Шекер апа

Қазақтың классик жазушысы Ғабит Мүсірепов «Ана алдында өлім де мойынсұнады» деген екен. Бүгінде алып бәйтеректей жапырағын кеңге жайған әулеттің тамырын тереңге жіберіп, жарық күнде тіршілік жалғауына себепкер болған Ахметқызы Шекер апамыздың нелер қиын күндерді қайыспай көтере білген қажыр-қайратына ұрпағы болып бас иіп өтуге бармыз.
Әкесі Ахмет айналасына сыйлы, қолынан өнері тамған кісі екен, Қазан төңкерісінен кейін қазақ даласын сауаттандыру саясатын жүргізген өкіметтің саясатын қолдап қыз баласын оқытудан да кері тұрмаған. Қызы Шекер өздері тұратын Бөртескен аулында ашылған Тақыркөл мектебінде жетіжылдық білім алады. Әкесі өмірден озып, әрі қуғын-сүргін басталған отыз жетінші жылдардың зобалаңында оқудан қол үзіп, анасының қолын ұзартып колхоз жұмысына шығуына тура келеді. Соғыс басталып ауылда ер азаматтардың дені майданға аттануы ауылдағы бала-шағаның иығына көп ауыртпалық салғаны белгілі. Көктем шыға әйелдер өгіз арбамен жер жыртып, егін егіп, күзде піскен өнімді жинап алып колхоз қоймасына өткізуге тиіс болды. Жүгері егіп, одан талқан жасап, аш өзеккке талғажау еткендерін әжеміздің өз аузынан талай естігенбіз. Егін егуде су жетіспегендіктен сол жылдары апаларымыз қолдарына кетпен мен күрек ұстап, Сунақата каналын қазуға жұмылады. Қақаған қыс ортасында жер қатты, тоңды жібіту үшін алдымен қалың сексеуілді өртейді екен, содан соң жұмсарған топыраққа кетпен жүзі тиеді. Осы енапат жұмыстарды еңсерген қыз-келіншектер қатарында Шекер апамыз да бар еді. Ол кісі канал қазуда жоспарлы межесін асыра орындағандарға Мәскеуден келген сыйлық деп мата үлестірілетінін еске алып айтып отыратын. Елдің еңбекке деген ынтасын ояту мақсатында Нартай Бекежановтың талай келіп концерт қойған сәттері де кәрі кеудеден сыр болып төгілуші еді.
Сәйтіп Сунақата каналы бір жылда қазылып бітіпті. Құрылыста жүрген кісілердің көбінің жасы алпыстан асып кеткен кейуаналар, бірақ қайрат-күшін жиып көптің жарқын келешегіне деген сенімін таяныш еткен табанды тірліктерімен тылдағы тірлікке тірек бола біліпті.
Соғыс кезінде де жас өреннің көзін ашып, сауаттандырудың маңызына ден қойған үкіметтің тапсырмасымен елдегі көзі ашық, еті тірі жас талап қатарында Шекер Ахметқызы Шиелі ауданында ашылған үш айлық мұғалімдер курсында оқып, ауылдағы мектепке мұғалім болып орналасады.
Сол кездері Бөртескен мектебінде оқытқан шәкірттері қатарында Ертас Сейдеметов, Аман Нұрлыбеков, Өксікбай Гүлімбетов, Пірмахан Әбдуалиев, Мәнтай Әділбеков, Әмина Ибрайымова, Ұмытшақ Құрманәлиева, Ұлбосын Айдарғазиева, Ораз Ақынбеков, Таным Төлетаева сынды аға-апалардың да біразы өмірден өтіп кетті. Ұстаздары жайлы еске алғанда «Шекер апай жұрт басы қосылған жиындарда өлең айтатын, біз сырттан сығалап тұрып тыңдаушы едік» деген сөздерін талай естідік.
Ол кісі Халық қаһарманы Мұхтар Әлиевке де сабақ берген. Сексенінші жылдары әжеміз Алматыға барған сапарында шәкіртіне арнайы соғып, ол кісі ұстазын төрге оздырып құрмет көрсеткен екен.
1946 жылы соғыстан аман қайтқан жауынгер Махамбетов Мінуармен бас қосып екеуінен бес перзент өмірге келді. Үлкен ұлы Нұрғали 1947 жылы дүниеге келген. Ол кісі жоғары білім алып, аудан құрылыс саласында абыройлы қызмет еткен жан. Ұлды ұяға, қызды қияға қондырды. Одан кейінгі ұлдары Ерғали мен Серғали, қыздары Гүлдариха мен Салихадан тараған ұрпақтар халық қызметінің түрлі саласында абыройлы еңбек етіп жүр.
Әкеміз Маханбетов Мінуар соғыста алған ауыр жарақатының салдарынан жан азабын шегіп, ғұмыры қысқа болды. 1961 жылы бақиға озып кете барды. Шиеттей жас баламен қалған Шекер апамыз бүкіл қиындыққа төтеп беріп, балаларын ешкімнен кем етпей өсіріп, барлығына жоғары білім беруді мақсат етті. Бау-шарбағын адал еңбекке тәрбиелеп, өз маңдай терінен баян тапқан ұстаным иесі болып шығуына ұстаздық тәлім-тәжірибесін ұстын ете алды. Соның арқасында перзенттерінің бврлығы өнегелі, жұрт қызығарлықтай парасат иесі болып ер жетті.
Ұрпағының қызығына кенеліп, батасын берумен өткен Шекер әжеміз 2007 жылы 83 жасында дүниеден озды. Соңында 23 немере, 79 шөбере, 15 шөпшегі өсіп-өніп жатыр. «Ұрпағыңмен мың жаса» деген осындайда айтылса керек.
Асылында, ұрпақты адал еңбектенуге баулудың негізінде барлық құндылықтарға есік ашылатынын өз өмірімізден көріп жүрміз. Ары да, жаны да таза адам өзіне сансыз нығметтерді нәсіп еткен Алланы естен шығармай, тура жолдан бір қарыс қиыс кетуден өзін сақтай біледі. Ешкім міндеттеп, қатал қадағалауда ұстап отырмай-ақ сүйекке сіңген мінезімен, алдыңғы толқын ағалар жолымен алға басқан кейінгі толқынның келбетінен осындай ой түйдім. Шүкір, барлығы түзу бағытта өз арбасын өздері сүйреп, ақ-адал еңбегіне жалынған ата-ана жолын жалғап келеді. Солардың ішінде ерекше тоқталатын болсам, Астанада Әзірет Сұлтан мешітінде имам болған ұстаз, білімін шетелдерде жетілдіріп докторантураны тәмамдаған, бүгінде «Hickmet Travel» компаниясының жетекшісі Қуат Ерғалиұлының есімін ерекше айтқым келеді.
Жалпы Мінуаровтар әулеті ауданда жеке кәсіпкерліктің де қанат жаюына өздерінің ұсынықты да, заманауи жобаларға негізделген талабымен дем беріп келе жатуымен көпке үлгі.
Осындай игіліктің ту басында тұрған ерек тұлға, ерік-жігері ерлерден бір кем қадір-қасиетімен ағайынның аяулысына айналған Шекер апамыз егер тірі болғанда биыл 100 жасқа толады екен. Ардақтымыздың рухына тағзым етіп, өнегелі өмірін шырақ етіп ұстау – соңында қалғандардың асыл парызы деп білеміз.

Серғали Мінуарұлы

22 маусым 2024 ж. 729 0