№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Тарихқа тағзым


31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. ХХ ғасыр басындағы ашаршылық қуғын-сүргін – мыңдаған жазықсыз жандардың қаны мен көз жасына жуылған тәуменді тарихтың шерлі шежіресі. Бүгінгі ұрпақтың борышы – жазықсыз құрбан болған азаматтардың есімін ұмытпау һәм оларды мәңгі есте сақтау. Атаулы күннің қадірін арттырған рухани еске алу шарасы кенттегі «Ашаршылық пен қуғын-сүргін құрбандарына» арналған монумент алдында өрбіді. Әуелі ауданның зиялы өкілдері бастаған топ монумент іргесіне гүл шоқтарын қойып, марқұм болғандарды бір минут еске алды.


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Кеңес заманында өмір сүрген халықтарға «үлкен террордың» орасан зор қасірет әкелгені есімізде. Зұлмат жылдарда Қазақстанға КСРО-ның түкпір-түкпірінен бес миллионнан астам адам жер аударылды. 100 мыңға жуық азаматымыз қуғын-сүргінге ұшырап, соның 20 мыңнан астамы атылды» деген сөзінен аталған қасіреттің ауыр қайғысын аңғару қиын емес.
Көпшілік бас қосқан жиында «Қазақ тілі» қоғамы аудандық филиалының төрағасы Ізәтілла Нәрзілдаев сөз алып, қасіретті жыл­дардың тарихи әпсанасын сөз етті.
– Мемлекет басшысы қоғамдық сананы жаң­ғырту турасында айта келіп, «Тарих пен ұлттық дәстүр халықтың өткенін, бүгіні мен келешегін жалғайтын тұғырнама болып табылады» деп атап өткен болатын. Бүгінгі жаппай саяси репрессияның құрбаны болған адамдарды еске алу шарасы Қазақстан тарихының трагедиялық беттерін еске түсіруге мүмкіндік береді. Біздің алдымызда тарихи естеліктер феноменін сақтау міндеті тұр. Себебі тарихи дерекке көз жүгіртсек, қазақ даласы бойынша 100 мыңнан астам адам қуғындалып, 25 мыңы атылды. Миллионға жуық қазақ туған жерін тастап, босып кетуге мәжбүр болды.
1997 жылдан беріде Президент пәрменімен сағынта, сарылта жеткен азаттықтың ақ таңымен ақтаңдақ жылдардың құрбаны боп, «халық жауы» атанып кеткен арыстарды ақтау, арашалау дәуірі басталды. Біз жарқын өмір жолында елінің бірлігі мен болашағы үшін күрескен, тар жол, тайғақ кешкен қайсар бабаларды ешқашан ұмытпауымыз керек, – деді.
Мұнан кейін ауданның бас имамы Әбдіқалық Нәметов аруақтарға Құран бағыштады.
Шыны керек, мемориалда 147 кісінің тізімі жазулы тұр. Олар – жаладан толық ақталған­дар. Ал ақталып үлгермеген ақтаңдақ құрбанда­ры қаншама. Ендігі мақсат – сол есіл ерлерімізді тауып, заң аясында ақталуына қол жеткізу керек. Жиналған қауым осы мәселені көтерді.
ХХ ғасырдың ең қасіретті тұсының бірі – арыс­тарымыз жаппай қуғын-сүргінге ұшыра­ған кез. 1920-1930 жылдардағы алапат жұт пен ұжымдастыру саясатынан қырылған халық қызыл империяның қуғын-сүргініне ұшырады. Соның салдарынан ұлт қаймақтары шейіт болды. Бұл туралы ауданның құрметті азаматы Әзия Қыстаубаева тарқатты.
– Қоғамның тұтастығы қай кезде де ішкі татулық пен берекеден бастау алған. Ынтымағы жарасып, түрлі ұлыстың басын қосқан қастерлі қазақ топырағы бейбітшіліктің қара шаңырағына айналды. «Қиындық атаулыны жеңетін бір-ақ күш бар, ол – бірлік» демекші, ел басына күн туған замандарда халқымызды ұлт ретінде сақтап қалған ынтымағы мен бірлігі десек, артық айтпағанымыз болар. Қазақстандағы барша ұлт пен ұлыс көңілі дархан қазақ жұртына қашан да разы, – деді ақ жаулықта ана.
Иә, түйіндей айтқанда, кеңестік қызыл империя қазақтың мәйегін орып, жантағын жай­пады. Атылғандардың дені исі қазақтың бетке ұстар көшбастаушы, ағартушы, ұлт көсемі болуға лайықты Алаштың арда ұлдары еді. Қанша­ма зобалаң жылдарды бастан кешірген арда азаматтардың айтқан зары, кешкен мұңы, жүріп өткен тар да тайғақ жолы – ұрпақ жадынан өшпейді.

Мақпал МАРҚАБАЙ
01 маусым 2024 ж. 232 0