№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Қазақ баспасының қарлығаштары

Қазақ баспасының қарлығаштары


Өткен ғасырдың басында қазақ даласына келген өркениет талаптары нәзікжанды қауымның да саяси сахнаға шығуына жол ашты. Білім мен ілімге ұмтылған бұрымдылар елдің өркендеу жолында ерге бергісіз қызметті де атқара алатынын сол уақытта дәлелдеді. Мәселен, қазақ қыздарының арасынан мұғалім, дәрігер, аудармашылармен қатар алғашқы журналист қыздардың легі қалыптасты. Біз бүгінгі мақаланы қазақтан шықққан тұңғыш тілші қыздарға арнауды жөн көрдік.
         ХХ ғасырда қазақ елінің ілгері жылжуына бар ынта-ықыласын арнаған зиялылармен есімі қатар айтылатын нәзікжандының бірі – Нәзипа Құлжанова. Ол қазақ қыздарының арасындағы алғашқылардың бірі болып жоғары білім алған, әрі қоғамдық шараларға етене араласқан, алаш арыстарымен үндес болған қазақтан шыққан тұңғыш журналист ару. Тынымсыз еңбегі мен қажырлы қайратының арқасында өзі өмір сүрген заманның қыздарын білмге шақырды.
         Торғайдағы Ыбырай Алтынсарин негізін қалаған орыс мектебінде білім алып, кейіннен әйелдерге арналған гимназияны үздік тәмамдаған қазақ қызы еңбек жолын ұстаздықтан бастайды. Қарапайым отбасынан түлеп ұшқан Назипаның болашақ жарын  ата-анасы таңдап, қалың малын да алдын ала алып қояды. Өз қалауынсыз отбасын құрудан бас тартқан қайсар қыз сол кездегі облыс әскери губернаторының көмегімен қалың малды қайтарып берген. Кейіннен өз теңін жолықтырып,  мектепте ұстаздық еткен,ағартушы Нұрғали Құлжановпен шаңырақ көтерген. Сол заманда әйелдер теңсіздігі мәселесін көтерген ол осы жолда бптыл қадамдарға барған. Елдің саяси-қоғамдық өміріне белсене араласқан арудың «Қазақ», «Айқап», «Сарыарқа», «Қызыл Қазақстан» және «Әйел теңдігі», «Алаш» басылымдарында мақалалары жарық көріп, өзін нағыз журналист ретінде таныта білді.
Мәліметтерге сүйенсек, 1922 жылы Сәкен Сейфуллин «Еңбекші қазақ» газетінің редакторы болып тағайындалған кезде, қоластына Нәзипаны шақырып, журналисттік тәжірибесінің орнығып, белді қызметкер болып қалыптасуына ықпал еткен. Нәзипа Құлжанова орыс және қазақ тілдерін жетік білгендіктен, Абай Құнанбаев пен Ыбырай Алтынсариннің шығармаларын орыс тіліне аударған. Сонымен қоса, қазақ оқырмандарына Лев Толстой, Максим Горький, Александр Куприн, Владимир Короленконың шығармаларын таныстырды. Бұл жөнінде Жүсіпбек Аймауытов «Айқап» журналына: «Біздің қазақта ұлтқа қызмет еткен әйелдің алды Нәзипа ханым болып шежіреде жазылуы тиіс» деп жазды.
Иә, Нәзипа Құлжанованың өзі бас болып, қазақтың тілші қыздарына журналистикаға апаратын сара жолды салып берді десек артық айтқанымыз емес. Одан кейін Нәзипа апамыздың ізбасарлары қалыптасып, журналистиканың пұшпағын илеген қыз-келіншектер қатарында «Қазақтың үш қызы», «Айқаптың арулары», «Кеңес заманының тілшілері» атанған журналист арулар бар.
Енді осы айтқан «Қазақтың үш қызы» кім еді? «Қазақ» газеті 1914 жылы Орынборда шығып тұрған кезінде редакцияда үш қыз жұмыс жасаған. Тіпті, үшеуінің бірге түскен суреттері де сақталған. Олар: Ғайнижамал Дулатова, Аққағаз Досжанова және Гүлайым Балғынбаева болатын. «Аққағаз Досжанова – қазақтың ішінен шыққан атақты қыздардың бірі. Аққағаз Батыс Алашорда әскерінің барлаушысы болған. Ол тұңғыш рет қазақ қыздары арасында толық дәрігерлік курсты бітіріп, «дәрігер, ғалым-зерттеуші» деген атақ алған. Түркістан орталық комитеті Қазақ автономиясы «Аққағаздың жұмыс істегеніне бір жыл толды» деп той қылып, атап өткен. Ал, Гүлайым Балғынбаева Германияда оқыған. Ұмытпасам, Мұхтар Мұрзиннің зайыбы болған. Ол кезде оқыған қазақ қыздарының «Алаштың» жұмыстарынан тысқары қалуы мүмкін емес. Әкесі патша үкіметінде үлкен қызмет істеген. Аққағаз да, Гүлайым да, Ғайнижамал да «Алаштың» бүкіл жазуларын қағазға түсіріп отырған». – деп жазады әдебиет зерттеушісі Тұрсын Жұртбай. Аққағаз Досжанова негізінен, медицина тақырыбындағы қалам тербеген. Одан бөлек, «Әйел теңдігі», «Абай», «Жас азамат» басылымдарына бұратана халықтың жай-күйі мен басындағы теңсіздігі жайлы өтімді мақалалар жазған. Мәселен, 1921 жылдың 11 қыркүйегінде «Степная правда» газетіне Аққағаздың «Түркістанда» деген мақаласы жарық көрген. Мақалада ел ішінде белең алған жұқпалы аурулардың қаупі туралы жазылған. Ал, «Қазақ» газетіндегі үш қыздың біреуі Міржақып Дулатовтың жары Ғайнижамал Досымбекова болатын.
Сондай-ақ, «Айқаптың арулары» атанған қазақтан шыққан журналист қыздар Сақыпжамал Тілеубайқызы, Мәриям Сейдалина және Күләйім Өтегенқызы жайында алаштанушы-ғалым Қайрат Сақ: «Журнал басшылығы ұлт баспасөзі тарихында тұңғыш рет қазақ қыздарын тілшілік қызметке тартады. Басылымда тырнақалды туындылары жарық көрген Сақыпжамал Тілеубайқызы, Мәриям Сейдалина, Күләйім Өтегенқызы – қазақ қыздары арасынан шыққан алғашқы журналистер. Олардың есімдерін ұлықтап, ел журналистикасына жаңалық енгізген ерен еңбектерін бағалау – уақыт еншісіндегі мәселе. Бір ауыз сөзге сыйдырып айтсақ, бүгінде еліміздің бұқаралық ақпарат құралдарында халыққа қалтқысыз қызмет етіп жүрген қазақ қыздарының алғашқы бастауы «Айқаптан» арна тартады» деп жазды.
Мәселен, Сақыпжамал Тілеубайқызы «Айқап» журналына озбырлықты, зорлық-зомбылықты айыптаған дүниелерін жариялады. Одан бөлек еркіндік, әйел бостандығы, өнер-білім секілді мәселелерді қозғады. «Айқапта» Сақыпжамалдың «Қазақ қыздарының аталарына», «Мұңдастарыма бір-екі сөз», «Ұзақ күткен үмітім һәм бас адамдарға бір-екі сөз» секілді мақалалары жарияланды. Осындағы 1911 жылы жарық көрген «Қазақ қыздарының аталарына» деген мақаласында Сақыпжамал: «Шариғат бұйрығынша, ер бала мен қыз бала тең болуға тиісті. Ер баланы артық көріп тәрбие қылсын да, қыз баланы кем көріп тәрбие қылмасын деген шариғат бар ма? Қыз баланы кемге тұтыну жаһиттік белгісі емес пе?», - деп жазды.
Сонымен қатар, қазақ журналист қыздарының көшбасшысының бірі - Мәриям Сейдалина. Ол белгілі заңгер Жансұлтан Сейдалиннің қызы. Жастайынан өлең шығарып, «Айқап» журналына ұлт жоғын жоқтаған мақалаларымен қатар, «Зарлау», «Көздер», «Тұр, қазақ!» секілді отты жырларын жариялаған. Қазақ зиялысы Сейілбек Жанайдаровқа тұрмысқа шығып, екеуі 1916 жылы Бірінші дүниежүзілік соғысқа аттанады. Ол жақта майдандағы қазақтарға қамқор болған қайсар ару майдан даласында дүние салып, Невель қаласында жерленген.
«Айқаптың арулары» атағын арқалаған тағы бір қазақ қызы - Күләйім Өтегенқызы.  Ол көркем-публицистикалық мақалаларымен көзге түсіп, «Қазақ қыздарына» деген жыр шумақтары «Айқапқа» жарияланғаннан кейін сол заманның қыз-келіншектері бостандықтарын бағалауға, білім алуға ұмтыла бастаған.
Ал, Кеңес заманының журналистері ретінде Сара Есова, Нағима Арықова, Алма Оразбаева, Шолпан Иманбаева мен Ләзиза Серғазинаның есімін ерекше атауға болады.
Сара Есова да Нәзипа Құжанова секілді еңбек жолын мұғалімдіктен бастады. Орынбордағы әйелдер педагогикалық училищесін 1919 жылы бітіріп, Қызылорда және Ташкент қаласында бала оқытты. Революциядан кейін партия ісіне араласып, 1920 жылдан бастап Ғани Мұратбаевпен бірге Түркістан комсомолы Орталық комитетінде қызмет істеген. Одан әрі 1922 жылы Жетісуға қоныс аударып, партия комитетінің органы «Тілші» газетін шығарды. Ал 1925 жылы «Әйел теңдігі» журналының (қазіргі «Қазақстан әйелдері») редакторы болып тағайындалды. Одан кейін Сараның өмірі саясатпен біте қайнасты. 1938 жылы Сара зайыбы Ораз Исаевпен бірге қамауға алынып, 9 айдай тергеу абақтысында отырды. Кейіннен Сараға Надежда Крупская араша түсіп, Сталиннің қабылдауында болып, «күйеуі үшін әйелі жауап бермейді» деп абақтыдан алып шықты. Ал жары Ораз 1939 жылы ату жазасына кесілді.
Тарихқа зер салсақ, 1920 – 30 жылдардағы газет-журналдарда Нағима Арықованың есімі де жиі кездеседі. Ол жүзге тарта мақала жазып, «Өкіл әйелдер не істеу керек?» деген атпен мақалаларын жинақтап кітап қылып басты. Нағима 1926 жылы Мәскеуде өткен «Жұмысшылар кеңесіне» Шығыс әйелдерінің атынан барып баяндама жасаған. Ол 1927 – 1932 жылдары Қазақ өлкелік партия комитетінің мүшесі, 1933 – 1937 жылдары «Әйел теңдігі» журналына басшылық етті. Отызыншы жылдары Кремльге хат жазып, Қазақ даласында болып жатқан жантүршігерлік азаптаулар жайлы баяндады. Сөйтіп, әділдік іздеген Нағима одан арғы қызметін сот ісі бойынша жалғастырған.
Қазақ қыздарының мұңын айтып, зарын жоқтаған, әйел теңсіздігі жолында күрескен журнаист арудың бірі - Алма Оразбаева. Ол Шығыс әйелдерінен шыққан талантты журналист болатын. Ол да Сара сияқты, Кеңес өкіметі орнаған күннен бастап, әйел теңдігі, жесір дауына қатысты мақалаларымен көрініп, қазақ әйелдерінің санасын оятуға тырысты. Алманың да журналистикадан кейінгі өмірі саясатқа арналды. Александр Затаевич Алма жайлы: «Оразбаева менің жұмысыма барынша ықылас білдірген және маған өте құнды деректер берген бөкейлік бірінші қазақ қызы болды», - деп жазған.
Сондай-ақ, қазақ журналистикасындағы алғашқыларының арулардың бірі Шолпан Иманбаеваның дүниелері «Еңбекші қазақ» газетінде жарияланса, жыр жолдары «Қызыл Қазақстан», «Жас қазақ», «Әйел теңдігі», «Лениншіл жас» басылымдарында жарық көрді. Айықпас дертке шалдығып өмірден ерте өткен Шолпан Иманбаева туралы Сәкен Сейфуллин «Еңбекші қазақ» газетінің 1926 жылғы санында: «Шолпан қазақтың алғашқы ақын қыздарының бірі еді. Ол кедейлердің арасынан шықты. Алайда далада жайқалған раушан гүліне айналды» деп жазған.
Қазақтың тағы бір талантты журналист қызы Ләзиза Серғазина еді. Әкесі Мешітбай зиялы адам болған. Қызын жастайынан оқу-білімге баулып, 14 жасында Павлодардағы ауыл мектептеріне мұғалімдер даярлайтын қысқамерзімді курсты тәмамдатқан. Ол алдымен мұғалім, кейіннен партия қатарына өтіп, Алматыдағы коммунистік жоғары оқу орнына түскен. 1933 – 1937 жылдары «Сталин жолы» газетінде әдеби қызметкер, жауапты хатшы, 1938 – 1949 жылдары «Социалистік Қазақстан» газетінде бөлім меңгерушісі,  1950 жылы «Қазақстан әйелдері» журналының жауапты хатшысы болып бекітілді. Ләзиза қазақ әйелдердің журналына жаңа леп әкеліп,  отбасы бақыты, бала тәрбиесі, әйел теңдігі тақырыбындағы мақалаларын жазды. Ләзиза Серғазина қазақтың белгілі ақыны Әбу Сәрсенбаевтың жары болатын.
Түйіндей келе бұқаралық ақпарат қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында қазақтан шыққан, журналистика тарихына алғаш түрен тартқан, тұңғыш журналист қыздар жайында қалам тербеуді тілші апаларымыздың ізбасары ретінде өзімізге міндет санадық. Өйткені, бүгінгі біздің атқарып жатқан қажырлы еңбегіміздің бастауы сонау Нәзипа Құлжановалардан бастау алады. Бұл жайлы алаштанушы-ғалым Қайрат Сақ: «...Бір ауыз сөзге сыйдырып айтсақ, бүгінде еліміздің бұқаралық ақпарат құралдарында халыққа қалтқысыз қызмет етіп жүрген қазақ қыздарының алғашқы бастауы «Айқаптан» арна тартады», - деп бір ауыз сөзбен түйіндеген.
Айсұлу Алданазар
30 маусым 2024 ж. 829 0