№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Туған жерге туыңды тік

Туған жерге туыңды тік


Мемлекеттің дамуын айқындайтын алдымен ұлттың сапасы. Ал сапалы ұлт негізі сабақтастықта жатыр. Өткен тарихты ұмытпай, оның тағылымдық тұстарын жас өркеннің жүрегіне егу арқылы елшіл, мемлекетшіл ұрпақты тәрбиелеуге жол ашылады.


Еліміздің түкпір-түкпірінде туған жер түлектерінің өсіп-өнген жеріне перзенттік пейілінен осындай риясыз көңілдің шуағы төгіледі. Жақында Төменарық ауылында осы тектес тағылымды шараның куәсі болдық.
Тарихы тереңде жатқан, патша өкіметінің кезінен жағрапиялық карта­сында жаһан жаңалығының нышаны қылаң беріп, қырат-төбелерін темір сүйменнің ізі қыз-қыз қайнаған тіршілік­ке жалғаған Төменарық аумағы әлі де әлеуеті бекем киелі мекен.
Өткен ғасырдың алпысыншы жыл­дарынан бастап орыс переселендері келіп қоныстана бастағандықтан тұрмысы өзгеше өрнек алған бұл өлкеде сауат­тандыру ісі алдымен қолға алынуы заңды. Мектеп мұражайына қойылған жез қоңыраудың жиегіндегі «1874 жыл» деген таңба соны айғақтайды.
1900 жылдардан бастап жазық даланың өкпесін қос сызық көктеп өтіп шойын жол құрылысы басталған­да «Орынбор-Ташкент» бағытының бой­ын­да Төменарық станциясы қазығын тіктеп, қабатында су айдау мұнарасы бой көтер­ді. Тарихи мұра ретінде мұрты бұзыл­май сақталған еңселі ескерткіш қасиетті мекеннің тұғыры іспетті кеше мен бүгінді жалғап тұр.
Осынау көне де болса қос ғасырдың көпіріндей томаға тұйық, айрандай ұйып, түтіні түзу үшқан бекетте 4 мыңдай халық, оның ішінде оннан астам ұлт өкілдері тұрады. Кеңестік кезеңде дәулеті тасып, екінші тың ерлерінің атағы дүркіреген ірі шаруашылыққа айналды. Бәрі де қарақан басынан ел мүддесін биік қойған жайсаң азаматтардың арқасы. Туған жерге табан ақы, маңдай тері сіңген сүйегі асыл сол аға ұрпақтың ұлағаты текке кетпепті, ізін жалғап, үлгісін көрген адал пейілді перзенттері, бүгін міне, бас қосып, бағаналы елдің бағын ашар баянды тірлігіне әрдайым сүйеу болған ықыласты көңілдеріне көпшілікті тағы бір тәнті етті.
Төменарық ауылында өткен бүгінгі шараның негізгі себепкерлері – мектепті 1994 жылы бітірген түлектер өздері оқыған білім ошағы алдындағы тағзым алаңын жаңғыртып, еңсесін биіктетуді парыз санапты.
Өткенге шегініс жасасақ, төменарық­тықтар 2002 жылдың 5 қазаны күні мектептің 100 жылдық мерейтойын атап өткен болатын. Сол кезде өмірден өтіп кеткен аяулы ұстаздардың рухына құр­мет ретінде мектеп ауласына ескерткіш белгі қойылып еді. Биыл осы белгінің сыр­­ты сапалы материалмен қапталып, еңсе­сі жарқырай түскен ескерткіш маң­ай­ы­на жиналған ел ағалары, мектеп­тің ұстаздары мен оқушылары Тағзым алаңына гүл шоғын қойып, марқұмдарды еске алды.
Бүгінде есімдері елге әйгілі Жандарбек Мәлібеков, Мейірбек Молдабеков, Әуелбек Қоңыратбаев, Әбжан Құрышжанов, Құдайберген Жаңабергенов,Орынбасар Бәйімбетов, Оңғарбай Бердібаев, Алтынбек Нұралиев сынды профессор-академиктер білім алған қарашаңырақтың қабырғасында тарихқа тағзым ретінде өлкетану мұражайы жабдықталған екен. Шараға қатысушы қонақтар келесі сәтте осы мұражайға бас сұғып, жәдігерлермен танысты.
Мұражайдың бірінші бөлімі ел мен жер тарихына арналса, екінші бөлімінде Кеңес Одағының Батыры Александр Дмитриевич Романовтың бюсті және өмірдерегі жазылып қойылыпты. Бұл мектепте 1932-36 жылдары оқыған ержүрек солдат туралы сыныптасы Б. Досмаханованың естелігі сақтаулы. Батыр есімі өзі оқыған білім ошағына 1967 жылдан бастап берілген.
А.Д.Романов атындағы №53 мектептің залында жалғасын тапқан кеште осы мектептің шәкірттері – Мемлекеттік Елтаңбаның авторы Жандарбек Мәлібеков және Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мейірбек Молдабековтер бейнежолдау арқылы ыстық лебіздерін бөлісті. Одан әрі Астанадан келген қонақтар, туған жер түлектері ретінде ауылға демеушілік қолұшын созып келе жатқан Мұрат Еденбаев, Жәнібек Орынбасаров, Қалмахан Ақымовтар сөз алып, халық қызметінің түрлі саласында тер төге жүріп дәйім бір бүйрегі ауылға бұрып тұрар аяулы сезімнің асқақтығына бас иетіндерін де жасырмады.
Осы күні Төменарық ауылының да тарихын жан-жақты қамтыған «Ғасырдан асқан тарихы бар білім ордасы» және «Біздің уақыт» деп аталатын қос кітаптың тұсауы кесілді. Екі кітаптың да құрастырушысы жазушы, журналист, Төменарық ауылының түлегі Берік Бейсенұлы. Жақында ғана алпыс жылдық мерейтойын тойлаған қаламгердің есіміне ел-жұрты әбден қанық десек те болады. Еңбек жолын алғаш «Жас Алаш» газетінде бастаған оның «Айқын» республикалық басылымында айқын қолтаңбасы бар. Қазірде халықаралық «Ана тілі» газетінде бас редактордың орынбасары болып қызмет жасайды. Бірнеше кітаптардың авторы. «Ақпарат саласының үздігі», ҚР Мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері.
Ақпарат саласының сардарының төл журналистиканың туын нықтаудағы еңбегі өз алдына шамы жарқыраған шалғайдағы ауылдың тынысын тұлабойдан өткізіп, шала ұйқы болып жүрер елжанды азаматтың жүрегінен елге деген сағыныш бір кеткен емес. Анда-санда алатын демалысында өзгелер сынды шет елге саяхаттағаннан гөрі туған ауылға бір келіп кетуді аңсап тұратыны тағы бар.
Жұртшылықтың алдында жүрекжарды лебізін жеткізген қаламгердің пікірінен осыны түйдік. Ол бұдан төрт жыл бұрын мектепте басқосқан сыныптастарының елдік шараларға атсалысқанын, атап айтқанда, ауыл мешітін жаңа технологиямен қамтып, ауыл кітапханасына коворкинг орталығын жасақтап бергендерін тілге тиек етті. Мұның барлығы ұрпақ игігіне қызмет жасап тұр.
- «Тозған ел тарихын жаспен жазады, озған ел тарихын таспен жазады» дейді. Мына қос кітапты дайындап баспа бетіне беруде ауыл халқының көп қырына терең қанықтым. Енді алдағы уақытта ауыл тарихы жан-жақты талданып, құнды шежіресі қолымызда сақталып қалуына барлығымыз да мүдделі болуымыз керек, – деді.
Келесі кезекте Төменарық ауылының әкімі Бақытжан Айымбетов сөз алып, атамекен түлектерінің өнегеге толы қамқорлықтарына шынайы алғысын жеткізді. Кітапты құрастырып оқырман игілігіне табыстаған Берік Бейсенұлына жерлестері атынан рахметін айтып, Алғыс хат табыстап, иығына шапан жапты. Мектеп директоры Фархат Жантілесов киелі орданың қабырғасында келешек білімді ұрпақ тәрбиелеу бағытында сабақтастықтың мән-мазмұнына тоқталып, салтанатты шараға қатысушы қонақтарға арнайы соқтырылған «Төменарық» төсбелгісін сыйға тартты. Біраз жылдар білім ошағын басқарған, бүгінде мектептің педагог-психологы Алтынбай Мұстапаев:
– Әрбір істің оңға басуына алдымен ниет керек екен. Қолдарыңызға тиген кітап Мейірбек Молдабеков ағамыздың демеушілігімен қолға тиіп отыр. Мектепте атқарылар шаралардың барлығы ұжымның ауызбіршілігімен нақты нәтижесін тауып келеді. Алтын ұямызда білім алып, сонымен қатар азаматтық қасиеттерді бойға терең сіңірген туған жер түлектерінің қанатымен су сепкен қарлығаштай қамқорлықтарына қалың қауым куә болып қана қойған жоқпыз, осынау асыл мұратты ары қарай жалғау – әрбірімізге ой салып, жас кеуделерге сәулесін түсірсе екен деген тілегіміз бар, - деп кешті қорытындылады.
Келесі күні Төменарық ауылында мектептің 20 жылдық түлектері ауылдағы «Жастар аллеясын» жеке қамқорықтарымен қайта сәндеп, айналасын тазартқаны жөнінде тағы бір жақсы жаңалықты естідік.

Баян ҮСЕЙІНОВА

01 маусым 2024 ж. 332 0