№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

ТУҒАН ӨЛКЕМ!


Жаңақорған - бұл менің жұмақ далам,
Елдіктің туын қолдан құлатпаған.
Даңғайыр ел дәріптеп дәстүр салтын,
Қадамын әр қазақтың қуаттаған.
Өскелең ел өмірі өнегелі,
Сәбиін бесігінде жылатпаған.

Жаңақорған – мекені арыстардың,
Сұлтанбек, Нәзірлермен алыс бардым.
Бегайдарлар бел шешіп ұлтым үшін,
Елді біреу қорласа намыстандым.
Серқұлдай Алаш ардақтыларымен
Тағдырымда талаймен алысқанмын.

Жаңақорған – бесігі тектілердің,
Исатай, Сейілбектей ептілердің.
Сартаев Сұлтан туған өлке ғой бұл,
Солармен бұл күнге де жеттім еркін.
Қайраткерлер қаймықпай жүрген жолды,
Ұрпағымыз үлгі етсін деп тілермін.

Ұрпаққа бейбіт күнді берген ерлер,
Кеудесін жігер оты кернегендер.
Кешегі Ұлы Отан соғысында
Ерлік жолын көрсетіп ерлегендер.
Әнуар, Айтмағанбет батырларым,
Отан үшін от кешіп келген ерлер.

Халықпыз қасиетті тегі мықты,
Тегі мықты өлкенің жері құтты.
Еңбекші ел еңбектің туын жықпай,
Несібе, ырыс бізге төгіліпті.
Орынбай, Нақып, Қылышбай, Арапбектей,
Оннан аса Еңбектің ері шықты.

Әнмен, жырмен таңымды атырғанмын,
Әлшекеймен күй көшін шақырғанмын.
Бексұлтанның әніне далам балқып,
Шаймен, Құлан, Құтбаймен батылдандым.
Шаңырағы шайқалмай келеді әлі,
Дүр Манап пен Адырбек ақындардың.

Нұрберген жыр семсерін суырыпты,
Солар тіккен өнердің туы мықты.
Қалтай, Сейсен, Тынымбай, Төлепберген,
Дүкенбайдай дарындар туылыпты.
Жүздеген жүзден жүйрік шын дарындар
Ұрпағына қалдырған ұлылықты.


Есімдері айналған сан аңызға,
Бабалар ізі жатыр даламызда.
Жібек Жолы бойынан орын тепкен,
Тарихта тұр Сығанақ қаламыз да.
Тербелген текті өлкенің бесігінде,
Сан әулие, ғұлама, данамыз да.

Жақсы менен жайсаңдар жырымдағы,
Бізге бақ боп бұйырған мұның бәрі.
Соларменен әрдайым мақтанамыз,
Биікті бағындырып тұғырдағы.
Міне биыл 90 жыл болып жатыр,
Жаңақорған ауданы құрылғалы.

Жұртым оны тойлауға қам қылуда,
Ісімен төңіректі таң қылуда.
Ауданымның табысын жырға қосып,
Әр таңымның шабысын ән қылуда.
Атап өтіп ауданның 90 жылын,
Халқымыз рухани жаңғыруда.

Бақ-дәулет есігіңнен сығаласын,
Тауқымет салып тағдыр сынамасын.
Біздің туған өлкеміз міне осындай,
Туған жер қасиетін біл Алашым!
Жасай бер, жер жәннаты - Жаңақорған,
Тұғырың биігіңнен құламасын!

Әбілхайыр Әбілпатта.
16 қазан 2018 ж. 1 496 0