп әңгімелерін тыңдаған елге сыйлы азамат Алшынбай Тұртанов «Мерген» деген әңгімесінде Сауранбай ағамыздың портретін аша түседі. «Жарықтық Сәкең-ай, немістерден қаншама зорлық-зомбылық көрсе де, оларды еш жамандамайтын. Бұл оның тектілігінен болса керек» дей келе, теледидарда соғыс туралы кино көрсетілсе ақырын далаға шығып кететінін айтады.
– Соғыстың бір мақсаты бар. Ол – өлтіру, қыру, жою. Қазір неше түрлі соғыс жайлы кинолар бар. Ондағы оқиғалар шынайы өмірден алынбайтыны анық. Бұл фильмдер көп көрушінің соғысқа еті өліп, адамды атып тастаудан арланбайтын адамға айнала ма деп қорқам, –депті бір сұхбатында.
Расында, бейбіт күннің өзінде бірін-бірі өлімге қиған жастардың бойында осындай оспадар мінез бары ақиқат. Қаншама жыл қанды соғысты бастан кешсе де, адамдық қасиеттен арылмаған азаматтың ашылмаған құпиясы, айта алмай өзімен ала кеткен ащы шындығы бір төбе. Біздің айтпағымыз, қанымызға сіңген сұрмергендік қасиеттің ұрпақ бойынан ажырамай, келешек үшін қан кешкен ерлердің ерлік жолы дәріптелсе игі.
Мақпал МАРҚАБАЙ