Қара шал
Қаратау етегіндегі «Кеңес» (бүгінгі «Бесарық» ауыл округі) колхозында Исатай Топышев деген төраға болды. Аты алысқа озған, есімін ел ескерген ер еді. Қартайған шағында жұрт «қара шал» атап кетті. Сол кісінің мінезі қаталдығы сонша, алдын әйел түгілі, еркек адам кесіп өтпеген деседі. Тіпті бесікте жылап жатқан бала «Исатай» дегенде уанады екен. Бірақ мәселе оның қаталдығы емес, қанағатшылдығы, қоғамшылдығы еді.
Соғыс нәубетінде ауыл атынан майданға танк жасатып жіберген қайсар қазақ атанғаны да бар. Ең бастысы да ол емес, соғыстан кейінгі ауыр жылдары ауданнан Алматы барып, оқып жатқан ашқұрсақ студенттерді асханаға жинап, тамақтандырып, әрбіріне ақша беріп, «тек жақсы оқыңдар, елдің сенімін сендер арқалайсыңдар» деп аманаттап жүреді екен. Сол студенттер елге қайтқанда алдымен ортақ әкесіне айналған «қара шалға» соғып, жағдайын білетін көрінеді. Солардың бірсыпарасын мен көрдім, қасиетті қара шалды қара жерге қимайды. Міне, көпті ойлаған адамның есімін ел ұмытпайды.
Қаныбек Әбдуов.