№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Үштөбелік ақсақалдың үш насихаты

Үштөбелік ақсақалдың үш насихаты


Үштөбе – Ұзақбай ағаның бүгінгі өмір сүріп жатқан мекені. «Әркімнің тұрған жері – Мысыр шаһары» дейді. Үштөбеге зейнетке шыққан соң, 2007 жылдары қоныс аударды. Бірақ бүкіл саналы ғұмырының терін сарқыған аяулы атамекені – Жаңақорғаны жүрегінің төрінде тұратынын айтады.


Әкесі 1942 жылы 25 маусымда елден әскери эшелонға тиелген 800 солдаттың бірі болып соғысқа аттанып кете барды. Совхоздың жұмысына жегілген анасы болса тұруға жарамай жатып қалыпты. Жұмыс қолы жетпей жатқан кез. Басқарма Ақылбек Қалберген деген тәуіпті алып кеп науқасты қаратқан екен, « келін қаңғыма жел деген кеселге ұшырапты, ғылымда оны бруцеллез деп атайды, бүкіл ағзаны жел буып тұр, жүкті ананың құрсағыңда жатқан сәби ұл болса жазылып кетеді» депті. Анасы ұл босаныпты. Сәбиге ат қоярға келгенде әжесі «Әкесі ұзақ жолға кетіп еді, жасы ұзақ болар ма екен?» деп есімін Ұзақбай деп қойыпты. Бұл 1943 жылдың қаңтар айы еді.
Кейін әкесі соғыстан аман-есен келіп, Икрам, Сәлима атты бір ұл, бір қыз дүниеге келді.
Осы тұста қарияға сауал тастадық.
– Осы Қыраштың тұсында Қайнарбұлақтың маңайында «Зекеннің диірмені» деген атау ел аузында жүр. Әкеңіздің осы диірмені туралы не айтып бере аласыз?
– Қыраш ауылынан тауға қарай кететеін 8 шақырым жерде әкемнің диірмен айналдырғаны рас. Ауыл азаматтары тегіс сонда барып ұн тарттыратын. Диірменнің егесі – екібасты жылан туралы естіп қалатын ем, өз басым он-он бір жасымда оны анық көрдім.
Әкем Зинабдин 1975 жылы, алпыс тоғыз жасында қайтыс болды. Денесінде күймеген жері қалмаған, соғыстың зардабын тартқан кісі ғой. Бұл кісімен майданда бірге болған қаруласы Ерман Әйтпенбетов айтатын: «Бірақ сол от-жалынның ішінде жүріп әкең намазын оқып жүрді. Талай сәждедегі кезін аңдып құйрығынан теуіп мазақ еткен орыстардан ақысын алып бердім. Сонымды қашан төлейсің? деген әзіл де болса шынайы уәжін есімнен шығарған емеспін. Ерекеңнің рухына бағыштап Құран аударып тұрамын.
– Сіздің ветеринария саласында озық қызметкер болғаныңызды білеміз. Сондай қиын кезеңде білім алуыңызға кім көмектесті?
– Анам аурушаң, жиі ауырып қала береді. Сонда да тірліктен қалмай жіп иіріп, бояп, тоқыған кілемін 310 сомға өткізіп, мені Алматыға оқуға жіберді.
Алматыдағы зооветеринарлық оқуға түсіп, оны бітірген соң жолдамамен Орал облысының Шыңғырлау ауданына жіберілдім. Бір жылдан соң жағдайымды айтып елге сұрандым. Алғашында Жаңақорған ветстансасында, одан әрі ветлабораториясында еңбек еттім. Қабатында Мәскеу ветеринариялық академиясына аспирантураға түстім. «Жас малдардың өкпе ауруларын санитарлық пункт жағдайында емдеу» деген тақырыпта диссертациялық еңбегімді 4 жылда тиянақтадым. 1980 жылы 14 қазанында қорғадым. Отбасының жағдайы, ауру анам бар, ауылдан ұзап кете алмадым. Бірақ ғылыми тәжірибелерімді аудан шаруашылықтарында кеңінен пайдалануға тырыстым. Соның нәтижесінде төл алуда жоғары жетістерге қол жеткізілді. Озық тәжірибелерім облыс шаруашылықтарына таратылды. Естеріңізде болса, ғылыми Ізденісті тәжірибелерім туралы аудандық басылымға да жиі мақалалар беріп тұрдым. Осы салада тер төгіп 2006 жылы зейнет демалысыныа шықтым, - дейді ол.
– Ауылда ерлер арасында өтетін бұқаралық спорт жарыстарында Жасұзақ Аманбаев аға екеуіңіз ауданның намысын қорғап шараларға белсене қатысып жүретіндеріңіз есімде. Осы жөнінде айтып берсеңіз...
– Шахматтан 2007 жылы облыстық чемпионатта бірінші орын алып келдім, Екінші орынды Жасұзақ Аманбаев алды. Негізі шахматтың теориясын бала күнімнен үйрендім.
Қазір жасым сексеннен асты. Ата жолын ұстап құран оқимын. Құран Кәрімді 513-ші мәрте оқып жатыр екенмін. 2006 жылы үлкен қажылықты өтедім. Маған Әкбар қажылық нәсіп болды. Әкбар қажылық­қа дөп келгендерге жетпіс қажылықтың сауабы жазылады деген бар. Арапада жұма күні тұратындар Әкбар қажылықты атқарған болады. Бұл реттілік сегіз жылда бір-ақ рет келеді. Маған осы сапар нәсіп болды.
– Отбасында жолыңызды қуғандар бар ма?
– Ұлдарым Шайхасан,Рахманберді, Әбіласан кәсіпкерлікпен айналысады. Кенже ұлым қарашаң­ырақта ата-анасын бағып-қағып отыр.
– Сексен жасқа сергек жетуіңіздің сыры неде деп ойлайсыз?
– Оның сырын көп қимылдаудан деп ойлаймын. Осы күнге дейін жан күтіп жатқан емеспін. Қол еңбегінен әлі де қол үзгенім жоқ. Есік алды шаруашылықтан қалмас үшін қолда мал ұстаймын. Мал болған соң оған жем-щөп керек. Оны дайындап алуда орақ қолдан түспеу керек. Еңбек ету ең алдымен өзіңді ширықтырады. Арам теріңнен босатып, арқаңның құрысын жазады. Жанды жадыратады. Қолы бейнеттен босамағанның бейсар әңгіме, бостекі сөзге уақыты болмайды. Керек десең қара еңбек құлшылықтың өзімен бірдей.
«Бала-шағасына адал нан табудың қамымен күні бойы егіс даласында тер төгіп, төсегіне шаршап кеп құлаған еңбекшінің ұйқысының өзі құлшылық» деген тәмсіл бар. Жас буынға өз қажетін адал маңдай термен тауып, мағыналы тіршілік етуге насихаттауға үлкендер өз өнегесімен үлгі болуы керек.
Ақсақалдар болып жастар тәрбиесі, көше тазалығы, ел ішіндегі өзге де қоғамдық мәселелерде мүдде біріктіріп, ауыл басшыларымен ақыл-кеңесімізді бөлісіп отырамыз.
Халықтық менталитетіміз – үлкенді сыйлау, алдыға бел тұту мінез-дағдысынан ажырамағанда елдігіміз еңкеймесі анық. Алатаудың баурайына алғаш көшіп келген күннен бастап көрші-қолаң мұсылманша білім деңгейімнің қасиетін бағалап, осы күнге дейін алдымнан кесе өтпеуге тырысып келеді. Әруақ аттамау, өлінің разылығына кенелу сынды табиғатымыздан жаңылмаған екенбіз, әркімнің ата-анасын еске алып, рухын шат еткісі келетін пыйғылына мін түспеуі имандылықтың белгісі.
Ауыл имамының орынбасары ретінде де елмен етене араласып, көп оңды өзгерістерге куә болып келемін. Діні тұрмақ тілін ұмытып орыстанып кеткен бір бауырының болсын әсте-әсте мұсылманшылыққа келуіне ықпал ете алған сансыз сауапқа кенеледі. Елдің осындай ықыласынан күш-қуатымыз еселене түсер, бәлкім.
– Имани ілімнің көзін қайдан таптыңыз?
– Алдымен Әліпбиді әкемнен үйрендім, кейін Бектұрған молдадан сауатымды аштым. Горбачевтың кезінде дінге рұқсат етілді. Бой жасырмай кітап­ханаларды еркін аралап қалаған әдебиетті еркін салыстырмалы түрде оқуға мүмкіндік туды.
Мені әсіресе Ақсақ темірдің өмірі қызықтырды. Тұлға туралы терең зерттеулерден түйгенім, ол сопылар мектебінде білім алып, тәлімін бойға сіңірген екен. Оның өзі жаулап алған отызшақты шаһардың халқы мұсылмандықты қабылдағаны, оған сайыпқыран атауы берілгені, басты өкімі – «Құранды оқыңдар» деген өсиетке тірелгені жөнінде оқып білдім. Ал кеңестік үкімет тарихты бұрмалап жеткізетініне барынша көз жетті. Зейнетке шыққаннан бастап Ахмет Яссауи еңбектеріне де дендеп түрен салдым. Әлі де оқып келемін. Жазуды көзілдіріксіз еркін оқи алатыныма шексіз шүкіршілік етемін. Бұдан артық нығмет бар ма?
Жалпы, әлеуметке айтарым, көзіңіз бұлдырай бастаса, таныңыз, танымаңыз, Құран әріптеріне қарауды дағдыға айналдырыңыз дегім келеді. Қараған сайын көз жанарыңыз ашыла түседі.
«Санаң сергек, қимылың түзу, сөзің ширақ». Бұл – замандасым Асанәлі Әшімовтың маған айтқан қарата айтқан мақтауы. Бұл да маған Алланың берген нығметі. Бес уақыт намазымның бірін қаза қылмаймын. Бұл дағдыдыан болатын нәрсе емес. Бұл әрдайым санадан Алланы шығармау деген сөз. Бізді Аллаға жақындататын – Құран. Мен оны бала кезден жаттап өстім. Әкем тақуа кісі еді. Төрімізде кіл салих кісілер қонақ болды. Мен сол кісілерге шай құйып бердім, құлағымды тосып, әңгімелерін тыңдадым. Енді сол білгендерімді кейінгіге айтып көкіректеріне сәуле түсіргім келеді. Кім біледі, сол үшін есен-сау тірі жүрген шығармын.

Түйін: Ұзақбай Зекенұлы ағамыз ауылға әр келген сапарында көз көрген замандастарының отбасына арнайы соғып «достан-дуа» деген ұстанымынан танбай қариялық батасын беріп жүреді. Бұл кісімен қандай тақырыпта болмасын дискуссия қыздырып, көңілді күпті еткен сауалдарға нақты дәлелдермен жауап ала аласың. Соның барлығы қарияның көп оқып, көкірекке тоқығанының арқасы. «Білімдіге өріс кең» деп осындайда айтылса керек.
Хош. Бүгінгі сұхбатымызда дана кеудеден өрбіген үш өсиетін де өздеріңізге жеткізугге асықтық.

Баян АЛАУДИНҚЫЗЫ
27 тамыз 2024 ж. 1 364 0