№78 (8789) 1

01 қазан 2024 ж.

№77 (8788) 28

28 қыркүйек 2024 ж.

№76 (8787) 24

24 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031 
» » » Кенді елдің келешегі кемел

Кенді елдің келешегі кемел


Тарихтың қасірет-мұңын қатар арқаласа да жарқын келешекке үмітін жалғап, ата-баба қаны тамған жерге қайта қоныстанған ағайынның осы атамекенге ту тіккеніне биыл алпыс жыл болыпты. Туған жер мерейтойына орай «Қойнауы кенге толы құтты мекен, Байкенже – берекелі туған өлкем» атты мерекелік шараға ауыл халқымен бірге өздері сыртта жүрсе де елге деген сағынышын қанат қылып көмек-қолдауын аямай келе жатқан туған жер түлектері де арнайы шақырылыпты.


Жиналғандар алдында сөз алған аудан әкімі Мажит Самитұлы сөзін төмендегіше өрнектеді:
– Байкенже ауылы – өлке тарихымен сабақтасып жатқан шежірелі мекен. Бұл ауылдың қасиетті топырағында есімі жалпақ жұртқа танымал Қожамберді батырдан бастап нешеме ерлер ту тіккен, Серқұлдай Алаш қайраткерлері атқа қонған, Әли Еламановтай Еңбектің ерлерінің маңдай тері сіңіп, тәуелсіздік дәуіріне төрт аяғын тең басқан тұғырлы бесікті тарту етті. Осынау алтын бесікте бүгінгі күні сол жақсылардың ұрпақтары аяулы атамекенді аялы алақанда қадірлеп, өсіп-өніп жатыр.
Бүгінгі таңда Байкенже ауылдық округінде 1500-дей халық тұрады. Ауылда екі мектеп, Мәдение үйі, екі балабақша мен дәрігерлік амбулатория тұрғындарға қызмет көрсетеді.
Ауыл көшелерін абаттандыру және жарықтандыру бойын­ша 9 млн теңге қаржы бөлінсе, өткен жылы 72 млн теңге қаржы бөлініп, ауылішілік жолдар жөнделді. Қожамберді және Сіргебайұлы атындағы көшенің жарықтандыруына қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылды.
Бүгінгі мерекелік шараның да өз мәнінде өтіп жатуы ел ынтымағының арқасы, ауыл ақсақалдарының бабалар үрдісінен жаңылмаған береке-бірлікті ту еткен жөн-жобасының жарасымды үлгісі дер едім. Тарихи тұлғалар түлеп ұшқан қасиетті өңірдің келешегі бұдан да кемел болсын, – деп ізгі тілегін жеткізді.
Келесі кезекте осы ауылдың әлеуметтік-экономикалық өсіп-өркендеуіне лайықты қолтаңбасы бар бірнеше азаматты Алғыс хатпен марапаттады.
Әкім марапатынан соң облыстық мәслихаттың депутаты, республикалық «Қожамберді батыр қорының» президенті Жорабек Ибрагимұлы өзінің жүрекжарды лебізімен бөлісті. Ол таяуда ғана ауылда ашылған жаңа мектепке жергілікті халықтың Алаш қайраткері Серқұл Алдабергеновтың есімін беру туралы мәмілелі ұсыныстарының аймақ басшысынан қолдау тауып, енді заңдық ережеге сай жұмыстар атқарылып жатқанын хабардар етті.
Осы ауылда білім алып, түлеп ұшқан, бүгінде ірі кәсіпкер, облыстық мәслихаттың депутаты Бақдәулет Махашевтың да ықылас-пейілі осы бағытта көрініс тапты. Бұл азамат та атамекенге қолынан келген көмегін үзбеуді өзін өмірге келтірген аяулы жандардың алдындағы борышынан бір де кем емес, бойтұмарындай санайтын болмысымен көңіліндегі көрікті лебізін бүгіп қалмады.
Мерекелік шара барысында ел ағасы, Байкенже ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Балтабай Серкінбайұлына «Ауданның Құрметті ардагері» медалі табыс етілді.
Мерейтой аясында осы ауылдың түлектері – бүгінде облыстық мәслихат депутаты Жорабек Нұрымбетов пен республиканың түрлі өңірлерінде қызмет атқарып, кәсіп көкжиегінен таныла білген қадірменді азамат – Серік Дүйсеновке «Байкенже ауылының Құрметті азаматы» атағының берілуі көңілдерге өзгеше әсер сыйлады. Мұны елжанды азаматтардың өздері де мойындайды. Жан толқынысын жасыра алмаған Серік Алтанұлының «Бұған дейінгі қажырлы еңбегімнің өтеуіндей Шымкент, Кентау қаласының Құрметті азаматы атанған қошеметтің қасында туған жерімнің берген бағасының әлдеқайда қастерлі, биік екенін сезініп толқып тұрмын» деуі жиналғандардың көңілін ерекше елжіретті. Шынында, туған халқыңнан өткен сыншың да, қорғаның да жоқ.
Мерекелік шарада облыстық филармонияның әншісі Эльмира Қалқожаева әдемі әндерімен шашу шашса, кішкентай күйші Жанболат Бексұлтан «Балбырауынды» төгілдірді.
Бұл ауылда айрықша тілге тиек ететін жаңалықтар көп. Соның бірі – ауыл ортасынан жастар аллеясының ашылуы. Ауылға ерекше сән беріп тұрған алаңның қазығы өздерін туған жерге қарыздар санайтын перзенттік пейілден бастау алғанын айта кетуіміз керек. Кезінде осы шаруашылықты басқарып, елдің тұрмыстық және мәдени әлеуетін көтеруде қажырлы еңбек еткен Бейсенбек Ақылбеков деген азаматтың ұл-қыздары бүгін атамекеннен жырақта жүрсе де туған жерден тамырын үзбей, жүрек түкпірінде сақталған сағынышты жалау етіп атақонысқа жиі атбасын бұрып келеді. Бауырдың жайын, қарындастың қас-қабағын сергек көңілмен сезіну бір басқа, қолдан келгенше елдің еңсесін тіктеп, етекте қалмауына үлгілі үлес қосқанға не жетсін. Бейсенбек ұлдары Бекахмет, Бақытжанның осы алаңқайды тұрғызуға бастамашы болуының бір себебі осы .
Бұл азаматтардың ауылдағы қыз-бозбала, жаңа отау көтерген жастардың таза ауада рухани сейілдеп қайтуына жағдай туғызуға барын салғаны көрініп тұр. Жағалай ағаш отырғызылып, жасыл дарақ саясына орындықтар қойылыпты. Алаңқай іші жарықтандырылып, көрермен үшін ашық сахна, оның қатарында қазақы оюланған киіз үй орналасыпты. Онда кең отырып шай ішіп, сұхбат өткізуге болады.
Бұл жөнінде Бекахмет ағамыздың өзіне сауалымызды қойдық.
– Бұл алаңқайды 2019 жылы пайдалануға берген едік. Содан бері жыл сайын айналасына гүлдер отырғызып, көз қырымызды салып келеміз. Елдің игілігіне тапсырдық, енді ауыл жұртшылығы болып иелік етіп, ортақ мекенді орынды пайдаланса деген тілегіміз бар, – дейді Бекахмет аға. Өзі ауылдағы орта мектепті бітірген соң қаржыгер мамандығы бойынша Минскіде білім алған, көп жылдар министрлікте, республика қаржы саласында жауапты қызметтер ат­қарып, зейнетке шыққан ағаның балалық дәуреннің тәтті күндерін еске алып елжіреп, бойына тың күш, қайрат-жігер құйылғандай ерекше күйді бастан кешіп отырға­нын жасаураған жанарынан танығандаймыз. Сахнада шырқалған ауыл туралы әндер жүректі кернегенде көзге жас алмау мүмкін емес. Оның үстіне бұл кісілер жылы жаққа қанаты талып бір оралатын құс секілді алыстан келіп отыр. Ал біз ше? Ауылда жүріп ауылды сағынады екенбіз. Қолқа-жүрегімізді суырып алардай сырлы әуеннің құдіреті бізге соны ұқтырды.
Бұл ауылдың ерекшелігі, жағалай қоныстанған өндіріс орындарының тынысы атамекен тағдырымен бір бүтін са­бақтасып, жергілікті халықтың төл меншігіне айналып бара жатыр. Осында қазық қадағанына ширек ғасыр болған өндіріс ұжымдары да қойнауы құт мекенді өздерінң ырыс-несібесінен бөлек қарай алмаса керек. Мұны сөзінде өрнектеген «Байкен-U» ЖШС өкілі Ғайнулла Жарқынбаев:
– Ұлттық «Казатомпромның» бұл өңірге келгеніне 25 жыл болыпты. Сол кезеңдері ведомствоның жоспарлы міндетте­рін орындаумен қатар ауданның әлеуметтік-экономика­лық жағдайына да көп көңіл бөлініп келеді. Дариядан өтетін аспалы көпір салынды. Қорасан-1, Қорасан-2 өндіріс орындары игерілді. Өндірісте басым көпшілік ауылдың жас мамандары қамтылған, – деген ол бүгінгі мерекенің құрметіне ауылдағы ардагерлерге еліміздегі шипажайларға жолдама алып келіп отырғанын айтты. Одан әрі «Қызылқұм» ЖШС мекемесінің өкілі Жандос Оралбек сөз алып, бір мақсат, бір мүдде аясында тірлік жасап, табысқа негіз қалап келе жатқан жергілікті халықтың ынтымағына басшылық атынан рахметін жеткізді. «Қос тойың қатар келсін» дегендей, ертеңгі Қарттар күніне орай ауылдағы 25 ардагерге арнайы алып келген сыйлығын табыс етті.
Мұнан соң ауыл әкімі Нұрғали Оспанов сөз алып, қойнауы құт мекеннің тарихи тұлғалармен де танымал екенін тілге тиек етіп, төмендегі деректерді келтірді.
– Осынау қасиетті топырақта Қожамберді батыр және оның ұрпақтары Қайқы батыр, Серқұл Алдабергенов, Байтілес би, Қалкөз би, Шәймен ақын, Орал палуан., Байдалы – Бидаш, ғылым докторлары – Алтынбек Нұрәлиев, Бердібай Оңғарбаев, сол сияқты соғыс жауынгері, «Флоренс Найтингейл» медалінің иегері Рәзия Ысқақова сияқты батыр қыздарымыз шыққан. Осы атаулы күнде тарихты қайта жаңғыртып, ұрпақ жадында тірілтуді мақсат тұттық. Мазмұнды шараға алыстан ат терлетіп келген туған жердің азаматтарына алғысымыз шексіз, – деп өзінің атынан ризашылығын жеткізді.
Мереке мазмұнына мән дарытып, рухани қуат сыйлаған халқымыздың ізгі дәстүрі – айтыстың ұйымдастырылуы болды. Сөз аламанына сайланып шыққан Мұхамедәлі Абдулла мен Азамат Тәуекелдің тарихи мекеннің шежіресін әбден зерттеп-зерделеп келгендері ә дегеннен көрініп тұрды.
Сөз сайысын бастаған Азамат Тәуекел:
– Бес жүз жыл бұрын билік еткен мұнда,
Хақназар хан елім деп еңіреген.
Қожамберді Құйысқансыз батырыма,
Хақназар хан қапысыз сенген екен.

Содан бастап батырдың төрт ұлынан
Осы халық көбейіп өнген екен.
Ташкент пен Түркістанды азат етіп,
Бұқардың хас батырын жеңген екен.

Жеңісіне риза боп Хақназар хан,
Осы алқапты батырға берген екен, – деп жырласа, Мұхамед те сөз төркінін ел шежіресіне бұрды:
– Маздасын осылайша жыр шоқтары,
Қожамберді сондай еді сын шақтары.
Өзінен артып туған жетеді екен,
Батырдың асыл текті ұрпақтары.

Алтын құрсақ аналар аман болса,
Білеміз сансыз батыр туыларын.
Ендеше, аман болсын, беу ағайын,
Байкенжем қараорын – шаңырағым.

Тарихты қозғап мына жөн айтқаның
Ақын боп біраз жерді гөлайттадың
Тарихты ақыры бір тірілткен соң,
Серқұлдай асылыңды неге айтпадың?

Бөкейханов бастаған ғұрыпында,
Алашорда бар еді ұлтымда.
Серқұл осы Алашты қолдаған ер,
Қолында Алаштың ақ туы барда.

Орынбор мен Түркістан съезінде,
Алашқа дауыс берген, гәп осында.
Мұстафа Шоқайменен жолдас болған,
Тар жол, тайғақ кешіп қырықында.
Серқұлов итжеккенге айдалыпты,
Сүйегі қалған Сібір жұртында.

Елі бірақ Серқұлды ұмытпады,
Мін болмаған тұлға деп тұрқында.
Ұлы істер қалдырған ұлтына,
У ішкен ұлты үшін ұлы тұлға! – деп жырға қосты.
Ақын осы орайда елді мекеннің не үшін «Байкенже» деп аталуының сырына да тоқталып өтті. Оны қара сөзбен баяндағаннан гөрі ақынның ұтымды ұйқастарымен келтірсек ол былай өрнектелді:
Байкенже – шежірелі тұнып тұрған,
Сыр суымен тал бойын шынықтырған,
Бес жүз жыл тарихы бар бұл ауылдың,
Оны бізге қалайша ұмыттырған?

Байкенже деген кісі пірәдарым,
Сауатын ашқан елдің құлып тұрған.
Ауылда мешіт пенен медресе ашып,
Ғылымды өркендеткен ұмыт болған.

Содан соң бұл ауылға атын беріп,
Халық келер ұрпаққа ұлық қылған.
Ең бастысы халықтың арқасы ғой,
Байкенженің осылай көктегені.
Байкенже өзің қара шаңырақсың,
Қадірің қара тастай Меккедегі!, – деп ауыл даңқын бір асқақтатып тастады.
Жеріңнің асты толған уран екен.
Есімің Сыр бойына ұран екен,
Дүниеде жоқ байлық осындағы
«Қызылқұм», «Байкен-U»-дан шығады екен.
Халықты жұмыспен қамтып отыр,
Бұл ауыл ауданымның тұмары екен.

Үйлерін уранменен жылытатын,
Еуропа осы ауылға құмар екен.
Байкенже уранымен орыстың да –
Спутнигі космосқа шығады екен.

Еуропа алпауыты Жапония,
Уранға кезекке тұрады екен, – деп ауылдың өзіндік табиғатын өлең шумақтарына арқау етті.
Мерекелік шара ауыл жастарының ұйымдастыруымен көкпарға ұласып, Байкенже ауылының тұрғыны Ербол Өскенбаевтың аты бас жүлдеге лайық деп танылды.
Бұл ауыл ауданда ғана емес, облыста волейболмен аты озық саналады. Осы күні Байкенже ауылының құрылғанына 60 жыл толуына орай КСРО-ның еңбек сің­ірген жаттықтырушысы Октябрь Жарылғаповты еске алу­ға арналған 2010-2013 жылы туылған жасөспірімдер ара­сында аудандық турнир өтті. Бірінші орынды «Байкенже» командасы, екінші орынды «Қандөз» командасы, үшінші орынды «Жаңақорған» командасы еншіледі.

Баян ҮСЕЙІНОВА
01 қазан 2024 ж. 274 0