№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Тозақ отынан аман қайтқан

Тозақ отынан аман қайтқан


Сұм соғыс кімнің ошағын ойрандамады, кімді жетім, кімді жесір етпеді. Қаншама миллиондаған ата-ана үкілеп отырған жалғызынан айырылып, қалған ғұмырын құсалықпен өткізді. От пен оқтың арасынан аман келген майдангерлер әр жылғы жеңіс тойын тойлап жатқанда, соғыста болсадағы «Мен де соғыста болып қан төккенмін, сендер арпалысқан жаумен мен де соғысқанмын», – деп айта алмаған жандар да болды. Оларға тек Жеңістің 30 жылдығы мерекесінен кейін ғана соғыс ардагері статусы берілді. Онда да КСРО әскери архивінен құжаттары табылғандарға ғана. Сондай жанның бірі Қыраш ауылының тумасы, менің нағашым марқұм Әнешбек Баетұлы (Баязит) болатын.


Әнекең өте әңгімешіл кісі еді. Әңгімеміз көбіне түн ортасынан ауғанша созылады. Соғыс кезіндегі немістердегі тұтқын болған кездерін сұраймыз ғой баяғы.
1941 жылы соғыс басталғанда тау етегінде мал азығын даярлап жатқанбыз. 1942 жылдың 3 қаңтарында ауданда 1920, 1921, 1922 жылы туылғандар әскери комиссариатқа шақырылдық. Жиналғандар арасынан 120 адам таңдалып алынып эшолонға тиеп оңтүстікке бет алдық. Алдыңғы екі вагонда жаңақорғандықтар, соңғы екі вагонда шиеліліктер мінген. Біз мінген эшолон екі сөткеден аса жүріп Самарқанға келіп, осында жарты ай соғыс өнеріне үйрендік. Бәрімізді взвод, ротаға бөліп-бөліп тастады. Сөйтіп біз 6-армияның, 103-ші дивизиясы, 393 полкының құрамына алындық.
Бір күні түн ортасында бәрімізді шұғыл көтеріп, алғы шепке бет алдық. Мен Самарқанда жүргенде пулеметпен атуды үйреніп меңгергенмін. Таң ата шепке жеттік. Жауынгерлер қалың қарды аршып, сол жерде окоп қазып орналаса бастадық. Екеуара, үшеуара бір винтовка.
Жан алып жан беріскен шайқас түс қайтқанша жалғасты. Олар сол күні төрт рет шабуылға шықты. Екі күн айқастан соң үшінші күні соғыссыз шегіне бастадық. Осы күннен бастап біздің майда отрядтарға бөлініп шашыраңқы соғыс жүргізуімізге тура келді. Алғаш соғысқа кіргенде әскерде 240 мыңнан астам жауынгер болса, апта өткенде небәрі 20 мыңнан сәл ғана асатын солдат қалды. Осылайша наурыз, сәуір, мамыр мен маусым айларында басымыз ауған жаққа жүріп, жолшыбай кездесіп қалған неміс солдаттарымен шайқаса жүріп ақыры шілде айының басында немістердің тосқауылына тап болдық. Жан дәрмен бекініс жасауға кірістік. Командиріміз майор орыс жігіті барлауға баруға 30 адам еріктіні шақырды. Өзекті жанға бір өлім. Нар тәуекел деп алға шықтым. Бас аяғы 40 сарбаз бір лейтенантпен барлауға кеттік те дивизиядан қалған бір полктен астам жауынгер сол жердегі тоғай арасындағы алаңқайда қалды. Айналасы 4-5 шақырым қашықтықты шолып, екі селоға да кіріп шықтық. Село қаңырап қалған. Үш сағаттан астам бос сандалып қайтып жауынгерлер қалған жерге келдік. Қыбыр еткен жан жоқ. Алаң ортасында 200-ден астам солдаттың өлі денесі. Осылай аңтарылып тұрғанымызда қалың тоғай ішінен андыздап неміс жендеттері шыға келді. Қолымызда қару болғанымен патроны жоқ. Міне осылайша тұтқынға түстік, – деп Әнекең қалың күрсініп жатып қалды.
Тұтқынға түскен бұларды айдап апарып өзге тұтқындарға қосады. Бәрі сол 6 армияның жауынгерлері. Қасында 393 полктан мен және Сүлеймен Бекенов, 593 полктан құттықожалық Омар Тойымбетов пен көлтоғандық Құлманов Жұмаділла және басқа да отыз шақты қазақ бар. Жалпы қарасы төрт мыңдай тұтқынды бірнеше күн айдап «Король» деген лагеріне жеткізеді. Адам төзгісіз жағдайда күнделікті әр барактан 10-15 адам өлетін көрінеді. Бірнеше күннен кейін бұларды бірнеше топқа бөліп басқа лагерлерге жібереді.
Соңғы қалған топ аттанарда «Түркістан» легионының басшыларының бірі Қанатбаев келіп тұтқындар арасында қалған 4 қазаққа мұнда қалса аштан өлетінін айтып, тірі қалатын жерге орналастырамын деп лагерь бастығынан сұрап алып, сол маңдағы бір жерге атбегі етіп орналастырады. Село ішінде бұлар еркін жүріп тұрады да жергілікті коммунистермен байланысып партизандарға қосылады. Партизандар үнемі жорықта, оларда алғы шеп жоқ. Қайда, қашан, қай жерде неміспен кездесеріңді білмейсің. Бір орында 5-10 күннен артық тұрақтап тұрмайды.Бұлар 1943 жылдың қазан айында югослав партизандарына барып қосылады, Бұл Иосиф Броз Титоның бірінші партизан бригадасы екен. Осы бригаданың бірінші батольоны, бірінші ротасы, бірінші взводында пулеметчик кейін 76 миллеметрлік зеңбіректе зеңбірекші болып жылдан аса жүргенде де бір оқ тимепті. Қаншама неміс гарнизоны мен автокөлік пен поезд өтетін көпірлердің күлін көкке ұшырады. 1944 жылдың қараша айының соңына бригада Совет жауынгерлерімен кездеседі. Арада үш күн өткенде бригадада соғысып жүрген кеңестік тұтқын жауынгерлерін бір жерге жинайды да Болотон көлі жанындағы лагерде төрт айдан астам ұстайды.
Төрт жүздей жауынгерді тергеу басталады. Мұны бір қазақ капитаны тергейді. Қайдан білгені белгісіз оны Қанатбаевтың қамқорлығымен атбегі болғандығы әшкереленіп, Мұстафа Шоқайдың құйыршығысың, Власовшы сатқынсың деп 25 жылға соттап Хабаровск өлкесіне этаппен айдайды. Бұл 1945 жылдың сәуірі екен. Бұлар Хабаровскде ағаш дайындайды, белгіленген нормадан артық істегендерге қосымша тамақ беріледі. Жастайынан қарулы болған ол күніне 1,5-2,0 норма орындайды, басшылар жұмысты жақсы істесеңдер ертерек қайтасыңдар деп үміттендіреді екен. Ағаш дайындауменайналысып жүргенде ол өздерін күзететін күзетшілер арасынан қосүйеңкілік Мыңжасар Жүнісовті танып қалады да ретін келтіріп онымен жолығады. 1942 жылдың ақпанынан туған жермен байланысы үзілген бұларға хат жазуға, рұхсат жоқ. Арада он жыл өткен. Мыңжасар Қырашқа Әнешбектің тірі екендігін хабарлап хат жазады.
«Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі», «Көресіңді көрмей көрге кірмейсің» деген халық даналығы осы Әнекең секілді жаны сірі, оқ пен оттың арасынан өтіп келген, әке-шешесінің өшкен үмітін қайта маздатқан, мұндай жандар қандай құрметке де лайық.
Олар Сталин өлгеннен кейін1955 жылдың аяғында түрмеден босап елге оралады. Араға 14 жыл салып елге оралған Әнешбек колхоздың орталық қоймасында қоймашы болып істейді. Осы қоймашылықты 1982 жылы зейнет демалысына шыққанша атқарады.
Жетпісінші жылдардың ортасына таман, яғни 1973 жылы нағашыммен соғыста бірге болып, немістердің қолына бірге түскен, кейінірек тұтқында болған нәубат күндері туралы «Қазақ тұтқыны» атты кітап жазған Сүлеймен Бекенов ағамыз оның өміріндегі қара дақтан тазаруына көмектесті. Ол Әнешбектің бар құжатын жинап, Ресейдің сол кездегі Подольск қаласындағы КСРО-ның әскери архивіне жіберіп, 1974 жылы оның 1943-1944 жылдар аралығында Югославия партизан отрядтары құрамында неміс-фашистерімен соғысқанын анықталады. Оның ақталып – Ұлы Отан соғысы ардагерімен құқығы теңескені жөнінде арнайы жауап-хат, құжат келді. Содан кейін ғана ауылдастарыда, оның азаматтығы мен адалдығына күмәнмен қарайтындардың үні өшті.
1956 жылдың басында үйленіп шаңырақ көтереді. Зайыбы Тұрсын екеуі 10 ұл-қыз өсіріп тәрбиелеп, олардан немере сүйді. Соғыс пен тұтқында болып, тозақ отынан аман шыққан майдангер 2008 жылы 86 жасында бақилық болды. Әнекең 1986 жылдан өмірінің соңына дейін ауыл тұрғындарын имандылыққа шақырып ауыл имамы болды.Тіршілігінде кісі ақысын жемеген, ғайбат сөз айтпаған қарт солдат жаны аппақ қардай таза жан еді.

Ерубай ҚАЛДЫБЕК,
ҚР мәдениет қайраткері,
Жаңақорған ауданының құрметті азаматы

07 мамыр 2024 ж. 453 0